Коронавирус • 17 Наурыз, 2020

Карантин: Елорда тұрғындары нені білуі керек?

1550 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл 19 наурызда сағат 00.00-ден бастап елорда аумағында карантин енгізу туралы шешім қабылданды. Бұл дегеніміз – шектеу мен бақылау шаралары қауіпсіздік мақсатында күшейтілетін болады. Қолданылатын шаралар туралы қала әкімі Алтай Көлгінов баяндады.

Карантин: Елорда тұрғындары нені білуі керек?

Елордада карантин кезінде қолданылатын шаралар:

• Автовокзалдардағы қалааралық автобустардың қозғалысына тыйым салынады.

• Елорда аумағына кіріп-шығатын жерлерде шектеу қойылады.

• Барлық кіріп-шығатын жерлерде көлік түрлері үшін коронавирустық инфекцияға күдікті адамдар немесе жұқтырған адамдарды анықтау үшін қосымша пункттер орнатылады.

• Сауда ойын-сауық орталықтарындағы азық-түлік дүкендері, көлік жуатын жерлер мен дәріханалар ғана жұмыс істейді. Қалған сауда нүктелері уақытша жұмысын тоқтатады. Қаладағы 12 ірі сауда ойын-сауық орталығы жұмысын уақытша тоқтату туралы шешім қабылдады.

• Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы уақытша шектеледі.

• Барлық ұйымның басшыларына қызметкерлердің 70 пайызын қашықтан жұмыс істеуге немесе еңбек демалысына шығару Президент тарапынан ұсынылды. Бұл коммуналдық, құқық қорғау және арнайы органдарға, медицина қызметкерлеріне, қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін басқа ұйымдарға қатысты емес.

• Сауда ойын-сауық орталықтарында және коммуналдық шаруашылық, тамақ өнеркәсібі, қоғамдық тамақтану жерлерінде, халыққа қызмет көрсету орталығында, вокзалдарда, әуежайларда, қонақ үйлер және тағы басқа орындарда санитариялық, дезинфекциялық режим күшейтілді.

• Медициналық тексеруден өтуге және емделуден бас тартқан, карантин режимін сақтауға бейжай қарап, эпидемологиялық жағдайды және тағы да басқа жағдайларды анықтау үшін қолында бар мәліметтерді жасырған кісілерге бақылау күшейтіледі және оған жауапкершілік бар екенін ұмытпау керек.

• Қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша қала аумағында патрульдік бақылау күшейеді.