Кеселдің кесірі кімге көп тиді?
Аустралиядағы Kwinslende Koala Blue Tours тур агенттігінің директоры Билл Эгертон індет салдарынан ақпан айындағы барлық турлар мен брондар тоқтатылғанын, бизнесінің 10-20%-ын қытай нарығы құрайтынын айтып қынжылуда.
– Менің ойымша, Федералдық үкімет табыстың жоғалуын, бұл жағдайдың бизнеске кері әсерін түсінбейді. Саябақтар, қонақүйлер, авиакомпаниялар зардап шегуде. Қытай − шетелдік туризмге тікелей ықпал етіп отырған ел, − дейді Билл Эгертон. Аустралияда зардап шеккен жалғыз туроператор емес. Көп жағдайда қарасы қалың қытайдың жеке-дара емес, топтасып саяхаттайтынын ескерсек, олар бағыт алған кез келген туристік мемлекет айтарлықтай пайдаға кенелетіні түсінікті. Қытайлық туристерді қабылдауға машықтанған елдердің қатарында Таиланд, Вьетнам, Оңтүстік Корея және Жапония сынды мемлекеттер бар. Эпидемиядан келген залалдың ауыр салмағы да осы елдерге көбірек түсіп отыр. Азия-Тынық мұхиты аймағындағы елдер әдетте Қытай жаңа жылы қарсаңында саяхатшылардың 75%-ын қабылдайды. Биыл эпидемия ушықпай тұрып тапсырыс көлемі 1,3%-ға төмендеді. Артынша індет өршіп, халықаралық деңгейде тыйым салынған бір аптадан кейін табыс 15,1%-ға дейін кеміген.
– Азия-Тынық мұхиты аймағы Қытай саяхатшылары үшін ең үлкен бағыт болғандықтан, айтарлықтай шығынға ұшырап отыр, − деді ForwardKeys зерттеулер жөніндегі вице-президенті Оливье Понти.
Әсіресе Таиланд біраз шығынға батайын деп тұр. Тай турагенттері қауымдастығының президенті Пракобгосол Вичиттің айтуынша, ақпан мен наурыз айларына жоспарланған 1,2-1,3 миллион қытайлық саяхатшының сапары эпидемия салдарынан тоқтатылған. Туристер ағыны күрт азайғаннан кейін Бангкок, Пхукет, Чиангмай және Паттайя сияқты негізгі туристік бағыттардағы көптеген туристік компаниялар шығынға белшеден батты. Тіпті біразы жабылуға мәжбүр болды.
Паттайядағы круизде кешкі ас дайындаумен айналысатын All Star Cruise Pattaya және Oriental Sky компаниялары 1 ақпаннан бастап қызметтерін уақытша тоқтататынын мәлімдеді. Жыл сайын All Star Cruise компаниясы күніне 300-ге жуық қытайлық туристке тамақ дайындаса, Oriental Sky 5-6 мың қонақты тамақтандыруға машықтанған. Енді бұл компанияларға жағдайдың тұрақтанғанын күтуден басқа амал қалмай отыр.
Әлемді шарпыған індет салдарынан осы уақытқа дейін Таиланд шамамен 3 млрд доллардан қағылды. Бұл елдегі туризм басқармасының губернаторы Юттасак Супасорнның айтуынша, ақпан мен сәуір аралығында Қытайдан Таиландқа брондалған рейстердің 80%-ы тоқтатылыпты.
– Шамамен 3 млрд доллар (93,6 млрд бат) шығынға ұшырадық. Туристік саладағы жағдайды қалпына келтіру үшін үш-төрт айға жуық уақыт қажет болады, – деді туризм басқармасының губернаторы.
Қытайлық туристер Таиландқа ғана емес, Жопонияға да тайлы-тұяғымен жиі барады. Токиодағы Kamome тур агенттігі таратқан ақпарат бойынша, бұл елдегі туризмнің 27 пайызын Қытай туристері құрайды екен. Коронавирустың екпіні үдемей тұрған жыл басында 20 мыңнан астам қытай турисі саяхаттарын кейінге қалдырыпты. Осыдан кейін бұл елге де індеттің салқыны тиіп жатқанын аңғара беріңіз. Екі жыл бұрын Жапонияға 9,6 млн-ға жуық қытай турисі келген екен. Әрбір үшінші саяхатшы да қытайлық екені анықталып отыр. Былтырдың өзінде қытайлық туристер 15,6 млрд доллар (1,7 трлн иен) көлеміндегі қаражатты Жапонияның қазынасына қалдырып, жалпы туризмнен түсетін табыстың 36,8%-ын құраған.
Биыл туризм саласы тұралап қалған Макаоның да тамтығы қалмайын деп тұр. Макао туризм жөніндегі мемлекеттік басқармасы 2019 жылмен салыстырғанда биылғы жаңа жылдың алғашқы төрт күнінде құрлықтағы туристер саны 75,1%-ға қысқарғанын айтып дабыл қақты. Шығыс күнтізбесіндегі жаңа жыл қарсаңында Қытаймен шекараны жауып, негізгі табыс көзінен қағылып отырғаны тағы бар. Десе де құрлықтағы казиноларды жабуға әлі асықпайтынын мәлімдеп отыр.
Халқы шамамен 51 мың адамды құрайтын Солтүстік Мариан аралдары әдетте Қытайдан күніне 700 турист қабылдайтын. Бұл құрлықта келушілерге уақытша тоқтау салынды. Бұл ретте Мальдив, Микронезия және Солтүстік Мариан аралдарына да туристік тоқырау басталғалы тұр.
Жер шарының туристері жиі жиналатын Еуропа, Америка және Ұлыбритания сынды тартымды елдерге қытайлық келушілер санының кемігені мұндағы елдердің туризм саласына айтарлықтай ықпал етпесе де, белгілі бір деңгейде салқыны сезілуі мүмкін. Бұған дейін RFI Француз қоғамдық радиостансасында тараған хабарда Франциядағы Қытай турагенттер қауымдастығы (ACAV) жыл сайын келетін 2 млн-ға жуық қытай турисінің ағыны азаятынын айтқан еді. Оған негіз де жоқ емес. ACAV дерегіне сәйкес осы жылдың бірінші тоқсанында тур жолдамалар саны 33%-ға төмендеген.
Әуе компанияларының шығыны шаш етектен
Таяуда Ұлыбританиядағы Flybe әуе компаниясы коронавирустың салдарынан өздерін банкрот деп жариялады. Бұл компанияда 2 мыңнан астам адам жұмыс істеген. Connect Airways консорциумы былтыр Flybe әуе компаниясына 135 млн еуро көлемінде инвестиция салды. Соған қарамастан келушілер санының кемуі әуе кемесінің шығысын ақтай алмаған. Flybe бұған дейін Еуропаның 85 қаласына ұшып, Ұлыбританияның ішкі рейстерінің 38%-ын орындаған болатын. Жыл сайын 8 млн-ға жуық жолаушы тасымалдап келген Flybe енді барлық бағыттарын тоқтатуға мәжбүр.
Flybe індеттен іркіліп қалған жалғыз авиакомпания емес. Air France-KLM (AFLYY ) әуе кемесі де ақпан мен сәуір аралығында жолаушылар санының күрт кемігеніне байланысты табыс көлемі 216 млн долларға азаюы ықтимал екенін хабарлаған болатын. Жалпы айтқанда әуе кемелерінің әлемдік индустриясы орасан шығынға ұрынып отыр. Соңғы 10 жылда болмаған трафиктің төмен деңгейі соның дәлелі.
Туристерді орналастыратын қонақүйлердің жағдайы да мәз емес. Marriott қонақүйінің басшылығы таратқан ақпаратта Азия-Тынық мұхиты аймағында келушілер азайғаны айтылды. Сонымен қатар Оңтүстік Корея мен Италиядағы Marriott қонақүйлеріне тоқтаушылардың қатары да айтарлықтай кемігені туралы мәлімет бар.
Өткен айда Hilton қонақүйінің басшылығы Азия мен АҚШ-қа баратын қытайлық саяхатшылардан броньдары төмендегенін айтқан еді. Туризм саласындағы тәжірибесі мол, капитал қоры қалыптасқан ірі компаниялардың өзі абдырап қалған кезде орта иә болмаса шағын бизнес өкілдеріне тықыр таянатыны түсінікті. Мұндай жағдайда бәсекелестіктің сілемі сезілмек түгілі, жай ғана жабылып қалмай күнелтудің қамы басымырақ болады.
Қазақстандық компаниялардың халі қалай?
Туризм саласындағы соққы біздегі туристік фирмаларға да айтарлықтай зиян келтіріп отыр. Мәселен, «Саят» турагенттігің туризм бөлімінің басшысы Айжан Жолдыбаеваның айтуынша, ресми түрде Хайнанға баратын барлық турлар тоқтатылды.
– Наурыз айында Париж қаласына 35 бала баруы керек еді. Эпидемия салдарынан оны да шегеруімізге тура келді. Әдетте жыл сайын көктемнің алғашқы айында шетелде демалушылар саны артатын. Биыл жағдайдың күрт өзгеруіне байланысты барлығы тоқтап тұр. Былтырғымен салыстырғанда тапсырыс көлемі 70-80 пайызға кеміді. Бұған қоса, халықтың қаржылық жағдайы төмендегендіктен бе, тұрақты түрде «5» жұлдызды қонақүйге тапсырыс беретіндердің өзі орташа деңгейдегі отельдерді таңдаумен шектелгенін көріп отырмыз, – дейді А.Жолдыбаева.
Оның айтуынша, қазір Қазақстаннан Хайнанға және Таиландқа баратын чартерлік рейстер толық тоқтады. Бұған дейін Қытайға брондалған, иә болмаса сатып алынған турлардың қаражаты толығымен иелеріне қайтарылды. Елімізде індет салдарынан шетелге шығуды кейінге қалдырып, өз еріктерімен тапсырыстарын қайтарып жатқандар көп.
Әлемдегі экономистер мен сақа сарапшылар коронавирустың қаупі сейілмесе, алдағы уақытта туризм саласына келетін шығын еселене түсетінін хабарлауда. Қытай тарапының бұл індеттен құтылу жоспары, ұстанатын саясаты қандай болмақ? Бұл турасында география ғылымдарының докторы, профессор Секен Адайдан сұраған едік. Оның айтуынша, Қытайдың әлеуметтік төтенше жағдайларда қарсы тұру қуаты мықты. Бұған дейін жинаған тәжірбиесі мол.
– Қытайда 2003 жылы SARS вирусы тараған болатын. Бұл вирустың салдарынан елдің туризм саласы айтарлықтай зардап шеккен еді. Сол жылы мамырдан қазан айына дейін туризм саласы шығынға белшесінен батты. Кейін Қытай нарықты екшеп алуға көшті. Қазіргі жағдайда да Қытайдың мемлекеттік туризм мекемесі тиісті салалармен үйлесімді жұмыс істей отырып, қажетті шараларды қабылдауға кірісіп кетті. Бұл елде қазір сыртқы туризм тоқтап тұр. Ендігі мәселе ішкі нарыққа көңіл бөлу. Мысалы, ішкі туризммен айналысатын кәсіпкерліктің салығын кешіру, мемлекеттік субсидиялар беру, туризм саласында жұмыс істейтіндерді әлеуметтік қамсыздандыру сынды ынталандыру шараларын қолдануда, − дейді С.Адай. Оның айтуынша, Қытайда мереке күндері яғни «алтын апталықта» мемлекеттік бюджет жеке қарастырылады. Мысалы, шаған мерекесі кезінде үйінен жырақта жұмыс істеп немесе басқа да жағдайлармен жүрген қытайлықтар отбасымен қауышады. Бұл кезде Қытайдың логистика саласына жауапты органдары мерекеге орай арнайы жоспар әзірлейді.
– Өткен жылы шаған мерекесінде Қытайдың әр өңірінен 5 млн адам қатынаған. Ең қызығы, қай бағытқа барса да, жолаушылардың ешқайсысы билетсіз қалмайды. Қауіпсіздік толықтай қамтамасыз етіледі. Мемлекет бюджетіне түсетін табыс та артады. Демалыс кезінде халықты үйде жатпай, саяхаттауға, көбірек қыдыруға мемлекет ынталандырады. Ірі сауда орталықтары мен базарлардың жұмысы қыза түседі. Қытай үкіметі коронавирустың беті қайтқаннан кейін ішкі туризмді дамытуға білек сыбана кіріспек. Бұған толық мүмкіндігі бар, – деді С.Адай.
Әлем елдеріндегі туристік дағдарыстың салқыны Қазақстанды да шарпығанын жоғарыда айтып өттік. Бізге қытайлық саяхатшылар ағылып келіп жатпаса да, Ресейден келетін туристердің легі бәсеңдеуі ықтимал. Себебі экономикалық жағдай көрші елдің қаржы саласын қос өкпеден қысып отыр. Оның үстіне елдегі туризм саласы айтарлықтай дами қойған жоқ, мол қаржылық табыс әкеліп жатыр деп айта алмаймыз. Онсыз да енді жетіліп келе жатқан секторды бұл жағдай тығырыққа тіреуі әбден мүмкін.
С.Адайдың айтуынша, ел Үкіметі алдағы уақытта ішкі туризмді дамытуға басымдық беруі керек. Жасыратыны жоқ, жыл сайын миллиардтаған қаражат шетелдік туризмді дамытуға жұмсалып жатыр.
– Біздегі турфирмалардың барлығы тек шетелге турист шығарумен айналысады. Ал шекара асып жатқан қаражатты ішкі туризмді дамытуға бағыттасақ, бұл саланың тамырына қан жүгірер еді, − деді география ғылымдарынын докторы.
P.S.: Туризмді дамыту арқылы өңірлік экономиканы жетілдіруге зор мүмкіндік бар. Бұл үшін санда бар да санатта жоқ талай бағдарлама әзірленді, қаншама қаражат бөлінді. Тиісті инфрақұрылым дамымағаннан кейін туризм саласында сең қозғалған жоқ. Нәтиже көзге көрінетіндей емес. Ендігі үміт өз нарығымызды өзімізге икемдеуге толайым бет бұру. Сыртқа кеткен ақшаны ішкі туризмге жұмылдыру экономикалық тұрғыдан аса тиімді. Бірақ қызмет көрсету сапасы шетелдердегідей деңгейге жете алар ма екен?! Біздегі қарапайым қоқыс жәшігі мен әжетханасы жоқ туристік бағыттар шетелде демалып әдеттеніп қалғандардың көңілінен шықпайтынын ескерсек, ішкі туризмнің бәсекелестікте бәсі төмен екенін амалсыз мойындауға тура келеді.