Қазақстан • 18 Наурыз, 2020

Жұқпалы дертті жұқтырғандар артып барады

1582 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше таңертең Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп Алматыда жұқпалы дертті жұқтырған үш науқастың анықталғанын хабарлады. Оның айтуынша, 2018 жылғы кішкентай қыз бала «Берлин – Минск – Алматы» ұшағымен 13 нау­рызда келген. Ол қазір Алматы қаласындағы балалар инфекциялық ауруханасына жатқызылды. Ал қалған екі науқас – 10 наурыз күні Мәскеуден ұшып келген, бірі 1956 жылғы, екіншісі 1966 жылғы азамат.

Жұқпалы дертті жұқтырғандар артып барады

Іле-шала түске қарай Ден­саулық сақтау министрі Елжан Біртанов Нұр-Сұлтан қаласында бірден індет жұқ­тырған 14 науқастың тір­келгенін жеткізді. «Бұл нау­қастар тәртіп бойынша карантинге жатқызылып, олармен байланыста болған барлық азамат анықталуда», деді министр.

Сондай-ақ Е.Біртанов Бас санитарлық дәрігердің жа­ңа қаулысымен қауіпті мем­лекеттердің қатары қайта қа­­ралып, өзгергенін айтты. Атап айтқанда, бүкіл азаматтар карантинге жатқызылуы тиіс 1 «А» санатындағы мем­­ле­кеттерге Франция, Иран, Италия, Испания және Гер­мания енгізілді. 1 «Б» са­натына Қытай, Корея және бүкіл Шенген айма­ғындағы мемлекеттер жат­қызылды. Бұл елдерден келген азаматтар міндетті түрде үй ка­рантинінде болуы керек. Министр бұл елдерден келе­тін шетел аза­маттарының елімізге кіруіне тыйым са­лынғанын да атап өтті. Ал 2-санаттағы Филиппин, Қатар, Үндістан, Біріккен Араб Әмірліктері, Ұлыбритания, Әзербайжан, Таиланд және АҚШ-тан келетін азаматтар медициналық мониторингке алынады. Сонымен қатар осы қаулы бойынша еліміз­дегі бүкіл медициналық ұй­ым­дарға, әлеуметтік меди­циналық ұйымдарға және интернаттарға карантин ен­гізіледі. Мұндайда бұл мекемелерге тек өз қызметкерлері ғана кіруге рұқсат. Бұған қоса министр санитарлық дезинфекциялау күшейтілетінін де айтты.

Нұр-Сұлтан қаласы қо­ғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова елордада коронавирус жұқтырған 14 науқаспен байланысқан адамдардың тізімі жасалып жатқанын хабарлады. «ЖРВИ-мен елордада стационарда жатқан әйелдің отбасындағы бір адам Гер­маниядан келген болатын. Байланысқан адамдар ретінде оны бақылауға алдық. 16 наурыз күні әйелдің бойынан клиникалық белгілер байқалғанда, бірден ауру­ханаға жатқызылып, тексе­рілді. Бүгін коронавирустық инфекция анықталды», деді ол Орталық коммуникация­лар қызметіндегі онлайн брифингте.

С.Қисықованың айту­ынша, Оңтүстік Корея мен Ита­лиядан келген 4 қазақ­стандық та 16 наурызда рейс­тен түсіріліп, оқшауланған. Енді олармен байланыста болған адамдар анықталуда. 14 адамның 5-еуі қаладағы инфек­циялық блоктың ста­цио­нарында жатқан. Қалған 9 адам да ауруханаға жат­қызылды. Бұлардың барлығы Қазақстанның азаматтары. 5 кісі еліміздің өзге өңірлерінің тұрғындары болса, біреуі Нұр-Сұлтанда уақытша тұрып жатқан, ал енді бірі елор­да тұрғыны.

Түстен кейін қайтадан шұ­ғыл хабарландыру жа­саған Д.Ахметшәріп вирус жұқтырған тағы 5 адамның тіркелгенін жеткізді. Оның 4-еуі Алматыда, 1-еуі елордада анық­талған. Кешегі жағдай бойынша Алматыда коронавирус жұқтырғандардың саны 15 адам болса, елордада 18-ге жеткен. Жалпы еліміз бойынша 33 науқас тіркеліп отыр.