Тарих • 18 Наурыз, 2020

Жазылбек деген қойшы болған

2056 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Бұл жазбаны «Жазылбектің жұлдыздары» деп атауға да болар еді. Өйткені ол кісі түсінде жұлдыз көрген, жұлдыз оның мәртебесі, жұлдыз оның жан тазалығы. Таңертең ерте төсегінен атып тұрып: «Бәйбіше, түсімде аспандағы жұлдыз біткеннің бәрі кеудеме қонақтап тұр екен» депті. «Сабыр сақта, қара қойыңды бағып жүре бер. Қолың таза ғой» дейді көнтерлі бәйбіше қосағының кең маңдайына көз астымен қарап.

Жазылбек деген қойшы болған

Жазылбек қолын кірлетпеген пенде. Тақуа десе де болар еді. Өтірік айтып, көлгірсуді білмей­тін. Үнсіз тыңдап отырып бір-ақ кесетін. Басшы да, қосшы да бі­лікті қойшының білгірлігіне тәнті боп тәк тұратын.

Ол Сталин қылышынан қан тамып тұрған 1948 жылы Социа­листік Еңбек Ерінің алғашқы Алтын Жұлдызын кеудесіне тақ­ты. Қаракөл қойын баптап өсі­ріп, қаракөл елтірісін молынан алып, «Айдарлының» атын ас­панға шығарды. Қаракөл о заманда қат еді. Генералдар мен Саяси бюро мүшелерінің ба­сында қоқырайған папах пен қаракөл жағалы пальто, жағасы жайлауда жүрген шіркіндердің үстіне ілгені шетте қалған Мо­йын­құмнан шыққан еділбай қойы­ның елтірісі еді.

Жазылбек бала күннен шамшыл, әр нәрсеге қолын былға­май кірпияз болып өсіпті. Түбіт мұрт шағында, көмекші шопан болып жүр­генде, қыстауға ауданнан уә­кіл келіпті. Аға шопан алдынан өтіп, бір қойдың алқымын өткір пышақпен орып жібергеннен кейін қазанда былқылдап қайнап жатқан етке қарап тәбеті шауып, темекі түтінін танауынан ыт­қытып тұрған уәкілге қарап: «Бұл етті сен жемейсің, мұны анау қорада шөпке жарымай маңы­рап тұрған қой жейді» деп, ала көзімен ата қарайды. Отта тұрған қазанды көтеріп апарып, он екі жілікті түгел бір қора қойға бөліп бергенде уәкіл: «Мұны ешкім естімесін. Тез шөп түсіріп беріп, қорасының төбесін бүтіндеңдер» деп көлігіне қарай тұра қашқаны ақиқаттан туған аңыз. Сорпа­ны итаяққа әкеп құйғанда жеті қазынаның бірі кеткен уәкілді арс етіп шығарып салып, сорпаны шылп-шылп жалағаны – өмір­дің суреті, шындықтан туған шынайы көрініс. Адамзат қорық­қа­нын сыйлайды. Содан кейін уәкіл атаулы осы бір дембелше келген, орта бойлы, мығым қой­шыдан сескеніп жүрсе, оның қолы­ның тазалығы мен не істесе де қо­рық­пай істейтін батыл әрекеті атын шығарды. Жазылбек есімі жал­пақ жұртқа жария болды.

Ол қара қоймен бір туған қазақ еді. Жалшы болды дейміз, жалшы болып та жарытқан жоқ, бұл – бай мен кедейді теңестіру үшін қоғамдық құрылысқа орай айтылған сөз. Орташаның баласы, ешкімге алақан жайып нәпақа сұрамаған, малшынып тірлік істеп, өз күнін өзі көрді. 1928 жылғы колхоздастыру жеке жүрген жігіттің бетін бері бұрып, алдына мал салып, коллективті шаруашылық үшін ақ таяқты нық ұстады. Қойдың бабын жа­сады, еділбай тұқымының ер­теңін ойлады, жарық дүниеге шыққанда екі-ақ минут өмір сүрер қаракөл қозысына тірі жан ғой деп іші ашып тұрса да, оның терісі бұзылмай, елімнің ер­теңіне жарасын деп жанын шүбе­рекке түйді. Кәрі қойдың ішін жарып, қаракөл қозысын зақымсыз жарыққа шығарды. Бұл да екінің бірінің қолынан келмес тірлік. Қаракөл ғылыми-зерттеу институтының білімпаздары қой­шының осы тәжірибесін тақы­рып етіп алып, талайлар диссертация қорғап, ғылыми дәрежеге қол жеткізді.

1949 жылы бұрын беймәлім күріш деген дақылдың аты ас­пандап, Сыр бойында Ыбырай Жақаев есімді диқан елге жария болды. Алтын Жұлдыз таққан, өзінен бес жас үлкендігі бар дән сырына қанық адаммен жүз­десіп, өмір бойына аға тұтып өтті. Ағалы-інілідей болған текті көңіл­дердің бір-бірін үкілеп үн­десуі, ел мен жердің тағдырын айтып, болашақты барлау – дала­ның қос алыбы үшін бір-бірін көре алмаса тұра алмайтын қимас жақындыққа ұласты.

Жазылбек жиналыста сөйле­мей­тін. Сөз бере қалса: «Мен өзі сауаты жоқ адаммын. Менің шешімім мынау» деп, өткір пышақпен осып түскендей тоқе­терін бір-ақ айтатын. Айтқанда біліп айтатын. Қой тұқымын асылдандыру үшін оған жақсы жайылым мен күтім керек, құ­нарлы жем-шөп керек» деп ферма меңгерушілерінен ықпай, шын­­дықты бетке айтатын. СЖК деген асылдандырғыш дәріге о бас­тан қарсы болды. «Қа­рақ­­­­тарым-ау, жақсы әкеден жақ­­сы бала туады», «СЖК» деп қойға ине сұққанша, мүйі­зі қа­ра­ғайдай, піспегі біздей қош­­қар дайындаңдар. Қошқар­дың күтімі жақсы болса, қой ешқай­да кетпейді. Сонда қой семіз, қозының терісі бағалы болады. Үкілден (уколдан) туған қозы­ның терісі қотыр болып, бір күнге жетпей жидіп кетеді. Сосын қаракөл папах киіп, қара­көл жағасын көтергендер маза­ларыңды алады» деп бюрода да, айқай далада тұрып та шын сөзін айтып салатын. Бұл кісінің бір қасиеті – түзу сөзді басқадан жасыра алмайтын, бұлталақтамай пәтуаға жүгінетін.

1958 жылы еділбай қойын өсіру мен елтірі сапасын артты­ру­дағы қазақ шопанының мол тә­жірибесін бағалап, Кремль кеу­десіне екінші Алтын Жұлдызды тақты. Ол ешкімнен Жұлдыз дәметкен жоқ. Тек көрген түсін он алтысында бас қосқан көнтерлі бәйбішесіне сыр ғып айтты. Екінші Жұлдызды таққасын әкімқараларға: «Ата­ғын мен көрейін, рахатын сендер көріңдер» деп, екінші отаны – отарына жеткенше асықты.

Жазылбек қоғамшыл еді. Ол өзінің атақ-даңқын кіндік қаны тамған Мойынқұмды көр­кейтуге жұмсады. Бітпей жат­қан «сақалды» құрылыстарды бітіруге беделін салды, оның ішінде аудандық Мәдениет үйі де бар. «Ау, біздің балдарымыз неге жеміс-жидек жеп өспейді» деп, айтақырға жеміс-жидек сов­хозын ашу үшін аудан басшысы Айтбай Назарбековпен бірге міністірге кіріп, мәселені оңынан шешіп қайтты. Сөйтіп 220 гектар алма бағы өмірге келді. Бұл туралы кезінде «Правда» газетінде «Құмдағы бау-бақша» атты материал жарияланды. Сол жерде алқызыл галстук байлаған пионерлер лагері ашылды. Ауданды ауыз сумен қамтамасыз ету үшін облыстық атқару комитетінің төрағасы Сейілхан Аққозиевпен бірге республика басшылары­на кіріп, ел-жұртын өмір нәрі­мен сусындатуға септігін тигіз­ді. Ал­маты мен Мәскеуге «ЯК-40» ұшты. Ауданнан астанаға айыр­­план ұшыру бұрын бол­маған жағдай. Аудан басшысы С.Назарбеков Жазекеңді алға салып, шалғай ауданның жол қатынасының қиындығын дәлел­деп, үкіметтен көмек сұрады. Сөйтіп қос қанат көкке самғады. Адам үшін, ауыл қазағы үшін бұдан артық қуаныш бар ма екен.

Ел адамының мұқтажы біткен бе? Ол алдына келіп, шаруасын айтқан жерлес-жұрағаттың сөзін жерге тастай алмайтын. Қолы қысқаларды емдетті, оқуға түсе алмай беті қайтып жүрген зерделі жасөспірімнің жолын ашты. Тек жаманатқа ұшыраған арам қолдардың ісіне араласпады, адал қолын былғаған жоқ, жіңішке жолға түскендердің бетін тіліп, тауын шағып отырды.

Жазылбек бір перзентке зар болды. Қолға қондырған ұл – Бейсеннің орны бөлек. Бұл өзі жаратылысы бөлек адамдардың пешенесіне жазылған сыбаға ма дерсің. Жетпіске келген жасында еміреніп, бір перзенттің жөргегін иіскеу мұң болды. Аға деп алға ұстаған Ыбыраймен сырласты. «Сізге Құдай қос перзент берді. Біреуін соғысқа бердіңіз, біреуі қолыңызға су құйып жүр» деп жіңішке мұң айтты. «Аяқтан, Жазылбек, аяқтан. Сен анау тоқсанында тұқым қалдырған Өкіреш найманнан кемсің бе? Сен жалайырсың. Жегенің қой­дың семіз еті, ішкенің майлы сорпа. Жазылбек атың бар», деп арқа­­сы­нан қақты. «Заман қалай қарар екен?» деп қоғамдық құры­­лысты, өзінің мемлекет адамы екенін де еске алды. «Пер­зент үшін ешкімнің мәселесі қарал­майды. Екеуміз бірге барып Қонаевпен сөйлесеміз. Перзент қамын бір білсе, сол біледі», деп тоқетер тоқтам айтты.

Жазекең батыр тұлғалы мы­ғым адам. Жасында қазақша күрес­ке түсіп, қатар-құрбыларын басы­нан асыра лақтырса, көкпар тарт­қанда жұлып әкетіп әр үйге салым тастап, олжаға қарық қы­лады екен. Осы болмысы бө­лек жан жетпісінде жас тоқал­мен некесін қиды. Некесі қиыл­ған күн­гі шай үстінде даусы жарық­шақ­тана шығып, жұмыр сөйледі: «Шаңырақта шың еткен артық дыбыс шықпасын. Мен екеуіңе де жетемін». Кеңқолтық бәйбіше көзіне тік қарады, тоқал болса ысылы басылмаған самауырға қарай ысырыла түсті. Болыскей шәйнек шоқ салған самауырдың төбесінен төніп тұр... Тоғыз ай, тоғыз күнде егіз ұлды болып, кеудесінде та­ғы қос жұлдыз жарқырады. Ас­­пан­дағы көп жұлдыздың екеуі тағы да көкірегіне құлады. «Тәубе!» деді күбірлеп. Біреуінің есімін Ыбырай ағасы арнайы ке­ліп, «той той­лап жүрсін» деп Той­шы­бай қойды, біреуін «Өзім сияқ­ты қойшы болсын» деп өзі Қойшыбай деп ныспы берді. Енді қара қойшы­да арман жоқ. Екеуін басқан ізін қалт жібермей, көзден таса қылмай өсірді. Қос көкөрім түбіт мұрт жігіт болды. Екеуі мектеп бітірген күні асыра сілтеуде погон таққандардың астамшылығын көп көрген көне көз қос перзентін жетелеп Дін­мұхамед Қонаевқа келді. «Қонай бала (ел ағасын еркелетіп осы­лай атайтын), екеуін де соттың оқуына түсір. Құдай біле­ді, менен туған бала әділ сот болады. Көресіні солардан көр­дік қой» деп нық сөйледі. Диме­кең тоқсанға тақаған дала адамы­ның киік көңіліне рахаттана бір күліп алып: «Жазеке, біреуі сот бол­сын, біреуі өзіңіз сияқты қой­шы болмай ма?» деп риясыз ақта­рылды. «Мұның да дұрыс екен. Менікі елеуреген көңіл, шалдың сөзі ғой. Қойды тастап, қайда кетеміз» деп сөзге тоқтап, бірін заң факультетіне, бірін Зоо­техникалық-малдәрігерлік инс­ти­тутына түсіріп қайтты. Қазір екеуі де Жазылбектің көзі, келген жұртқа «Ассалаумағалейкүм!» деп амандасар, алдыңнан шығып тұрар ат байлар ер-азамат.

Өткен ғасырдың 90-жылдары­ның аяғында Жазекең мөлтекте­тіп сыр бөлісер ағасы Ыбырайды іздеп Сыр бойына тартып кетті. Тоқсанға жетіп, кәрілік жеңген диқан мен қойшы тағы да беттесті. «Мен алыс сапарыма аттанып барамын, сен артымда қаласың. Екеуміздің айтар сөзімізді сен айтып жүр. Уақыт жеткенде не айтып, не қойғаныңды маған айтып келерсің», – деді қалжың­ның шылбырын босатып. Бұл – екеуінің соңғы сырласуы еді. Арада ай өткенде Ыбырай о дүниеге аттанды. Жазылбек «Ой, бауырымдап» дауыс салып келді. Қатары кетіп, көңілі ортайып қалды. Ел мен жердің ережесі де жаңаша бағытқа бет бұрды. «Мейлі, ұрлық болмасын, адамзат аш қалмасын. Құдай 32-ші жылғы нәубет пен 37-ші жылғы асыра сілтеуден сақтасын» деп көңілін тоқ санады. Бес жылдан кейін Жазылбек те мәңгілік мекеніне аттанды. Жер бетінен ақырғы көргенін ағасына айтып барды. Екеуі шүйіркелесіп қалғаны анық. Бұған рух куә. Олар бір-бірін түсініскен таза жүректер. Қайда жүрсе де ел мен жердің әрекетін ойлап әлек. Сонда екеуі қой мен күріштің қамын айтпады дейсің бе? Екеуі де Абай айтқандай, «ыс­тық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректің» адамы емес пе?

Жазылбек Қуанышбаев келер жылы 125-ке толады. Еске алып, қой­шының қасиетін кейінгіге ай­ту – ел парызы. Мәйіті аудан орталығына қойылған, келген-кет­кендер Құран бағыштап, гүл қойып жүр. Мойынқұмның дәл кіндігінде ақ таяқ ұстаған адамның мүсіні «қара қой бақ­қан қара қазағың мен боламын» деп, алысқа айбарлана қарай­ды. Мұражай­дағы мұрағаттар дүниеге қойшы болып келген пенденің келбетін айшық­таса, ерекше экспонат – ақ таяғы қой қайырып тұрғандай көрінеді. «Қойым қайырусыз қалмасын». Жазекең қайда отырса да осы сөзді қайталап отырады екен. Жақында сол жердің топырағын бастым. Қалың сексеуілдің арасында тұрып, өмірден Жазылбек деген қойшы өткенін білдім, табан ізіне тәнті боп қайттым.

 

Қуандық ТҮМЕНБАЙ

 

Жамбыл облысы