Қоғам • 18 Наурыз, 2020

Жұмыстан қысқарып қалғандар не істейді?

463 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында төтенше жағдай уақытындағы мемлекеттік қызметкерлердің және жекеменшік кәсіпорындардың еңбек мәселесі туралы баспасөз мәслихаты өтті.

Жұмыстан қысқарып қалғандар не істейді?

Жиын барысында Мемле­кеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова мемлекеттік аппаратқа халық тыныс-тіршілігінің барлық сала­сының үздіксіз жұмысын қам­тамасыз ету бойынша үлкен жа­уап­кершілік жүктелгенін жет­кізді.

«Қазіргі уақытта қызметтерді электронды форматқа көшіру бойынша мемлекеттік орган­дар­дың белсенді қызметінің арқа­сында азаматтар үйден шық­пай-ақ электронды түрде 80 па­йыз­дан астам мемлекеттік қыз­метті алуға мүмкіндігі бар. Бұл ретте азаматтардың мем­ле­кеттік қызметтерді қашықтан алуы, соның ішінде өтініштерді мемлекеттік органдардың Call-орталықтары және онлайн арқылы қабылдау үшін ақ­параттық жүйелер мен пор­тал­дардың үздіксіз жұмыс істеуіне ерекше назар аудару қажет», деді А.Жайылғанова.

Сонымен бірге ол ағымдағы жағдайға қарамастан, өз мін­деттерін күнделікті және адал орындап жүрген мемлекеттік қызметшілерге үндеу жолдады.

«Осы кезеңде біздің отан­дас­тарымыздың жайлылығы мемлекеттік органдарға байланысты. Алайда қазір мемлекеттік мекемелердің үздіксіз жұмыс істеуі үшін мемлекеттік қызмет­шілердің денсаулығын сақтауға көңіл бөлу де өте маңызды. Осы­ған байланысты ағымдағы жағдайға қарамастан, өз міндет­терін күнделікті және адал орын­дап жүрген мемлекеттік қыз­мет­шілерге үндеу жолдағым келіп отыр. Сіздерді Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымының жаңа коронавирустық инфекциясының алдын алу жөніндегі талаптарын қатаң ұстауға шақырамын. Осыған байланысты мемлекеттік орган басшыларын мемлекеттік қызметшілердің денсаулығын және күнделікті қызметтерді толық орындау қабілетін барынша сақтауға мүмкіндік беретін жағдай жасауға шақырамыз», деді ол.

Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі Біржан Нұрым­бетов қашықтан жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ немесе жұ­мысшыларына ақысы төленетін еңбек демалысын бере ал­маған шағын кәсіпкерлер қызмет­керлерін қысқартуы мүмкін екенін атап өтті.

«Бұл жағдайда біздің ес­кер­тетініміз, еңбек заңнамасы бойынша егерде жұмыс бе­руші өзінің жұмысшысын қысқартатын болса, ол туралы жұмысшыға бір ай бұрын ескертуі керек және де оған бір айлық жалақы көлемінде өтемақы төлеуі қажет. Жалпы, жұмыс істеп жүрген азаматтардың назарына мынаны айтқым келеді. Егер сіздер осындай жағдайда жұмыстан шығып кетуге мәжбүр болсаңыз, елімізде Мемлекеттік сақтандыру қоры жұмыс істейді. Әлеуметтік сақтандыру заңына сәйкес жұмыс істеп жүрген аза­маттар жұмыстан шығып қалса, оның шыққан себебіне қара­мастан, сол қордан алты ай бойы жұмысын жоғалтқанына қатысты әлеуметтік төлем алуға мүмкіндігі бар. Оның мөлшері сол жоғалтқан жалақының 40 пайызын құрайды. Бұл үшін жұмыстан айырылып қалған азамат Жұмыспен қамту орта­лығына барып жұмыссыз ретінде тіркелуі керек», деді
министр.