23 Тамыз, 2013

Жеңіл әрі қолжетімді жоба

284 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қызылжар өңірінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасына қатысуға тілек білдірушілер қатары жыл санап көбейіп келеді. Үкімет тарапынан осынау маңызды жоба қабылданғалы облыс орталығында жүзден астам нысан жөндеуден өтті.

Қызылжар өңірінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасына қатысуға тілек білдірушілер қатары жыл санап көбейіп келеді. Үкімет тарапынан осынау маңызды жоба қабылданғалы облыс орталығында жүзден астам нысан жөндеуден өтті.Биыл 90-нан астам өтініш түсіп, 60-ы оң шешім тапты. Бағдарламаның тиімділігін талмай түсіндіріп жүрген пәтер иелері кооперативі қауымдастығының жетекшісі Сергей Худяковтың айтуынша, соңғы екі жылда бұл мақсатқа республикалық қазынадан 1,5 миллиард теңге бағытталған. Тұрғындар жобалау-сметалық құжаттамада көрсетілген қаражаттың 3 пайызын жинаса, шығынның қалған бөлігі мемлекет есебінен өтеледі. Биыл Петропавл қаласында 19 көп қабатты үйдің шатырлары мен дәліздері қалпына келтірілсе, 110 көп қабатты тұрғын үйлердің техникалық зерттеуіне жергілікті бюджеттен 11 миллион теңге бөлінді.

Жобаның артықшылығын түсініп, жөндеу жұмыстарына қуана келіскен Мир көшесі №87-ші үйдегі 97 пәтердің тұрғындары қазір игілікті істің шапағатын көріп отыр. Жауын-шашынды күндері тұрғызылғанына жарты ғасырдан асқан баспананың төбесінен су ағып, әбден ығыр қылатын, іргетасы да шөге түскен. Бас мердігер қызметін атқарған «Петро Bilding» серіктестігі әбден тозығы жеткен үйдің шатырын қалпына келтіріп, қабырғалары арнайы жылу материалдарымен қапталды. Жертөледегі жылу жүйелері ауыстырылды. Өзге де жөндеу жұмыстары тап-тұйнақтай атқарылып, барлығы 18 миллион теңге жұмсалды. Мұнда негізінен зейнеткерлер мен аз қамтылған жандардың тұратынын ескерсек, өз күштерімен атқарып шыға алмайтыны бесенеден белгілі еді. Мердігер ұйым құрылыс сапасына кемі үш жыл кепілдік берсе, тұрғындар жеңілдетілген несиені 15 жылға өзара бөліп төлейтін болады.

2011-2020 жылдарға арнал­ған тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығын жаңғырту жобасының шарты жеңіл әрі қолжетімді екенін Ида Леонтьева басқаратын «Шухов 1 және 3» пәтер иелері кооперативі де жете бағалаған сыңайлы. Әрқайсысы 119 пәтерден тұратын екі үйдің шығындары 50 миллион теңгені құрап, шатырлар, қасбеттер, дәліздер жаңартылды. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі заман талабына сай нысанға айналып, көркейіп шыға келді.

Аз қамтылған жандар бағдарламаның артықшылығын қуаттаумен қатар мемлекет тарапынан көрсетілген тұрғын үй көмегіне де дән риза. Мәселен, ПИК төрайымы Ида Гербертовнаның жалпы тұрғын алаңы 47,4 шаршы метр болатын пәтеріне 110 мың теңге есептеліп, оның 40 мың теңгесі тұрғын үй көмегі есебінен өтелген. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

Солтүстік Қазақстан облысы.