Аймақтар • 18 Наурыз, 2020

Шымкент: Жұмыссыз қалғандар 6 ай бойы әлеуметтік төлем алуға құқылы

436 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әлемге болып жатқан төтенше жағдайларға  байланысты еліміздегі кәсіпорындарда еңбек жағдайы тұрақсызданып, жұмыскерлерді қысқартуға мәжбүр болса, Еңбек заңнамасына сәйкес жұмыс беруші жұмыскерді жұмыстан қысқаруы жөнінде бір ай бұрын ескертуі міндеттеледі және жұмыстан қысқартылған жағдайда бір айлық көлемінде өтемақы төленуі тиіс.

Шымкент: Жұмыссыз қалғандар 6 ай бойы әлеуметтік төлем алуға құқылы

Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы ірі, орта, кіші кәсіпорындарда жұмыстан қысқаруы мүмкіндігі жөнінде мониторинг жүргізген.

Бұл жерде назарға алатын жағдай - азамат жұмыстан босап қалған жағдайда, биылдан бастап мемлекеттік сақтандыру Заңына енгізілген өзгерістер бойынша, жұмыстан босау себептеріне қарамастан сіз мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 6 ай бойы әлеуметтік төлем алуға құқылысыз. Ол әлеуметтік төлемнің мөлшері орта есеппен Сіздің жоғалтқан айлық жалақыныздың 40 пайызын құрайтын болады.

Ол үшін жұмыстан босап қалған азамат қалалық халықты жұмыспен қамту орталығына қашықтықтан жұмыссыз ретінде тіркелсе ғана жеткілікті. Сол кезде міндетті, проактивті түрде алты ай бойы әлеуметтік төлем тағайындалып, төленеді.

Төтенше жағдайда жұмыскерлердің жұмыстан қысқарып қаупі тәуекелдерін ескере отырып, Үкімет тарапынан бүгінгі күнде Жұмыспен қамту жол картасы әзірленуде. Аталған картаға сәйкес қалада жаңа инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру көзделуде. Ол жерде жаңғырту, күрделі, орта, ағымдағы жөндеу жұмыстары қарастырылған. Әлеуметтік нысандар, тұрғын үй-коммуналды инфрақұрылымдар, инженерлік көлік инфрақұрылымдарын жаңарту, абаттандыру жұмыстары көзделеді.

«Оған қосымша елімізде іске асырылып жатқан «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде барлық шаралар қолданылады. Бұл бағдарламаға Шымкент қаласы бойынша 5,3 млрд теңге қарастырылып, 26 мың адамды қамтимыз деп жоспарлап отырмыз. Оның ішінде 5488 аз қамтылған, көп балалы отбасы мүшелеріне басымдықпен жұмыспен қамту шараларын көрсету қарастырылған. Аталған санаттағы азаматтардың жұмыссыз жүрген азаматтарына жеңілдіктер көрсетіледі. Шағын несие бойынша бағдарламаға қатысушыларға 6 пайызбен бес жылға шағын несие берілсе, бүгінгі тәртіп аз қамтылған, көп балалы отбасыларының жұмыссыз жүрген азаматтарына 4 пайызбен 7 жылға беріледі», деді басқарма басшысы Ғалымжан Балтаев.

Анықтама: Табысы аз және/немесе көпбалалы отбасылардың мүшелеріне кредит/микрокредит беру шарттары:

1) кредит/микрокредит мерзімі – жеті жылға дейін;
2) қамтамасыз етудің болуына қарай кредиттің/микрокредиттің ең жоғары сомасы 8,0 мың АЕК-ке дейін (22,1 млн теңге);
3) номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 4 %-дан аспайды;
4) Ісін жаңа бастаған/ісін жаңа бастаған жас кәсіпкер үшін кепілдіктердің мөлшері көп балалы және табысы аз отбасы мүшелері үшін кредит/микрокредит сомасының 95%-нан аспайды.

Және бағдарлама қатысушыларға тегін, қайтарымсыз гранттар беру жүргізілуде. Ол - өз кәсібін ашып, дамытуға беріліп отырған көмек. Бұл ретте, аз қамтылған, көп балалы отбасыларының мүшелері «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқымастан, 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде мемлекеттік грант алады (544,4 мың теңге).