Тәуелсіздікке қол жеткізу қандай қиын болса, оның әрі қарайғы болашағын баянды ету ұлтымыздан одан да ерен қажырды талап етті. Осы жолда елімізге Нұрсұлтан Назарбаевтай көреген көшбасшыны бұйыртты. Адымын апыл-тапыл басқан сәби мемлекетімізді Тұңғыш Президент үлкен белеске шығарып, әлем алдындағы абыройын асқақтатты. Ірі мақсатты істердің барлығын толықтай жүзеге асырды деп сеніммен айта аламыз. Тәуелсіздік қолға тиген күндерден бастап әлем алдындағы беделіміз артып, ата-бабаларымыз арман еткен дамудың даңғыл жолына түстік. Мұның барлығы уақыт-ағзам алақанында алтын әріппен жазылып қалды. Әлі де жазыла бермек.
Міне, Ата Заңымыз – Конституция бойынша Елбасы өзінің өкілеттігін тоқтатып, соңғы бір жылда билік тізгінін ізін басқан рухани, мүдделес інісі Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа тапсырды. Жаңа Президентіміз де өзіне жүктелген жауапкершілікті жүрегімен сезініп, халық алдындағы міндетін абыроймен атқарып келеді.
Жалпы, жеке өз басым Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен өнер адамы ретінде өте тығыз байланыста болдық. Бір-бірімізді сыйладық. Ол кісі менің әндерімді өте жақсы көрді. Өйткені ол әндерді халық сүйіп шырқады.
Бірде Елбасының өмір жолына арналған көп сериялы деректі фильмді тамашалап отырып, бір бөлімінде Нұрекеңнің отбасының ортасында домбырамен шертіп менің «Толағай» деген әнімді айтып отырғанын көргенде, жүрегім ерекше толқыды. Ол кісі өзінің осындай қарапайым болса да білікті, білімді тірлігімен халықтың үлкен алғысына бөленген адам.
Бүгінде Қазақстан дамудың барлық саласында ілгерілеп, нұрлы күндерге қарай бағыт бұрып бара жатырмыз. Осы бейбіт, берекелі күнімізге тәубе ете білейік. Алла тағала жаңа Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа да осы бір абыройлы, жемісті жолды бұйыртып, елдің алғыс-махаббатына бөленуін тілейміз. Әманда Тәуелсіздігіміз, елдігіміз мәңгілік болғай!
Ілия ЖАҚАНОВ,
Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор, өнер зерттеушісі