Әзіл - оспақ, сын - сықақ
Бірде...
Бір жолы Баспасөз үйінде Мұзафар Әлімбаев бастаған бір топ кісі лифтіге отырған кезде Кәдірбек Сегізбаев сыймай қалса керек. Ол қысылып-қымтырылып кимелеп кірмек болады. Сонда Мұзағаң оған қарап:
– Кәне, осы арада ойланбай бір мысал айтшы, ала кетейік, – дейді.
Кәдірбек те саспастан:
– Жазатыны мақал, өзі сондай нахал! – деп тартып қалыпты.
Ал Мұзағаң болса:
– Оттапсың, оны Тайыр айтқан! Өзіңнен көр. Сен қалдың, біз кеттік, – деген екен.
* * *
Ақын Хамит Ерғалиев ағамызды жұрт Хамаң дейді. Ал басқа біреуді Хамаң дегенді ол кісі ұната бермейді.
Бір жолы Хамаң Тауман Амандосовқа телефон шалып, есен-саулықтан соң: «Қасыңда кім бар?» – деп сұрайды. Сол кезде оның кабинетінде Абдул-Хамит Мархабаев отырса керек. Тәкең жымың етіп:
– Хамаң отыр, – дейді.
Хамит аға гүр ете қалады.
– Оның кім еді тағы?
Тәкең отқа май құя түседі.
– Мына Мархабаев деген жігіт мен де Хамаңмын дейді ғой...
«Шын» Хамаң енді ашуға басады:
– Немене, оған басқа ат құрып қалып па?
Істің мән-жайын енді түсіне бастаған Мархабаев Тәкеңе жата жалынады: «Ойбай, Тәке, енді бүлдіріп аламыз, мені жаман Хамаң деңіз».
Тәкең оның өтінішін Хамаңа жеткізеді. Сонда ол:
– Е, айналайын, есі бар жігіт екен ғой өзі, – деп райынан қайтқан екен.
* * *
Белгілі партия және кеңес қызметкері Қазтай Ұлтарақов облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі болып жүрген кезде бір жігітті қызметке алады. Оның фамилиясы Байпақов екен.
Сонда Ұлтарақов:
– Осы қазақ та неше түрлі ат қоя береді екен-ау! – деп таңырқаса керек. Сонда әріптесі Мырзахмет Молдахметов:
– Қазеке-ау, несіне таңырқайсыз? Байпақ ұлтарақтан гөрі тәуірлеу емес пе? – депті.
Әкім ҚОЖАҰЛЫ.
АСТАНА.
Бір ақынға
Бір қолымда өлеңім,
Бір қолымда бөбегім,
Деп жазыпты бір ақын
Бес қайталап өлеңін.
Мықты болсын өлеңің,
Аман болсын бөбегің,
Түсінбедім мен бірақ
Не айтқысы келгенін.
Мұндай ой мен ұйқасты
Қасымнан да көргенмін,
Досымнан да көргенмін.
Толғағы келсе өлеңнің,
Бөгет болмас бөбегің.
Дайын ұйқас қайталап,
Көбейтпейік көлемін.
Жырлайықшы, ақындар,
Оқырманға керегін,
Мәнін құртпай өлеңнің.
Қазыхан ӘШЕ.
АЛМАТЫ.
Гөй-гөй
Екеуі
Бөтелкені ап ортаға,
Егемендігімізді жуып,
Әңгімені былайша қуып отыр.
– Әмериканың фермерлері
Шеттерінен бай болады,
Техникасы сай болады,
Жанармайдан да тарықпайды,
Шідерленбей, шарықтайды.
Болады екен ұқыпты,
Еселеніп, еңбегі,
Топ басына шығыпты.
– Япырмай, ә!
Жапонның радиотехникасы мықты,
Теледидарын кілемдей,
Қабырғаға іледі, тіпті!
– Япырмай, ә!
– Түріктер епсекті,
Жиып, тері-терсекті,
Кереметтерді істейді.
Заттарының бағасы,
Базарда түспейді.
– Япырмай, ә!
– Немістер автокөлікті қатырады,
Таңдай қағып,
Талай жұрт « аһ» ұрады.
– Япырмай, ә!
– Италия өнерді бағалайды,
Озғанын күндеп,
Ақындарын сабамайды.
– Япырмай, ә!
– Бразилия
Футболыңды тебеді,
Кездескен командасын,
Быт-шыт етіп жеңеді.
Ұлттық ойыны сол екен,
Тепкен добы гол екен!
– Япырмай, ә!
– Үндінің киносы-ай!
– Япырмай, ә!
– Грузиннің виносы-ай!
– Япырмай, ә!
– Ал біздің қандастар ше?
– Е-е, жартысы өзге тілде сөйлейді.
– Таңданумен шетелге,
Тауыса алмай жүр гөй-гөйді!
– Япырмай, ә!
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Қызылорда облысы.
Солай болды, балам!
– Ас пен тойға, балам,
Қазір кейбір адам,
Әртүрлі «баға» беретін болды...
Жасаған қамынан,
Соғымның санынан,
«Хабар» алып келетін болды.
Ас пен той иесінің,
Қолдаушы киесінің,
Кім екеніне де қарайтын болды.
Келе сыртта тұрған,
Көліктерді жылдам,
«Калькулятормен»
санайтын болды...
«Джиптерді» бір бөлек,
«Мерседесті» бір бөлек,
Ерекше есептейтін болды...
Шаруасы шалқыған,
Егелерінің алдынан,
Елпектеп, кесіп өтпейтін болды.
Сөйлеспей жай кісімен,
Келгендердің ішінен,
«Көсемдерді» іздейтін болды...
Қойсаң да көпшікті,
Кедей-кепшікті,
Кісі санатына тізбейтін болды.
Басында «бағы» бар шақырса,
Сүрініп-қабынып