Қала басшысы алдымен халыққа қызмет көрсету орталығына барды. Жалпы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында 642 мемлекеттік қызмет түрі бар, оның 608 қызметі электронды түрде көрсетіледі. Сондай-ақ тұрғындар біріңғай байланыс орталығына қоңырау шалу арқылы да қажетті ақпарат алады. Мұнда қауіпсіздік шараларының талапқа сай еместігін ескерткен қала басшысы орталық директорына тұрғындарды біртіндеп кіргізіп, ғимаратқа дезинфекциялық заттар қоюды қатаң тапсырды.
Шаһар басшысы қала орталығындағы «Қазпочта» бөлімшесі ғимаратының да санитарлық жағдайын сынға алып, тұрғындарға арналған күту залдары мен есік алды лайықты жасақталмағанын айтты.
Одан әрі «Қорқыт ата» және «Қызылорда» сауда орталықтарының жалға алушыларымен кездесіп, қазіргі жағдайды түсіндіріп өтті. Базар басшыларына халықтың келіп кетуі мен жұмыс жасауына қолайлы жағдай жасап, санитарлық қауіпсіздік шараларын күшейтіп, азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақты ұстап тұруды жүктеді.