Қазақстан • 19 Наурыз, 2020

Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан әуе рейстері тоқтатылады

172 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия шешімдерін орындау үшін 2020 жылғы 22 наурыз күні сағат 00:00-ден бастап халықаралық және жүк рейстерін қоспағанда, барлық қазақстандық әуе компаниялардың Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан тұрақты және тұрақты емес (чартерлік) жолаушылар рейстері тоқтатылады. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан әуе рейстері тоқтатылады

Министрліктің мәліметіне сәйкес, Нұр-Сұлтан қаласынан Алматы, Балқаш, Талдықорған, Петропавл, Тараз, Шымкент, Жезқазған, Қызылорда, Орал, Өскемен, Павлодар, Семей, Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Қостанай және т. б. қалаларға 16 ішкі бағыт бойынша аптасына 320 тұрақты рейс тоқтатылады. 

Сондай-ақ Алматы қаласынан Нұр-Сұлтан, Балқаш, Көкшетау, Петропавл, Тараз, Шымкент, Жезқазған, Қарағанды, Қызылорда, Орал, Өскемен, Павлодар, Семей, Үржар, Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Қостанай және т. б. қалаларға аптасына 295 тұрақты рейс тоқтатылатын болады.

Президент жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік комиссия отырысының 2020 жылғы 16 наурыздағы № 1 хаттамасына сәйкес әуе компаниялары төтенше жағдай режимі қолданылатын кезеңде әуе билеттерін айыппұлсыз және толық көлемде қайтаруды рәсімдеуі қажет.

Азаматтардың шоғырлануын болдырмау үшін жолаушыларға 2020 жылғы 22 наурыз күнгі сағат 00:00-ден бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының әуежайларына бармауды ұсынамыз.