Бүгінде еліміздің Қарулы Күштері бірқатар кешенді іс-шараларды қолға алып, жүктелген тапсырманы орындауға кірісіп кетті. Аса маңызды мемлекеттік және әскери нысандардың күзеті күшейтілді. Әскери қызметшілер Ұлттық ұлан және полиция бөлімшелерімен бірлесіп қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында патрульдік жұмыстарға қатысуда.
Карантин аймағы саналатын Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы байланыс және қиылыс пунктерінде әскери десант сарбаздары мен бітімгершілік полктері тәулік бойы қызмет етеді. Осы мақсатта келісімшарт бойынша қызмет ететін, арнайы даярлықтан өткен, осындай іс-қимылдарда тәжірибесі мол әскери қызметшілер тартылды.
Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау бөлімшелерінің дайындығына ерекше көңіл бөлінуде. Зақымдану қаупі бар аумақтар мен нысандарды өңдеу үшін жасақтар құрылды. Дезинфекциялауға қажет реагенттер қоры бар станциялар (АРС-14KZ) әзірлікке келтірілді. Жергілікті нысандарды зарарсыздандыру мақсатында газдан тазарту жиынтықтарын (ИДК-1) қолдану жоспарланып отыр.
Қорғаныс министрлігінің жедел штабы жергілікті билік органдарымен, ішкі істер және денсаулық сақтау органдарымен үздіксіз жұмыс жасауда. Осыған дейін басталған санитарлық-эпидемиологиялық шаралар мен мен әскери қызметшілердің қауіпсіздігін тұрақттандыру пункттеріндегі міндеттер одан әрі жалғасады.
Мерзімді әскери қызметке шақырылғандар карантинде болғандықтан, арнайы тапсырмаларды орындауға қатыспайды. Оларға сейілге шығуға, туыстары және достарымен қарым-қатынас орнатуға шектеу қойылды.