Елбасы • 20 Наурыз, 2020

Елбасы Республикалық қор құруды ұсынды

250 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пандемияға қатысты Қазақстан халқына жасаған үндеуінде бірқатар ұсыныс білдірді.

Елбасы Республикалық қор құруды ұсынды

«Осынау сын сағатта ортақ істен ешкім де сырт қалмауға тиіс. Біріншіден, Үкімет бюджет саласы қызметкерлерінің, студенттердің, шағын және орта бизнестің ауыртпалығын жеңілдету бағытындағы нақты қадамдарын жария етті. Бірақ тек қана мемлекеттің күш-жігері жеткіліксіз болады. Зауалды еңсеру үшін басқа да қосымша ресурстарды жұмылдырған жөн. Әрбір азамат өзінің қолынан келетін үлесін қосуға тиіс. Мен бұл қиын кезеңде ел-жұртқа көмектескісі келетін және жәрдем бере алатын адамдардың қаражаты жинақталатын Республикалық қор құруды ұсынамын»,- деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Еліміздің Тұңғыш Президенті отандық ірі кәсіпорындардың қолдауына сенім білдірді.

«Осындай жағдайда бұрынғыша отандық ірі кәсіпорындар да қолдауын көрсетеді деп сенемін. Ондай қорларды әрбір облыс орталығында және республикалық маңызы бар қалаларда құру қажет. Ол жұмысты тиісінше сол жерлердің әкімдері жүзеге асырғаны дұрыс. Бүкіл халық, қалың ел, жалпақ жұрт болып жұмылудың жарқын үлгісі мен тиімділігін біз Арыс қаласын апаттан кейін жедел қалпына келтірген кезде көрсеткен едік» деп атап өтті Елбасы.

 

Соңғы жаңалықтар