Елбасы • 20 Наурыз, 2020

Ізгілікті шешім

60 реткөрсетілді

Бүгінгі Қазақстанның негізін қалаған саяси қайраткер ре­тін­­­де Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің тарихи мін­де­тін ел алдында абыроймен адал атқарды. Бүкіл еңбе­гін ойша саралап көрсек, алып КСРО күйрегенде шыны секілді шашылып түс­кен сы­нық­­тардан мемлекет жинап, шекарамызды шеген­деп, көп­эт­носты елімізде бірде-бір күрделі қақтығысқа жол бер­­мей, қоғам­дағы бейбіт­ші­­лікті қамтамасыз еткен қажырлы ісін бәрінен жо­ға­ры қоятынымыз рас.

Жас мемлекеттің жаңа жүйе­сінде пайда болған нарық қаты­насын дамытып, ел санасын соған қарай бағыттап, өркендеудің тиімді нәтижелеріне қол жеткізу үшін бәлкім талапшыл болуына тура келген кезі болған шығар, бірақ оның бәрі қадамын қалтылдай басып, іргесін енді көтеріп келе жатқан елді аяғынан нық тұрғызуға арналғаны белгілі.

Н.Назарбаев әлемнің қалай өзгер­генін, ал онымен бірге Қазақ­станның да келбеті өзгеруі тиіс еке­нін, басқару жүйесіне жаңа көз­қарас пен басқа да тәсілдер қажет екенін жақсы бағамдағандықтан, қоғамды жаңғырту жолындағы жасампаз ісін жалғастыру мұратын саяси ізбасарларына табыстап, өкілеттігін тоқтататынын жариялауы арқылы тұлғалық тұғырын биіктете түсті. Бұл – ізгілікке толы шешім.

Халықтың таңдауы мен қалауы негізінде ел Президенті болып сайланған Қасым-Жомарт Тоқаевқа аманатталған биліктің тұрақ­ты­лықтың кепілі іспетті тыныштықпен жалғасуы ел көңіліндегі күдікті лезде сейілте алды. Ел арасына іріткі салмады. Жұрт алаңды бетке алып, дүрбелең тудырып, сойқанды салған жоқ, әлдеқандай талаптар қойып, әкімдік алдында табандап жатып алатын жат мінез көрсеткен жоқ. Керісінше, қазақстандықтар бірнеше тіл білетін полиглот, тәжірибелі дипломат, саясат пен руханиятты тең игерген интеллектуал Қ.Тоқаевтың есімін жаңа басшысы ретінде естігенде терең тыныс алып, көңілі тыншыды. Қасым-Жомарт Кемелұлының адалдығына, тазалығына сенді. Өз заманындағы зиялылардың алдыңғы қатарында болған жазушы Кемел Тоқаевтың баласының басқаша болуы мүмкін де емес. Саяси сауаты жоғары өр­кениетті елдегі сарапшылардың бәрі де Елбасының ел үшін жасаған шешімін, мемлекет басқарудағы бұл даналығын биік бағалады. Содан бері де жыл толған уақыт ішінде Қасым-Жомарт Кемелұлы ел басқару ісіндегі өзіндік өнері мен тәжірибесін толықтай танытып, дамудың жаңа кезеңі үшін тиімді жүйе қалыптастыра алатынын дәлелдеп үлгерді деп нық сеніммен айта аламыз.

Ел билігіндегі елеулі өзгерістің халық үшін жағымды, жайлы бо­луында Елбасының еңбегі зор екенін көзіқарақты Қазақстан жұрты жоққа шығара алмайды. Елбасы мәртебесіндегі рөлін жоғары ұстап келе жатқан Н.Назарбаев халықаралық қоғамдастық алдында Қазақстан беделін биіктетіп жүретін қызметіне әлі де қылау түсірген жоқ.  Жыл аясында бірнеше рет саяси мақсаттағы шетелдік сапарларға шығуы соның айғағы болса керек.

Өкілеттігін тоқтатып, ел қыз­ме­тінен қолы босаған соң Нұрекең бір­ден туған жеріне барып, қара­па­йым ауыл тұрғындарымен, ағайын-туысымен кездесті. Қан­шама шақырымдарға қашықтап, биіктерге самғап кетсе де, жұмыр басты пенденің әрбірінің туған жері­­мен кіндігінің байлаулы екенін түсінсек, ауылымен жылы қарым-қаты­насын ешқашан жоғалт­паған Елбасы сағыныш пен іңкәр көңілдің қандай болатынын көпке үлгі етуден жалыққан емес. Сол қауышу мен кездесулерде қаншама адам­гер­шілік, кішіпейілдік, кең мінез көрініс тауып жатады. Адамды адам етіп ұстап тұрған да осындай табиғи таза мінез. Дүрмекке толы дүние өзге­ре­ді, пышақтың жүзіндегі сая­сат алмасады, бірақ мұндай мінез адам­­ды биік­ке жетелейтін мәңгілік құн­­ды­лықтардың қатарында бол­ған­дықтан, мұқалмайтынын дәлелдеген.

 

Асанәлі ӘШІМОВ,

Қазақстанның Еңбек Ері,

КСРО халық әртісі

Соңғы жаңалықтар

Бензин бағасы арзандады

Экономика • Кеше

14 отбасыға қол ұшын созды

Қазақстан • Кеше

Ұқсас жаңалықтар