Елімізде төтенше жағдай жариялануына байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына және облыс әкімі Даниал Ахметовтың аймақ тұрғындарына арнаған үндеулерін Үржар жұртшылығы түсіністікпен қабылдады.
Үржар ауданы, Мақаншы ауылындағы көпбалалы ана Рысалды Мұхаметқалиева бастаған аналар қауымы көпшілікке үлгі көрсетіп, коронавирус инфекциясының алдын-алу мақсатындағы сақтық шаралары үшін бірнеше реттік бетперделер (маскалар) тігіп беретіндіктері жөнінде ұсыныстарын білдірді.
«Аналардың ұсынысына аудан әкімдігі бірден қолдау білдірді. Тігілген бетперделер аудандағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған аналар мен зейнеткерлерге тегін берілетін болады» дейді Үржар аудандық Ішкі саясат бөлімінің басшысы Елдос Бейсенов.
«Елімізге келген уақытша сынақтарды бірге еңсереміз, мұндай қиындықтар бізге үлкен мүмкіндіктер береді. Ең бастысы, осындай қиыншылықты жеңу жолында бірге болайық» дейді көпбалалы ана.
Бүгінде Рысалды Мұхамедқалиева аналардың мұң-мұқтажын шешуге көмектесіп, белсенді жұмыс істеуде. Осылайша Мақаншы өңірінде Рысалды бастаған көп балалы аналар бетперде тігу жұмыстарын бастап кетті. Бұл игі бастамаға Үржар жерінің аналары да мол түсіністікпен қарап, өз үлестерін қосуда.
Жалпы, ауданда індеттің алдын-алу бойынша шұғыл әрекет ету топтары құрылып, барлық қауіпсіздік шаралары қолға алынып, жүзеге асырылуда.
Шығыс Қазақстан облысы,
Үржар ауданы