Қазақстан • 20 Наурыз, 2020

Пандемияның уран өндірісіне әсері

231 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Дүние жүзін дүрліктірген коронавирус әлемдік экономиканың ағзасына да айтарлықтай нұқсан келтіруде. Пандемияның салдарынан ауыр өндіріс орындары, фабрикалар, мегакорпорациялардың біразының жұмысы саябырлады, қалталы азаматтар миллиардтаған шығынға батуда. Бұл әсіресе шикізат нарығында анық байқалып отыр. Қазақстан уран өндірісі бойынша әлемдік көшбасшының бірі саналады. Былтыр «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ таза табысы 50%-ға қысқарып, 213,7 млрд теңгені құрады. Бұған жаһандық індет ықпал етті ме, әлде отандық шикізатқа сұраныс азайып бара ма?

Пандемияның уран өндірісіне әсері

Ұлттық атом компаниясының басшылығы атап өткендей, әзірге жаһанды шарпыған пандемия уран нарығына айтарлықтай нұқсан келтіре қойған жоқ. Десе де, алдағы уақытта жағдай күрделенсе, шикізатты тұтынушы елдерге жеткізуге байланысты жоспарға түзетулер енгізілуі әбден мүмкін.

2017-2018 жылдары «Қазатомөнеркәсіп» акцияларын IPO-ға шығару мақсатында активтерін қайта құрылымдау мен шоғырландыруға бағытталған жұмыс жүргізді. Мұның нәтижесі құбылмалы кіріске алып келді. Сол себепті таза пайданың 50%-ға қысқаруы, осы шоғырландыру ісіне тікелей байланысты дейді «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Ғалымжан Пірматов. Оған жұқпалы вирустың еш қатысы жоқ.

– Біздің операциялық қызметтен түсетін табыс 84%-ға артты.  Сондықтан нәтиже жаман емес деп ойлаймын. Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы компанияларға келісімшартта айтылған көлмінен азды-көпті 20%-ға ауытқуға мүмкіндік береді. Қазір біз минус 20% деңгейінде тұрмыз, яғни жер қойнауын пайдалану туралы келісімшартқа өзгеріс енгізбей-ақ, қажет болса өндіріс көлемін арттыра аламыз. Аталған келісімшартқа өзгеріс енгізу жөнінде жер қойнауын пайдаланушылар мен құзырлы орган келіссөздер нәтижесінде шешеді. Әзірге мұндай жоспар қарастырылған жоқ. Коронавирусқа тоқталсақ, қазір жұмысымыз тәртіпке сай атқарылуда және қызметімізге әзірге зиян тимеді. Бірақ жағдай ұзаққа созылып қиындаса, онда табиғи уранды тұтынушыларға жеткізу жұмыстарына байланысты қызметімізді қайта қарастыруға тура келеді, – деді Ғ.Пірматов.    

Сондай-ақ ұлттық атом компаниясы қызметкерлерінің ішкі және сыртқы жұмыс сапарларына уақытша шектеу қойылу мүмкін екені айтылды. Басқарма басшылығы әлемдегі ахуалды ұдайы назарда ұстап отырғандарын жеткізіп, барлық қауіпсіздік шаралары мейлінше күшейтілгенін нақтылады.