Аймақтар • 20 Наурыз, 2020

Алтайдың атбегілері

1592 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Айта берсек, Алтай шіркіннің құдіретіне тіл жете ме?!

Алтайдың атбегілері

Жаздың жаймашуақ күндерінің бірінде Катонқарағайдың Өрнек ауылына жол түскен-ді.

өрнек

Иә, Алтайдың айпара жыршысы Оралхан Бөкейдің «Қасқыр ұлыған түн» әңгімесі естеріңізде шығар. Сол әңгімедегі Өрнек ауылы (жазушы шығармада Өркен деп көрсеткен) – осы.

 

Тұлпарды тау да шынықтырады

Былтыр көктемде елімізде тұңғыш рет Зайсан ауданында 130, жазда Тарбағатай ауданында 140 шақырымдық бәйге болған еді. Жылқы жануарының төзімділігін, шабандоздың шыдамдылығын тезге салған осы екі жарыста да осы Өрнек ауылының Пырақ есімді жүйрігі екінші орын алып, елді елең еткізіп еді. Біз басын бірде бұлт бүркеп, бірде ақ бас шыңдары жарқырап көрінетін, тұманы мен самырсынды, қарағайлы, қайыңды қалың орманы аралас Алтайдың етегіндегі шағын ғана ауылға екі айда 270 шақырымға шапқан тастақым шабандозды іздеп келгенбіз.

қайрат

(Жүйріктің иесі Қайрат Серкенов ат үстінде, Пырақ жетекте)

Естеріңізге сала кетейік, Тарбағатай ауданында қазақтың ұзақ жүріске шыдамды қазанаттарын һәм алаштың атқа мығым отыратын, шымыр жігіттерін анықтау мақсатында ұйымдастырылған 140 шақырымдық бәйгеде Өрнек ауылының аты 8 сағатта, Зайсандағы 130 шақырымдық аламанда 6 жарым сағатта мәре сызығын кескен-ді.

Өрнек ауылына келгенде бізді жүйріктің иесі Қайрат Серкенов пен шабандоз Қуаныш Тұрсынханов қарсы алған. «Бұл атты Солдатов деген ауылдан алғанбыз. «Зайсанда 130 шақырымдық бәйге өтеді» дегенді естігенде есіміз шығып, жанталаса іздеп, 40 шақты жылқының ішінен Қуаныш екеуміз таңдағанбыз. Бұрын бәйгеге шаппаған. Осы топырақтың ауасын жұтып, шөбін жеген жергілікті жылқы тұқымы. Найман жылқысы дегеніміз дұрыс болатын шығар» деп бастады әңгімесін Қайрат ағамыз.

«Жазық жерде малды мотоциклмен, басқа да көлікпен қайыра береді. Бізде таулы жер. Тек атпен баруға тура келеді. Біздің жақтың жылқылары өстіп жүріп-ақ шынығып алады. Зайсан мен Тарбағатайдағы бәйгеге барар алдында күнде тауға шығып жүрдік. Биік тау атты тез шынықтырады. Ең бастысы, атты түсініп, қатты шаршатпай, күшін бойына сақтау керек» деп осы жерде сөзге араласты шабандоз Қуаныш.

қуаныш

(Пырақ және шабандоз Қуаныш Тұрсынханов)

Демек, жүйрікті тау шынықтырған. Алтайдың құдіреті.

алтай

Еріксіз бас иесіз. Адамды қойып жануарға күш-қуат береді ғой, Алтай жарықтық. Алтай жарықтық демекші, Алтай дегенде осы Алтайдың әйгілі атбегісі, абыз ақсақалы болған Бошай Кітапбаев еске түседі. Бошай ақсақалдың бәйге аттарын Алтайдағы шипалы су – Рахман қайнарына түсіргені ойға оралады. «Шапқанда аттардың алдыңғы екі аяғына қан түседі. Сондықтан алдыңғы аяғынан ептеп ауырлайды. Ыстық суға аяғын салғанда, жылқы алқымынан бу шығып, сүйсініп тұрады. Кейбір жас әйелдер күйеулеріне: «Саған қатын болғанша, ана Бошайдың қара аты болмаған екенбіз» деп қалжыңдайды. Әдейі естіртіп айтады. Рахман қайнары – әулие су ғой» деп еді Бошай ақсақал газетімізге берген бір сұхбатында (сұхбатты алған - Думан Анаш).

алт

Айта берсек, Алтай шіркіннің құдіретіне тіл жете ме?!

 

«...Қазақстанның жарты аты баяғыда қырылып қалушы еді»

бошай

Алтай бауырындағы екі сағаттық әңгіме барысында «Пырақтың» иесі Қайрат Серкенов ағамыздың Бошай ақсақал секілді ат десе ішкен асын жерге қоятын жылқықұмар әрі ел-жер тарихына жүйрік, әңгімеші азамат екенін аңғарғандай болдық. Бәйгеге ат қосумен мектеп бітіргеннен бері шұғылданып келеді екен. Жасыратыны жоқ, Алтайда ат баптау азапты жұмыс. Жайнаған жазы келте, алты ай ақырған қысы бар Алтайда ат ұстамақ түгілі, жан сақтаудың, өмір сүрудің өзі оңай шаруа емес. «Рас, Катонда атпен айналыссаң, азып кетесің. Катонның халқын бай деуге де, кедей деуге де келмейді. Семей, Тарбағатай секілді жиі той-томалақ жасап, көлік тіге бермейді. Бір жылда екі-үш рет болса болды, болмаса жоқ. Болғанның өзінде призі аз. Қайтеміз, ақтамаса да, қызық үшін қосамыз. Бошай атамыздан кейін біздің жақта дәл сол кісідей атпен айналысқан адам болған жоқ. Ол кісі бәйге аттарды Алтынбел деген көрші ауылда ұстаған.

бұлаң

(Бұлаңқара)

Бошекеңнің Бұлаңқара, Құланқара, Желмая атты үш жүйрігінің бірі осы ауылдағы біздің бір ағамыздың аты еді.

құлан

(Құланқара)

желмая

(Желмая, үш сурет те Бошай Кітапбаевтың ұлы Мараттың жеке архивінен алынды)

Білуімізше, ұлы Абайдың атқа қатысты 54 сыны бар. Әйгілі ат сыншысы Күреңбайда 56 сын бар деседі. Бошай атамызда да жүйрік атқа қатысты біраз сын болуы керек. Бірақ нақты қанша бар екенін білмеймін. Бала кезде ақсақалдың жанында жүруші едік. Бошай ақсақал өзіне ұнаған атты ойланбастан сатып алатын. Әуелі аттың сыртқы келбетіне, сүйегінің бітісіне қарайтын. Бас-аяғын мұқият шолып шығатын. Ал қазіргі атқұмарлар жылқының қанына, тұқымына мән береді. Бошекеңнің атқұмарлығы сол, бір жерде бәйгеге ат шауып, озып келді десе, жұмысының бәрін тастап, міндетті түрде сол атты келіп қарайтын. Біздің ауылға да неше кеп, бәйгеден озған аттарымызды көріп жүретін. Атқұмарлық қой. Әйтпесе ат қарап, ауыл аралап жүретіндей ол кісіде басқа жұмыс жоқ дейсіз бе? Бошекең аты бәйгеден озып келген баланы немесе оның иесін кәдімгідей өзіне жақын тартатын. Біздің де атымыз озып келгенде талай мәрте маңдайымыздан иіскеп, басымыздан сипады. Әмбе жеті атаңа дейін тексеретін. Сенің қай атаң ат ұстағанына дейін айтып беретін. Бошай ақсақалдың әкесі Кітапбай жылқышы болған. Сол кісінің екі сары аты болған екен. Біздің ауылда өзі сыбызғышы, балуан, колхоз басқарған Шанақ Ауғанбаев деген ақсақал болды. Шанақ қасқа деген екі қасқа аты болған. Бошай ақсақалдың әкесі екеуі үнемі ат жарыстыратын көрінеді. Шамасы, бұл маңайда екеуінен озатын жан болмаған секілді. Бала кездегі бір оқиға есімде қалыпты. Мына Қуаныштың әкесінің торы аты болды. Бірде облыстық жарыстан екінші келді. Бошекең сол атты көрейін деп үйге келді. Ат иесі үйде жоқ, апамыз бен атамыз бар еді. Мен үйге кеп: «Ат көрейін деп Бошай ақсақал кеп тұр» деп едім: «Ойбай, ол кісінің көзі тиеді» деп әжем баж ете қалды. Сыртқа шығып: «Ақсақал, үйде ат жоқ екен» деп едім, «Өй, әкең, менің текем тасқа шығып тоя ма?! Менің көзім қатын мен атқа тисе, Қазақстанның жарты аты баяғыда қырылып қалушы еді» деді де УАЗигіне отырды да кетіп қалды» деп Қайрат Серкенов Бошай ақсақалдың алапат атқұмарлығын айғақтайтын ел аузында жүрген әңгімелердің тиегін ағытты.

 

Катонға алғаш түйе әкелген – Кітапбаев

Расында, жылқы десе елең етпейтін қазақ бар ма?! Осындайда қазақтың өзгеше ойлы жазушысы Асқар Сүлейменовтің «Дарвин маймылдан жаралса жаралған шығар, біз арғымақтан жаралғанбыз» деген сөзі еріксіз еске түседі. Ұлы Мұхаң, Мұхтар Әуезовтің «Ғабең беталды сөйлемейді, детальмен сөйлейді» дегеніндей, осы тұста Бошай Кітапбаевтың атпаздығын дәйектейтін тағы бір детальді келтірелік.

Бошай ақсақалдың Ғабит Мүсірепов, Ғафу Қайырбеков, Кәкімбек Салықов секілді қазақтың қабырғалы қаламгерлері тамсана жазған үш қарасынан бөлек Тайжирен атты жүйрігі болғаны да белгілі.

тай

(Тайжирен, сурет Марат Кітапбаевтың жеке архивінен алынды)

Бірде Семейде өткен бір бәйгеде сол кездегі облыс басшыларының бірі Кешірім Бозтаев пен Бошай Кітапбаевтың жүйріктері аламанға қосылыпты. Бозтаевтың Еркежирені мен Бошекеңнің Тайжирені басқа аттарды бір айналым артқа тастап, қатарласа шауыпты. Бәйгені Бозтаев пен Бошай ақсақал мінберден қатар тамашалап отырыпты. Ол кезде Катонда түйе жоқ екен. Әлгі жарыста ұлттық дәстүрді көрсету үшін дәл көмбенің қасына жабулы түйені байлап қойған екен. Өмірі түйе көрмеген Бошай ақсақалдың аты мәреге келгенде үркіп, Еркежирен озып, Тайжирен екінші келген дейді. «Бошай ақсақал бұған қатты намыстанды ма екен, аттары келесі жолы үрікпесін деп Жамбылдан ба, Қызылордадан ба бәленбай түйе әкеп, қыс бойы қора ішінде жүйріктерімен бірге бақтырыпты. Бұл – өз аузынан естіген әңгімем. Катонға ең алғаш түйе жарықтық осылай келген» дейді атбегі.

б

(Бошай Кітапбаев пен Дінмұхамед Қонаев)

Бошекең аңыз адам ғой. Аңыз адамның артынан айтылар аңыз да аз болмайтын секілді. «Жеңістің 30 жылдығы ма екен, 40 жылдығы ма екен, Алматыда өткен жарыста Бошай ақсақалдың аты бірінші келіпті.

момышұлы

Содан мәз боп, атты, баланы құшақтап тұрғанда ар жағынан күндей күркіреп Бауыржан Момышұлы келіп: «Әй, Бошай, сен соғыста ана аяқты кімге беріп едің? Андағыға мінгізгенге қазақтың қара баласы табылмады ма?» деп айтты дейді. Сөйтсе, шабандоз немістің баласы екен. Расында, Алтынбелде немістер көп тұрған. Бошекеңнің не деп жауап бергені белгісіз» деп Қайрат Серкенов ағамыз ел аузындағы әңгіменің тағы бірін алдымызға тартқан.

Жоғарыда аттың сыны жайында айттық қой. Жасыратыны жоқ, бүгінде ат сынайтын қазақ аз. Жүйрік ұстайтын азаматтардың көбі шет елдің асыл тұқымды аттарына құмар. Содан да болар, бұрынғының сейістеріндей ат таңдауға сергек қарайтындардың азайғаны да рас. Ал Қайрат Серкенов әлі де күнге жүйрік таңдағанда бұрынғы бабалар салған сүрлеуге сүйенеді. «Қазір жылқыны қанмен іздейді. «Бәленбайдың тұқымы, осынша мәшине алған, осынша кубок ұтқан» деген өлшемдермен қарайды. Дәстүрлі ат сыны ұмытылған деуге де болады. Ертеректе жылқының тісін ашып, иегіне қол жүгіртіп, басынан аяғына дейін қарайтынбыз. Орайын қараймыз, түрін, түсін, тісін қараймыз, қабырғасын санаймыз дегендей. Сол кезде біз де атты бір кісідей сынаушы едік. Қойшы енді, елуге жығылып барып тоқтайтынбыз. Менің ұққаным, сынның жақсысы, аттың өзіңе жылыұшырап тұруы, өзіңнің де ішің тартып, жүрегің елжірейтіндей беймәлім бір сезім болады адамда. Не десек те, бабалардан қалған дәстүр, жосық ұмытылмауы керек. Бүгін Бошай ақсақал туралы көп айттық қой. Жасыратын несі бар, біз ол кісідей атқұмар болсақ та, дәл сол кісідей қаржылық мүмкіндігіміз жоқ. Ол кісі колхоздың төрағасы болды. Абырой-атақтан кенде болған жоқ. Аламын деген нәрсесін алды. Мінем дегенін мінді. Бір сөзбен айтқанда, ат ұстайтын жағдайы болды. Дәл қазір Катон халқында ондай мүмкіндік жоқ. Әйтпесе дәл сол кісідей атты жақсы көретін азаматтар жоқ емес, бар» деп Алтайдағы атбегі әңгімесін түйіндеді. 

Шығыс Қазақстан облысы,

Катонқарағай ауданы,

Өрнек ауылы  

 

 

Соңғы жаңалықтар