Аймақтар • 20 Наурыз, 2020

Жамбылда Қырғыз елімен өткізу пункттерінде санитарлық-карантиндік бекеттер құрылды

93 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Коронавирус індетінің алдын-алу мақсатында Жамбыл облысында медицина ұйымдарының дайындығы қамтамасыз етілген. Бүгін өткен баспасөз брифингінде Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов коронавирустық инфекциясымен ауыратын науқастарды госпитализациялау және емдеу үшін 80 төсек-орыны бар инфекциялық стационар, 320 төсектік провизорлық стационар, оның ішінде 16 реанимациялық төсек ұйымдастырылғанын мәлімдеді.

Жамбылда Қырғыз елімен өткізу пункттерінде санитарлық-карантиндік бекеттер құрылды

Науқастармен байланыста болған және 1А санаттағы елдерден келген азаматтарды карантинге оқшаулау үшін 5 нысанның базасында 640 төсектік карантиндік стационарлар ашылған.

«Кешенді емдеу алдын-алу іс-шараларын ұйымдастыру және өткізу үшін жоғарыда аталған мекемелерге 754 оқытылған медицина қызметкері тартылады. Медициналық қызметкерлерді қорғау және биологиялық қауіпсіздік шараларын сақтау үшін медициналық ұйымдарда жеке қорғаныс құралдарының, дезинфекциялық құралдардың, антисептикалық және жуғыш заттардың, сондай-ақ, дәрі-дәрмектердің қоры жасалды. Шет елдерден келгендердің медициналық бақылауының мониторингі санаттарға сәйкес жүзеге асырылады», деді Марат Жұманқұлов. Ағымдағы жылғы 20 наурыз күнгі мәлімет бойынша, келген тұлғалар үшін карантиндік стационарда 8 адам қалуда. Сонымен қатар, коронавирустық инфекциясымен ауырған науқаспен байланыста болғандарға арналған карантиндік стационарда 4 адам бар және үй карантинінде 1Б категориялы елдерден келген 22 адам отыр екен. Өңірдің бас дәрігерінің айтуынша, 2 категориялы елдерден келген 11 адам қоңырау шалу арқылы медициналық бақылауда тұр. Бүгінде адамдардың жағдайлары қанағаттанарлық.

Жамбыл облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің  басшысы Берік Жарқынбековтың айтуынша, облыс аумағында коронавирусты инфекцияны жұқтыру жағдайлары тіркелмеген. Бүгінде санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты. «Қазіргі уақытта басқа елдердің келген адамдарын медициналық бақылауға мониторинг жүргізілуде. Ағымдағы жылғы 19 наурыз күнгі жағдай бойынша облыс аумағында 1А санаттағы елдерден келген 6 адам стационарда бақылауда, 1 Б санатындағы 15 адам үй карантинінде тұр. 2 санаттағы елдерден 11 азамат қоңырау шалу арқылы медициналық бақылауға алынды. 2020 жылдың 19 наурызынан бастап Автомобиль магистральдарында 4 бағытта және Қырғыз Республикасымен Мемлекеттік шекара арқылы 2 өткізу пункттерінде санитарлық-карантиндік бекеттер құрылды. Адамдар жаппай болатын нысандарда санитарлық-дезинфекциялық режим күшейтілді. Жаппай іс-шаралар тоқтатылды, кинотеатрлар жабылды», деді Берік Жарқынбеков.

Жамбыл облысы