Саясат • 20 Наурыз, 2020

Қазақстан Елшісі Камбоджа Короліне сенім грамоталарын тапсырды

302 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Пномпень қаласында Қазақстанның Вьетнамдағы, сондай-ақ Камбоджа Корольдігіндегі Елшісі қызметін қоса атқарушы Ерлан Байжанов Ұлы мәртебелі Камбоджа Королі Нородом Сиамониге сенім грамоталарын тапсырды. Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан Елшісі Камбоджа Короліне сенім грамоталарын тапсырды

Король сарайында өткен сенім грамоталарды тапсыру рәсімі барысында тараптар өз мемлекеттерінің екіжақты ынтымақтастықты жан-жақты дамыту және тереңдету ниетін растады.  

Қазақстан Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен достық қарым-қатынастарды, АСЕАН аймағының жаңа өсіп келе жатқан нарықтарымен сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға үлкен мән береді. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет атап өткен болатын. Қазақстан соңғы жылдары үздік экономикалық даму динамикасын көрсететіп отырған Камбоджамен қарым-қатынасты жандандыруға берік ниетті, - деп мәлімдеді Қазақстан Елшісі аудиенция барысында.

Камбоджа Королі Нородом Сиамони Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жетістіктерін жоғары бағалай отырып, Қазақстан-Камбоджа қарым-қатынасы үдемелі түрде дамитындығына сенім білдірді. Камбоджа монархы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа қошемет сәлемін жеткізу туралы өтініш білдіріп, Қазақстан халқына бақ-береке мен өркендеу тіледі. 

Ол сондай-ақ қазақстандық дипломатқа Қазақстан-Камбоджа қарым-қатынастарын нығайту бағытында табысты және жемісті еңбек тіледі.

Сол күні Ерлан Байжанов Камбоджаның Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрінің орынбасары Иэт Сопхиамен кездесті.

Тараптар екіжақты қарым-қатынастардың ағымдағы жай-күйі мен даму перспективаларын, шарттық-құқықтық базаны нығайту қажеттігін талқылап, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту үшін әлеуеттің бар екенін атап көрсетті. Халықаралық аренада, соның ішінде, АӨСШК және «Азия-Еуропа» форумы шеңберінде екі елдің өзара іс-қимылы мәселелеріне ерекше назар аударылды.