Коронавирус • 20 Наурыз, 2020

Израиль ғалымдары коронавирусты 30 секундта анықтайтын жаңа әдіс ойлап тапты

3478 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Дүниежүзіне жаппай таралып жатқан коронавирусқа қарсы вакцина ойластырып, індетті жылдам анықтайтын экспресс-тестер шығарып жатқанын қазір көптеген елдер жарыса айтуда. Күні кеше Израиль ғалымдары адам бойындағы вирус жұқпасын жарты минутта анықтайтын бағдарлама ойлап тапқанын қуана жариялады.

Израиль ғалымдары коронавирусты 30 секундта анықтайтын жаңа әдіс ойлап тапты

Жасанды интеллектуалдық жобалармен айналысатын RADLogics компаниясы өздері ойлап тапқан бағдарлама COVID-19 вирусын компьютерлік томография сараптамалары негізінде  анықтайтынын айтады. «Анализ нәтижесінің дәлдігі өте жоғары деп сеніммен айта аламыз. Автоматтандырылған жүйе ауруды бастапқы сатысында анықтап қана қоймай, оның әрі қарай қалай өршитінін,  емделуші үшін қаншалықты ауыр болатынын да болжай алады» дейді мамандар. Жаңа жобаны сүзгіден өткізу үшін Қытай мен Америкадағы 157 пациенттің сырқат тарихы бағдарламаға енгізіліп, жүйе бәрінің диагнозын 98,2 пайыз дәлдікпен дұрыс анықтаған.

Жаңа интеллектуалдық компьютерлік жүйені әрі қарай дамыту жұмыстары жалғаса береді. Бірақ қазірдің өзінде оны коронавирусты алғашқы кезеңде анықтау үшін пайдалануға болатын көрінеді.

 

Қымбат НҰРҒАЛИ