Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Аталған жыл санауды ауызекі тілде «Жұлдыз есебі» деп те атайды. Яғни, «Ай» жүйесі арқылы уақыт есептеліп, жұлдыздар қозғалысының орналасуы бойынша тұрмыстық ахуал ойластырылып, ауа райы бақыланғандықтан осылай аталған.
Яғни, қазақша жыл санау туралы деректер VIII ғасырдағы Күлтегін ескерткіштерінде кездессе, ХІ ғасырда өмір сүрген Махмұт Қашқари «Диуани лұғат ат-түрік» атты еңбегінде: «Ертеде бір қаған ел басынан өткен елеулі оқиғаның қай жылы болғанын уәзірлерінен сұрайды. Ешкім дәл жауап бере алмайды. Содан ақылды патша бізден кейінгілер жаңылыспасын деп жылды 12 айға бөліп, оған 12 жануардың атын беріп және аспандағы 12 шоқжұлдызға негіздеп атауды ұсынған» деп жазады.
Мүшел есебі һәм жыл қайыру
12 жыл бір мүшелге жатады. Яғни, адам 12 жасқа толып, 13-ке аяқ басқанда алғашқы мүшелді толтырып «Бозбала» немесе «Бойжеткен» атанады. Екінші мүшел – 25 жас. Нағыз жігіттік кезең. Үшінші мүшел – 37, төртінші мүшел – 49, бесінші мүшел – 61 жас... осылай кете береді. Ежелгі түркілер 5 мүшелді яғни, 60 жылды бір цикл (жарын) деп атап («Григориан» жыл есебіндегі ғасыр сияқты) заман барысын жаңартып отырған.
Дәл осы жарын есебін тибет ламалары әлі күнге дейін қолданады. Өйткені олардың көне кітабындағы діни ғұрып-рәсім орындау мезгілі ежелгі жарын есебімен жазылғандықтан осылай істеуге мәжбүр. Олардың айтуынша, бұл есеп біздің қазіргі жыл санауымыз бойынша 1027 жылдан басталады.
Қазақ халқы ислам дінін қабылдағаннан кейін байырғы түркілік жыл санау есебіне аздаған өзгеріс енгені байқалады. Мұсылманша жыл санау Ай фазасының өзгерісіне икемделгендіктен оны қабылдау оңай болған сияқты. Өйткені мұсылмандар қолданған хижра жылының ай есебі – туар ай немесе синодтық ай есебінің негізінде жасалған. Бір айы – 29 тәулік 12 сағат 44 минут 3 секундқа тең. Әр айдың басы орақ мүсіндес жаңа туған айдың көрінген сәтінен басталады. Бұл құбылысты тұрақтандыру үшін хижра айлары – 29 немесе 30 тәулік болып алмасып отырады. Сол себепті хижра жылында – 354 тәулік жай жылдар және 355 тәулік кісебе жылдары болып бөлінеді. Бұл есеп біздің қолданып жүрген күнтізбеден (бір жылы 365 немесе 366 тәуліктен тұратын) 10-11, кейбір жылдары 12 тәулікке қысқарады.
Осы орайда өткен тарихымызды біліп, болған оқиғалардың уақытын нақтылап, көне қолжазбаларды зерттеумен айналысатын адамдар үшін «хижра» жыл есебін, қазіргі қолданып жүрген «григориан» жыл есебіне айналдыру тәсілін, жыл қайыруды білу өте қажет.
Мысалы, Әбу Райхан Беруни хижраның 363 жылы туған делік. Осыны бүгінгі жыл санауға айналдырайық. Ол үшін хижра жылын 33-ке (бұл екі жыл есебінің айырмасы) бөлу керек. Содан шыққан санды хижра жылынан алып таста да, жаңа санға 622 санын (хижра жылының басы) қос. Нәтижесі:
а) 362: 33 = 11,
б) 362 – 11 = 351,
в) 351 + 622 = 973 жыл.
Әбу Райхан біздің жыл санауымыз бойынша 973 жылы туған екен.
Ж = X – (X : 33) + 622
Енді «григориан» жыл есебін «хижраға» айналдырып көрейік. Мысалы, сіз 1965 жылы туғансыз. Ол үшін:
а) 1965 – 622 = 1343
б) 1343 : 33 = 42
в) 1343 + 42 = 1385 хижра жылы
Ескерту: санды 33-ке бөлгенде нәтиже қалдықпен шықса, қалдық 17 санынан көп болса, нәтиже бүтін санға айналдырылады. Қалдық 16 санынан аз болса тек бүтін бөлігі алынады.
Жаңа жарынның басы – Темір тышқан
Жоғарыда атап өткеніміздей, бір мүшелге жататын жыл аттарының алғашқысы – Тышқан. Көне түркі жазбаларында «табығасын» деген атпен белгілі бұл жануар «жарын» есебінің бірінші жылы. Ежелгі түркілер бір жарында, яғни 60 жылда 12 жыл атауы бес дүркін қайталанатындықтан, қателесіп кетпес үшін оларға бес түрлі түс және бес түрлі материалдық зат атауын берген.
Мысалы, ақ, сары, қызыл, қара, көк деген бес түрлі түс атауымен қатар, темір, ағаш, топырақ, от, су сияқты материалдық атауларды есепке алған. Бұл атаулар жарын есебін жүргізгенде жаңалыспау үшін қажет болған сыңайлы. Жоғарыдағы есеп бойынша биыл Темір тышқан жылы кіріп жатыр.
Жалпы, тышқан жылының ерекшелігі жайлы ежелгі жазбаларда, фольклорда көптеген жорамал-болжамдар айтылады. Керекулік молда атамыз Машһүр Жүсіптің жазбаларында, тышқан жылы егіншілік кәсіпке қолайлы, осы жылы туғандар көр-жерді жинағыш, еңбекқор болады десе, танымал этнограф Биқұмар Кәмалашұлы 2013 жылы жарық көрген «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» атты көлемді еңбегінде: «Тышқан жылы туған адамдардың қылығы жыл жануарына ұқсас болады. Бұлар «тышқан тірлікке» құмар, дүние жинағыш, үнемшіл, ұқыпты жандар. Бір басына жетерлік дүние жинап, жақсы өмір сүреді. Бұл жылы туғандар ұлу, қоян, қой, мешін жылы туған адамдармен жарасымды өмір сүре алады. Барыс, ит, жылан жылғылармен жарасымы жақсы болмайды» деген екен.
Сол сияқты биыл кірген темір тышқан жылы бұдан 60 жыл бұрын 1960 жылы бір дүркін келген екен. Осы жылы туғандар биыл «Алпыста бар асылың түгел жайнап, Маңыңа сəуле шашқан шырақтайсың» деп әйгілі әнші Балуан Шолақ атамыз айтқандай 60-тың асқаралы биігіне шығып отыр.
Биылғы темір тышқан жылының басқа тышқандардан ерекшелігі жайлы моңғол баспасөздерінде жарияланған болжамдарға жүгінсек, бұл жыл жаман болмайтын сияқты. «Биыл жаңа жарын басталғандықтан жамандық болмауы тиіс. Көне көшпенділер ұғымында «Тірлігі мығым адам – тышқан жылы туады» деген тәмсіл бар. Берекеге бай, белдігі бекем, тоқымы терсіз, түтіні түзу, тірлігі тоқ жыл болуға лайық» деп жазған екен News.MH сайты жұлдызшылар жорамалына сүйеніп.
Тышқан жылдары: елеулі оқиғалар шежіресі
Өткен ХХ ғасырдың басы (1900) тышқан жылымен басталған. Осы жылы рентген сәулесінің қызметі және газдың иондалуын зерттеп үлкен жаңалық ашқан француз физигі Поль Ланжевен мен әйгілі физик ғалымы Жолио-Кюри дүниеге келсе, орыс ғалымы П.Лебедев тұңғыш рет «Құйрықты жұлдыздың» құпиясын ашыпты. Сол сияқты, швед инженері Ю.Бринелль металл қаттылығын анықтайтын «Бринелль әдісін» ойлап тауыпты.
Осы жылы қазақтың көрнекті қоғам қайраткері, жазушы, әдебиет сыншысы, экономист Смағұл Садуақасов пен қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі академик-жазушы Сәбит Мұқанов дүниеге келген.
1912 тышқан жылы: Данияның әйгілі суретші-карикатурашысы Херлеф Бидструп дүниеге келген болса, неміс ғалымы М.Лауэ рентген сәулесінің дифракциялануын анықтап зор жаңалық ашыпты.
Қазақ руханиятының ірі тұлғалары: опера өнерінің жұлдызы Күләш Бәйсейітова, би өнерінің жұлдызы Шара Жиенқұлова, мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаев, әдебиет сыншысы Ілияс Омаров осы жылы дүниеге келсе, қазақ балуаны Мұқан Мұңайтпасов түрік балуаны Нұрлыны жығып «Қажы» атаныпты. Онымен қоймай осы жылы Саратов қаласында ағайынды Никитиндер ұйымдастырған цирк күресіне тұңғыш рет «Қажымұқан» деген атпен күреске шығып, тарихта қалды.
1924 тышқан жылы: қазақтың қаһарман қызы Әлия Молдағұлова, Ұлы Отан соғысының батыры, Рейхстагқа жеңіс жалауын тіккен Рақымжан Қошқарбаев, әйгілі суретші Үкі Әжиев дүниеге келсе, А. Байтұрсыновтың араб әріптері негізінде жасаған қазақ графикасы Орынборда өткен қазақ-қырғыз білімпаздарының алғашқы съезінде ресми түрде мақұлданыпты.
1936 тышқан жылы: ҚазАКСР-і КСРО құрамындағы одақтас республика ретінде қайта құрылып, ҚазАКСР-ның Орталық Атқару Комитетінің 9 ақпан күнгі қаулысымен қазақтарды «қырғыз» деп атамай «қазақ» деп атау туралы шешімі шықты. Қазақ әдебиеті мен өнерінің он күндігі Мәскеуде өтіп, әнші Күләш Бәйсейітоваға «КСРО Халық әртісі» атағы беріліпті.
1948 тышқан жылы: америкалық ғалым Ноберт Винер кибернетикалық ғылымға негіз болған «Кибернетика» атты зерттеуін жариялады. Дәрігер ғалымдар тұңғыш рет бауырдан ашық лағыл түсті жаңа витамин В12 кристалын бөліп алды.
1960 тышқан жылы: ҚазКСР-нің көптеген облыстары мен аудандарындағы қазақ тілді газеттер жабылды. Тың өлкесіндегі 700 қазақ мектебі орыс тіліне көшірілді. Мемлекеттік іс қағаздар, байланыс қызметтері түгелдей орыс тіліне өтті. «Ғасыр пырағы» атанған әйгілі арғымақ «Абсент» Рим олимпиадасында алтын медаль жеңіп алса, атақты желаяқ Ғұсман Қосанов КСРО құрамасы сапында Олимпиаданың күміс жүлдегері атанды.
1972 тышқан жылы: Әйгілі Медеу мұз айдыны салынды. Қазақ-совет энциклопедиясының алғашқы томы жарық көрді. Әйгілі баскетболшы Әлжан Жармұхамедов қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы атанды. АҚШ астронавтары Юджин А Цернан, Гаррисон, Х.Шмиттер айдың үстінде 12 күн, 13 сағат, 51 минут болып рекорд жасады. Вольфбург (ФРГ) машина жасау зауыты «Фольксваген-жук» авто көлігін жасап шығарып, әлемдік стандартқа жаңалық енгізді.
1984 тышқан жылы: «ҚазКСР Халық жазушысы» атағын беру туралы ҚазКСР Жоғары Кеңесінің Президиумының указы шықты. Бұл атаққа тұңғыш ие болғандар – Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Т.Әбдірахманова. Күйші Нұрғиса Тілендиевке «КСРО Халық әртісі» атағы берілді. Ташкент қаласында өткен бокстан КСРО чемпионатында Кәрімжан Әбдірахманов, Серік Нұрқазов, Серік Қонақбаев, Асылбек Қилымов бастаған төрт қазақ азаматы қатарынан жеңіс тұғырына көтеріліп, бұл оқиға қазақ боксы тарихында қайталанбас жетістік ретінде тіркелді.
1996 тышқан жылы: 30 қаңтар күні қос палаталы тұңғыш Парламент өз жұмысын бастаса, желтоқсаншы Қайрат Рысқұлбековке «Халық Қаһарманы» атағы берілді. Қазақстандық боксшы Василий Жиров Атланта олимпиадасында чемпион атанып, «Баркер» кубогын жеңіп алды.
2008 тышқан жылы: Астананың 10 жылдық мерейтойы өтіп, бұған дейін 10 маусымда тойланып келген қала күні «6 шілде – Астана күні» мемлекеттік мереке болып бекітілді. Астана көшелері мен даңғылдарына жаңадан атау беру, қайта атау немесе біріктіріп атау туралы шешім қабылданды. Осыған орай кешегі кеңес дәуірінен қалған тоталитарлық атаулар өзгертіліп, оған қоса жаңадан бой көтерген аудандар мен көшелерге заманға сай жаңадан 309 атау берілді. Осы жылы бас қалада аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлының еңселі ескерткіші орнатылды. Боксшы Бақыт Сәрсекбаев Бейжің олимпиадасының чемпионы атанды.
2020 тышқан жылынан да күтер жақсылығымыз көп. Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!