Топырақтың тоңы жібіп келеді шөп төлежіп, көкжиек көзін ашса етеді көк төрелік. Күңгірт кеш нұрланады, тіршілік нәрленеді. Ағаштар үнсіз қалғып, күтеді әлденені. Бірі шешек атады, бірі бүршік жарады. Жасыл түске бояйды мынау байтақ даланы. Меңіреу табиғат ұйқыдан оянады, он беске енді толған сұлудай боянады. Данышпан дәуірдің еседі самалы. Шымға қайта тиеді, шымшық құстың табаны. О, неткен суреткерлік. О, неткен көрегендік. Көгершін күлкісі күй болып естілетіндей. Күн сұлу қырды кезіп үйіне кеш келетіндей. Наурызға нарша мініп, көктемнің келгені ме? Қуанып тұрғаным-ай өзіңді көргеніме.
Жайдарман жаңа нұрдың түрілсін түңілігі, дәл бүгін жылдың басы – Ұлыстың ұлы күні. Бұл айналасына әйгілі, маңайына мәшһүр бабамның бағзы бір балалығынан, қазынасы мен базынасынан, еркелігі мен серкелігінен, өмірге құштарлығы мен құмарлығынан туған қасиетті мейрам. Қош келдің, қадірлі мейман! Төрлет бері! Сезімсіз бір күй басты өңірді сен кеткелі.
Қабағына қар жауған, қар жауғанда мол жауған жұмыр басты пенденің қарақазан өкпесі тарқайтын сәт. Алыстағы ағайын мен жақындағы көршіңе сәлемін жолдайтын сәт. Асыл да лағыл Самарқанның көк тасы еритін сәт. Барша халықты бауырына балап, бақытқа бөлейтін сәт. Сағатсыз қоңырау, тағатсыз тіршілік достық деп ұрандайды келіп. Жас көңіл шалқымай, шалқу жырға айналмай тұра алмайды неғып?! Арманға жол ашады қадірлі Қызыр түні, қиялдың қайта түлеп қызғалдақ қызыл гүлі. Аспаннан ақ жауындай тілектер сілбірейді, сәбидің моп-момақан жанары мөлдірейді. Кеудеде сағыныштың қап қойса белгілері, жанына жақын жанды келеді көргілері.
Қызыр бұл адамдарға дәулет дарытып, бақ қондыратын, ырысын ырғын қылып шаттандыратын ақсақал кейпінде көзге көрінетін ғажайып мифтік кейіпкер. Сеніммен әлдилеп келеді сүйікті ел. Жақсылық жаршысы, парасат тамшысы, сый берсе көңілің қалады аршылып. Бауырға алады бағыңды барша жұрт. Жаңа шыққан күн-мейір шұғыла символы, әр ісі игілі. Қызыр ата құтты мекенді аралайды. Әрбір шаңырақ төрінде жағылған қос шырақты сағалайды. Бұл деген сенімнің Тәңірлік нышаны, содан ба әр үйдің маздайды ошағы. От анасы бар ыдысқа ақ құяр «татулық туыс болсын» деп кесесін дәнге толтырар, «ынтымақ, ырыс толсын» деп. Бала біткен баянды баба жолын жалғастырады. Көпті көргендер малдас құрады. Қария бәйшешекті балаға сұрау қойған. Аумайтын ақ дидары нәп-нәзік құралайдан. «Самалық, самалық, Көк құс көзін ашты ма? Аяғын жерге басты ма? Самалық, самалық, Самарқанның көк тасы жібіді ме, көрдің бе? Самалық, самалық, Қап тауының көк құсы жүгірді ме, көрдің бе?» дейді бәрі, домбыра үнінен төгіліп күй мұралы. Қысында жаураған жұртымның дауасындай, кімде бар айтшы, кәне, мереке дәл осындай?
Сол күні аспанда қоңыр үн жамырайды, өріске шыққан қойлар топталып маңырайды. Еш ұмыт қалмайды халықтың айтқаны, аңызға бергісіз ғажайып жайттары. Біреулер Сүлейменнің жүзігі табылған сәт деп санайды екен. Біреулер адамзат шыраққа шомылған отқа балайды екен. Аңыз ғой, мұны да алып қой жақшаға, тағы да тап-таза, ғибратты әпсана. Әйтеуір мереке болса екен кәделі, ертеңі шуақты ертегі әлемі. Наурыз думаны басқадан биік бұл, көженің ауада иісі иіп тұр. Желектің жұпары мұрынды жарады, сөнбеші ешқашан мереке алауы.
Уа, жер ғаламшары құтты болсын жаңа жасыңыз, қашанда биікке домаласын тасымыз. Дәстүрім жаңғырды бабалар көшімен, салтым бұл ешқашан шықпайтын есімнен. Наурыз мейрамы қобыздың сарыны, қасиет әуені, көңілдің күмбірі, бәйтерек мәуелі. Наурыз мейрамы салтанат сарайы, сағыныш жемісі, сәруар самалы, керуен келелі. Көңілім шаттанып көшеге шығайын, бәрінен мен бүгін сүйінші сұрайын!