Руханият • 21 Наурыз, 2020

«Тараз» триосына «Тараз қаласының Құрметті азаматы» атағы әлі берілмеген

701 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттың ұлы құндылығын дәріптеген өнердің әлбетте тынысы кең, ғұмыры ұзақ. Есті әнді таңдап айтып, ел жүрегіне қайталанбас қоңыр әуен арқылы жол тапқан өнерпаз да ел есінде сақтала бермек. Ән қонған Әулиеата жерінде әуелі «Алатау» болып құрылып, кейіннен «Тараз» триосы болып өзгерген өнер иелеріне деген елдің құрметі ерекше.

«Тараз» триосына «Тараз қаласының Құрметті азаматы» атағы әлі берілмеген

Мыңжылдықтардан бері жалғасып келе жатқан жаһандық деңгейдегі теңдесі жоқ халық әндерінің біразы осы топтың орындауында халыққа жетті. Негізі, «Тараз» триосының әуелі «Алатау» болып құрылғанын айттық. Оның құрамында алғашында Алтынбек Қоразбаев, Алтынбек Бекмұратов және Мұхтар Рахманқұлов болған. Әр жылдары Берік Қалиев, Пернебек Оспанов, Есенбек Сәтбаев және өзге де талантты өнерпаздар өнер көрсетті. Ал, 1979 жылдан бүгінгі күнге дейін топ құрамында еңбек етіп келе жатқан Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Асылхан Шүңіреков топтың 2000 жылы Тараз қаласының екі мың жылдығына орай «Тараз» триосы болып өзгертілгенін айтады. Еліміздің ғана емес, кезінде шет елдердің тыңдармандарының да ықыласына бөленген «Тараз» триосы көне Тараз шаһарының символы іспетті. Қолына домбыра, баян, сырнай алып, сахнаны сырға бөлеген өнерпаздарды халық та жоғары бағалайды. Әсіресе Кенен Әзірбаевтың атақты «Көк шолақ» әні ел есінде мәңгі қалып қойған.

Шын талант атақ үшін еңбек етпейді. Десе де, еңбектің еленгені жақсы. Биыл негізінен «Алатау» ансамблінің құрылғанына жарты ғасыр толады. Ал, «Алатау» триосы ансамбль ішінен құрылғанын айттық. Уақыт өте келе бұл топ «Тараз» триосы болып өзгерді. Талай жылдан бері «Тараз» триосы болып келеді. Әйтсе де, бүгінде екінің бірі алып жатқан «Тараз қаласының Құрметті азаматы» деген атақ «Тараз» триосының құрамына әлі берілмепті. Бұл өнердің бағасын түсірмегенімен, оған деген лайықты құрметтің жоқтығын көрсетеді. «Тараз» триосы сахнада жүргелі Таразға талай әкім келіп, кетті. Олар жақсы жұмыс істеген шығар, бірақ, шын өнерге құрмет көрсете алмағандары ойландырады...

Жамбыл облысы