Әдебиет • 21 Наурыз, 2020

Мәрмәр теңізі жағасындағы мұң (әңгіме)

1008 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

    Тоқтауы жоқ Стамбул қаласының тіршілігі қызып тұр. Ақ желкенінің маңдайын кешкі самалға сүйдіртіп көпірдің арғы бетінен бергі бетіне қайықтар тынбай ағылып жатыр. Бұл кереметті жырлау үшін қаншама күн мен қаншама түннің керектігін кім білсін?! Ол бақшаның бергі бетіндегі орындықта сонау ұшы-қиыры жоқ Мәрмәр теңіздің сұлу көрінісіне, оның етегінде ойнақшып, тербелген тентек толқынға, көктегі толған айға тамсанып бір өзі отырды. Жанындағы үстелдің үстінде жылдар бойы өзімен бірге тастамай алып жүрген үн таспа. Ол үн таспада күніге қосылулы тұратын сол бір ән. Қасына ептеп келдім де, қарама-қарсы тұрған орындыққа жайғастым. 

Мәрмәр теңізі жағасындағы мұң (әңгіме)

   - Бұл әнді тыңдай қалсаң, бірден күйіне кететіндей не құдіреті бар сонша?! - деп, тосыннан сауал тастадым. Бұрындары қаншама жыл бірге жүрсек те, дәл бұлай құлазыған кейпін көрмеген едім. Көзінен жасы үзіліп түскен ол әңгімесін айта бастады:
   - «Құмға да түскен құмыра уақыты жетсе қирайды» ғой. Менің де жаным сол құмыра сияқты. Ер азаматтың дәл бұлай салы суға кетіп, жігерінің жасығаны, сірә, мазақтауға тұрарлықтай болар, ә достым? Бірақ, жүрек дегенің бәрімізде бірдей. Мені осыншама қауқарсыз қылған ол не дерт десеңші. Қайратым көзімнен көрінетін жанарымнан тамшы жасты құлатқан бұл әуеннің нендей құдіреті бар? Өзімді үнемі «бұл - тағдырдың жазғаны» деп жұбататынмын. Әйткенмен, қалауым оған көнсін бе?
   Әлі есімде. Мен оны осыдан тура жиырма төрт жыл бұрын алғаш рет кездестірдім. Күздің қара суығы. Мені онымен алғаш кезіктірген сағыныштың маусымы, ғашықтықтың мекені кеуде тұсымда мәңгіге ыстық естелік боп қалып қойды. Бұл оқиға менің туған елімдегі Семейге алғаш баруымнан басталған еді. Жастықтың буына масайып, қалам тербеп, ән жазып, қала берді шарықтата шырқап, балдай дәуреннің қызығына енді ғана қарық болып жүрген шағым. Туған жердің түкпір-түкпірінен оқ бойы озық шауып жүрген кіл жүйріктер келді. Мен ол қалаға ауыз толтырып айтарлықтай сұлулығы үшін ғана емес, жанымның рухани азығы бола алғандығы үшін ғашық болдым. Білемісің?! Әсем көпірі мынау Стамбұлдағы Селим Сұлтанның ұзын-сонар көпірінен аумай-тұғын. Сол көпір жүрегімдегі жолдарды оның жүрегімен жалғайтындай күй кешетінмін. Есімі - Ақмейрім. Менің жігерімді құм қылған, намысымды жығып, жанымды құлазытқан - Ақмейрім. Айдай әппақ жүзі бетін мүлде кір шалмаған ақ парақтай еді. Мөлдір жанарларынан тәтті бір мұң байқалатын. Еркек атаулының алдынан кесе-көлденең өтіп көрмеген нәзігімнің биязы қалпы, қос бұрымы, кең етегі бүгінге дейін көз алдымда. Оны алғаш көргендегі күйім де әлі есімде. Тұла бойым атша тулап, жүрегім дір-дір етті. Алпыс екі тамырымда қан ойнақтап, тілім өзді-өздігінен күрмеліп қалды. Мен тілсіз ғашықтық дегенді сол кезде-ақ сөзсіз ұғындым. Айдай сұлу Ақмейрім сол сапарда барлық жігіттің таңдайын қақтырды. Көздеріне көзің түйіссе елітіп әкететін оның ақ жүзі талайды есінен айырды. Бұрын соңды ұяңдық дегенді білмеген мен оны көргенде қой аузынан шөп алмас момындай мелшидім де қалдым. Бұл оны ең алғаш көргенімдегі бастан кешірген тәтті сезімім болатын...
     Бір уақ көзінен домаланып түскен жасты ет жеңді алақанымен сүртті де, маған қарап:
    - Сен өзі сүйгеніңнен айырылып көрдің бе?, - деді.
    Мен үндемедім.

1
  - Демек көрмегенсің ғой. Ал мен көрдім. Ойымнан жиі оралады, аңсаған ақ құсым көз алдымда өзгенің алақанына бақ болып қонды. Мен сапарлатып барған Семейдегі сол доданы айтам... Мыңдаған үздіктер бас қостық. Жасы да, кәрісі де, ұлы да, қызы да бар. Шығыстың қонақжай халқы бізді жылы қарсы алып, отыз күн ойын, қырық күн тойын жасады. Шамасы Семейде біз көрмей кеткен әсем жер жоқ шығар. Тіпті оның кең даласына дейін бірге шарладық. Ұмытпасам, сол кез болуы керек, «Еңлік пен Кебектің» қойылымын алғаш рет ен далада аса бір құлшыныспен тамашаладық. Сол сәттерде Ақмейрімге деген сезімім одан әрі өрши түсті. Бала махаббат деген ұяң келеді екен. Қанша жерден топ жарып, жұртшылықтың алдында жүргенмен, Ақмейрімді көргенде көмейім тарылып, аузыма тым құрығанда бір ауыз сөз де түспейді. Бір көргеннен ғашық болу дегенің өтірік, махаббат дегенің жалған деп санайтын мына мені Жидебайдағы сол дода түбегейлі өзгертті. Жидебайға түс ауа келіп орнықтық. «Менмін» деген талай өнерпаз, ішінде әншісі де, сазгері де, ақыны да бар, ортаға шығып өз өнерлерін көрсетті. Кезек Ақмейрімге келгенде Жидебайдың желіне дейін тына қалды. Құдды бір сыңғырлаған әсем дауысынан табиғат атаулы түгелдейін ләззат алғысы келгендей. Бұған дейін ашылып ешкіммен сөйлеспей жүрген Ақмейрім сахнаға шыққан бойы өзгеріп сала берді. Өнер десе, өлең десе ішкен асын жерге қоятын нағыз таланттың бірі екені сол кезде-ақ айқын байқалды. Еліткен ерке қыздың тәтті қылықтарына тоймай жүргенде сорлы басым кетер уақыттың келіп жеткенін де аңғармаппын. Ойымда бар болғаны онымен бір ауыз болсын тілдесіп қалу еді. Демімді ішіме тартып, жанына жақын бардым да «уақыт қанша» дедім. Шындығында мен үшін ол уақыттың ешбір маңызы болмаған. Керісінше біздің жолымызды екіге айырғалы тұрған мына уақыт тоқтап қалса ғой шіркін деп тіледім. Ол маған жымия қарап:
     - Сізді мұнша батыл деп ойламаппын, тым жақсы өнер көрсетіңіз, - деді.
Қызға қырындауға батылым жетпей тұрғанда бұл қандай батылдықты айтып отырғанына өзім таңқалдым. Осы бір қысқа ғана тілдесу көңіліме ерекше шаттық ұялатты. Сөз арасында ұялыдағы байланыс жайын сылтауратып, номерін де біліп алдым. Кетерімде үнсіз ғана бұл таныстық мәңгіге созылса екен деп тіледім. Бірақ тағдыр оны құп көрмеді, досым... Біз жылға жуық хабар алмасып жүрдік. Сағынып хат жазам. Кейін жүрегім алып-ұшып одан хабар күтем. Күндердің бір күні алдында ақтарылып жан сырымды айтармын деп жүргенде одан мүлде өзге хат келді. Ішімде бір арпалыс барын түсіндім. Амалсыз тістене беріппін. Мен оны қия алмадым, сөйтсем ол өзгені қиялдаған екен. Мен оған өлең арнадым, ал ол оған өлең арнады. Аруды сүйген жүрек тулауын тыя алмады. Бірақ бәрібір мен ғашығымды сол беті сүйе алмадым...

2
    - Сенің сезіміңді соншалық елемей кететіндей оны кім ғашық етті?                                                                   Тым болмаса осылай жұбатайын деп ойладым.
   - Кім деймісің?, - деген ол мырс етіп күліп жіберді де сөзін жалғады: - Сол жылы Семейде сайысқа бірге түскен дөкей сымақтың баласы бар еді, сол екен. Көңілін қайтіп арбағанын, қайтіп аулағанын білмеймін. Әйтеуір өзіне тәуелді етіп алды. Қыз байғұстың көңіліне қаяу, қабағына кірбің ұялатқым келмей мен де үнсіз кеттім. Артынша арадан тура жеті жыл өтті. Ақмейрім ұмытылды. Дегенмен жүректің аты - жүрек, сезімнің аты  - сезім ғой. Елден әлі көшпеген кезім. Өнерде біраз жылдан бері бірге жүрген жақын досым бар еді. Сол досым бір күні бір өлеңін оқып берді. Өлең тым тәтті, тым сәтті шыққан. «Осы бір өлеңге ән жазсаң, қалай болады?» деп қолқа салды. Досымның өтінішін бірден қабыл алдым. Неге екенін қайдам, сол ән жүрегіме тым жақын болды. Шыққанына көп уақыт өтпей жатып сұраныс та келіп түсті. Өзіміздің жерлес әнші орындамақ екен. Мен ешқандай қарсылық білдірмедім. Ол әуен барша ана мен әкені қуантқан - «Балбөбегім» еді. Бұрындары ешбір өлеңнің шығу тарихына қызығушылық танытпаған мен, бір күні әлгінде айтқан досыма хабарластым. Сондағы мәселем сол өлең жайында. Досым ағынан жарылып, мән жайды бүге-шүгесіне дейін баяндап берді. Ақмейрім деп аталатын бала күнгі досы сәби сүйіп, өлең арнауын өтініпті. Сырлас достың қуанышына ортақтасқан күйі бар тілегін, ізгі ниетін сері досым өлеңге сыйдыртып, оған тарту еткен көрінеді. Ойыма бірден жастық шағымда қалып қойған Ақмейрім оралды. Көзімді жеткізу үшін суретін жіберші дедім. Сөйтсем қателеспеппін, сол екен. Бақыттың бақшасына қонақтаған бала ғашығымды көргенде кеуде тұсым дір ете қалды. Мен осыдан біраз жыл бұрын ес-түссіз сүйген Ақмейрімімнің перзентін көргенде егіле жаздадым. Өкініштен өртенген өзегім, буырқанған көз жасым ескі жарамның аузын тырнады. Мен тіпті еміреніп иіскей алмаған бала ғашығым осынау бір өлмес әннің шығуына себепкер болыпты-ау, мұңдасым, себепкер болыпты...
     Шарасыз шығып жатқан көз жасы мен діріл қаққан дауысынан оның неліктен әлі күнге дейін жалғыздықта күн кешіп жатқандығын ұғынғандай болдым.
     - Білмей жатып сөксем, азаматтығыма сын болар. Дегенмен, төзіміңе қайранмын, досым. Жұмыр жүрегіңдегі сезіміңнің беріктігіне қайранмын. Еркектерді жыламайды деп кім айтқан? Жылайды екен. Қос жанардан жас шығармаса да, жүрегі жылайды. Бұл жаққа неге ғана асыққаның енді түсінікті болды.
   - Бұл баянсыз бақ, мезгілсіз қоштасу, бұйырмаған кездесу мені ол жақта ұстап қала алмады. Қала-тұғын себеп те болған емес. Нағыз еркек өмірінде бір-ақ рет қана ғашық болады, бір-ақ рет қана ес-түссіз сүйе алады. Мен көп жандардың арасынан Ақмейрімімді іздедім. Алайда, таппадым. Қанша жанның жанарына үңіліп қарасам да, оны көре алмадым. Осы уақытқа дейін мыңдаған ән жазсам, оның бірі де бұл ән сияқты маған жақын болған емес. Менің емес, өзгенің бөбегін ақ бесікте тербеткені жаныма мұншалық батса да сондай ыстық. Әр кез бұл әуен ойнаған сайын көз алдыма көркімен көктегі ай таласқан әсем ару оралады. Оның бейнесін ұмытпас үшін мына үн таспаны жанымнан тастамай алып жүрем. Оны өмірімнен жоғалтқаннан кейін өзімді де бірге жоғалттым ғой. Тым құрығанда жетім жүрегіме осы медет болса екен деймін. Стамбұл да екінші Семей сияқты. Жатсың деп өзектен тепкен емес. Мен өмірді ол деуші едім. Мәрмәр теңізге көздің жасын көл-көсір төгу үшін емес, сағынышымды сейілту үшін келдім. Мынау алып шаһар - ол үшін кешкен ауыр азаппен пен кәусар сезімдерімнің тізбектелген көшірмесі сияқтанады да тұрады. Әнге де соны қосамын. Мына тұрған көк аспан, толған ай, жымыңдаған жұлдыз, бәрі-бәрі менің тірі екенім жайлы оған хабар беретіндей көрінеді. Тек қайда, кіммен екенім белгісіз. Бір құдіреттің бары рас болса, онымен түбі бір кезігеріме сенімдімін.
Дүние расында дөңгелек екен, сырлас, дөңгелек... Мен жазған мына бір әнге балбөбегіңді тербетіп, дүниенің қазір қай шетінде жүр екенсің, бұйырмасым... Қайда...?
    Сөзін соңына дейін жеткізбестен, іштегі аласапыран мұңымен бөліскен ол сол күйі орнынан тұра келді де, Ортакөй жаққа беттеді.
Ал үстел үстіндегі әлгі әуен әлі ойнап тұр...

Нұршат Тұрсынхан,

Орал қаласы