Аймақтар • 21 Наурыз, 2020

Түркістанда үй тонағандардың жолы кесіледі

186 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінгі күні Түркістан облысында пәтер ұрлығы қылмысының ашылу көрсеткіші артып келеді. Ұрлықтың алдын алу мен болдырмау мақсатында полиция қызметкерлері қырағылық танытуда. Әсіресе, криминалды полиция бөлімінде қызмет атқаратын шенділердің еңбегі жоғары.

Түркістанда үй тонағандардың жолы кесіледі

Әрбір қылмыскерді құрықтау ісі өміріне қауіп төндірсе де, сертінен танбайтын жанның бірі – Мейірхан Курбанбаев.  Ол бүгінгі күнге дейін пәтер ұрлығының бірнеше дерегін анықтап, ашқан.

– Наурыз айының басында Түркістан қаласының тұрғыны пәтерін тонағаны туралы полицияға шағымданды. Қажетті іс-шаралар кешенін жүргіздік. Куәгерлерден жауап алып, бейнебақылау камералары тексердік. Бір аптадан кейін, жедел-іздестіру іс-шарасы нәтижесінде Түркістан қаласының полиция қызметкерлері екі күдіктіні құрықтады. Оның біреуі бұрын сотты болған. Тергеу барысында күдіктілердің 6 пәтер ұрлығын жасап, жәбірленушілерге бірнеше миллион теңге көлемінде шығын келтіргені анықталды. Белгілі болғандай, ұрылар жәбірленушілердің үйлерінің есіктерін қағып немесе терезелерінен ішінде ешкім жоқ екеніне көз жеткізіп алған. Содан кейін терезелер мен ашық есік арқылы тұрғын үйлерге кіріп, бағалы заттар, алтын бұйымдар мен ақша жымқырған. Ұрланған мүлікті жас жігіттер сатып алушыларға апарып сатқан, ал ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсаған. Қазіргі уақытта аталған оқиғалар бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сондай-ақ қаңтар айында да қаладағы пәтер ұрлықтарына қатысы бар екі күдіктіні құрықтадық,  – дейді полиция капитаны.

М.Мұсабекұлы 1987 жылы Мақтарал ауданы, Атакент қалашығында дүниеге келген. Шымкенттегі спорт мектеп интернатында білім алған ол М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да «Заңгер» мамандығын меңгерген. Ал ішкі істер саласындағы еңбек жолын 2013 жылы жедел уәкіл болып бастаған. Кейіннен Алматы қаласындағы мамандандырылған батальонда аға инспектор болып еңбек етеді, Түркістан қаласында экстремизм бойынша аға жедел уәкіл қызметін атқарады. Қазір Түркістан қалалық криминалды полиция бөлімінің бөлімше бастығы әрі полиция капитаны.

– Әкем ішкі істер саласында көптеген жылдар бойы еңбек етті. Әкемнің жолын қуып, менде бала күнімде полиция болуды қатты армандадым. Осы жолда білім алып, біліктілігімді арттырдым. Кейіннен ағам да шен тағып, арнайы форма киді. Менің де арманым алдамады. Қазір полиция қызметкерімін. Қоғам тыныштығын сақтау барысында қалтқысыз қызмет ете беремін, – дейді М.Курбанбаев.

Қайрат ЗАЙНИШЕВ