24 Тамыз, 2013

Бо Силай 800 мың долларды жұбайына аударғанын мойындады

291 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Китай-Бо Силай-1

Қытайдың Чунцин қаласы партия комитетінің бұрынғы хатшысы Бо Силай әйелі Богу Кайлайдың банкідегі есепшотына 5 млн. юань (817 мың доллар) ақша қаражаты аударылуына жауапты екенін мойындады. Бұл туралы ИТАР-ТАСС хабарлады.

Бастапқыда бұл сома далянь қаласында ғимарат салуға бөлінген екен. Мұны бүгін сенбі күнгі сотта 2002 жылы осы қалда шенеунік болған Ван Чжэнган айғақтап берді. Сонымен бірге, қуғынға ұшыраған саясаткер өзінің ұлына бизнесмен Сюй Миннің саяхатқа шығу үшін жеке ұшақ ұсынып, оның Франциядағы керемет отельдерде тұруын төлегені мен вилла сатып алып бергенін жоққа шығаруын жалғастырды. Бо Силай мұның бәрін білмейтінін айтты.

Қазір бұрынғы партком хатшысы қызметтік жағдайын пайдаланып, 26,79 млн. юань (4,37 млн. доллар) көлемінде пара алды және отбасы мүшелерінің өтінішімен кәсіпкерлердің мүдделерін қорғады деген айыппен сотталғалы отыр. 64 жастағы Бо Силай 2012 жылғы қарашада өткен 18-съезде ҚКП Саяси бюросы құрамына енуге толық үмітті болды. Алайда, өткен жылдың қыркүйек айының соңында Саяси бюро оны «айтарлықтай тәртіп бұзшылықтарға жол бергені үшін» партия қатарынан шығарып, ісін құқық қорғау органдарына беру туралы шешім қабылдап қойды. Қазанның соңында Қытай Жоғарғы халық прокуратурасы Бо Силайдың «болжамды қылмыстық істері» туралы тексерісті бастады. Оның әйелі Богу Кайлай Британия азаматын өлтіргені үшін өлім жазасына кесілді, ал көмекшісі Ван Лицзюнь пара алғаны және лауазымын асыра пайдаланғаны үшін 15 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сәкен Майлыбай.