Осы күні аймақтағы 672 мектепке дейінгі білім беру ұйымының 72% жекеменшік балабақшалар. Өңірде 3 пен 6 жас аралығындағы балалардың мектепке дейінгі білім берумен қамтылу деңгейі 100% құрады. Ал жалпы орта білім беретін 293 мектепте 161 469 оқушы білім алып жатыр.
Хабарламашы қазіргі негізгі мәселенің бірі ретінде облыстағы білім беру ұйымдарының орыс сыныптарындағы мамандар жетіспеушілігін айтты.
Жыл сайын қаладағы білім беру ұйымдарында 20-ға жуық орыс тілінде білім беретін бастауыш сынып педагогтары жетіспейді екен.
– Орыс сыныптарында физика, химия, биология, математика пәндерінен зейнетке шыққан мұғалімдер сабақ беріп жүр. Әсіресе, ауыл мектептерінде орыс тілі пәні мамандарының жетіспеушілігі алаңдатады, – деді ол.
Осыған байланысты облыстық білім басқармасы мен Қорқыт ата атындағы ҚМУ орыс тілінде сабақ беретін мұғалімдерді дайындау мәселесін бірлесе қолға алып отыр. Осы мақсатта 2020–2021 оқу жылына педагогикалық мамандықтар бойынша 25 ректор грантын бөлу қарастырылған. Сонымен қатар, колледждерде орыс тілінде бастауыш сынып педагогтарын даярлау үшін жергілікті бюджеттен мемлекеттік тапсырыс бөлуге шешім қабылданған.