Әдебиет • 22 Наурыз, 2020

Қартқожа кім болған?

3518 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Күн өткен сайын көңілдегі көп суреттің көмескі тартып, ғасыр тудырған сәттердің, оқиғалардың күнгейі мен көлеңкесі араласып кетеді. Бірақ тасқа басылған таңбалы оқиғаның тағдыры да, талайы да бөлек. Қиян-кескі өмір, дәуірдің жан алысып, жан беріскен қилы кезеңі туындыгер қаламындағы кие арқылы көркемдік кеңістігіне шығып, түбіндегі шындық шыңыраудан болса да шырқырап тұрады. Әдебиеттегі «Жазушы өзін жазуы керек» деген ұлы ұстаным сөз өнері дертке баланған уақыттан бері ұлт тарихнамасында, әдебиетінде жасап келеді.

Қартқожа кім болған?

Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары жазылған Жүсіпбек Аймауытовтың «Қартқожа» романын оқырманның бәрі біледі. «Ұмытпасам, бұдан табандатқан 14-15 жылдар бұрын болса керек: Қаржасбайдың аңыраған қонақ үйінде жиырмаға тарта баланы алқа-қотан отырғызып, Мәжит қожаның азан-қазан қып оқытып жататыны. О кез Мекалайдың аузынан жалын шығып тұрған шағы еді...» деп басталатын тағдырлы туындының бас кейіпкері Қартқожа кім?!. Қалыптасқан әдеби дәстүр бойынша жазушы өз басынан өткен оқиғаны әртүрлі тағдыр иелерінің өмірнамасымен қабыстырып, жиынтық бейне жасап шығуы да мүмкін. Себебі, Жүсіпбек Аймауытовтың балалық дәуірі кедейлердің жаншылып, әділетсіздік, теперіш көрген кезеңі еді. Одан кейінгі уақытта да бұл қасірет еселеніп, дегдарларды оққа байлады, отқа итерді. Жазушы Қартқожаның өзі көрген бейнесін «Со кезде қожадан талай бала оқиды. Сол балалардың ішінде босаға жақта астында бір жапырақ тай тері, мұрнын қос-қостан тартып, қожасының ақ сабауына қарай түсіп, шиге шанышқан бір жапырақ қағазына үңіліп, құнысып, бір бала отыратын еді. Жасы 10-11 шамасы болар ма екен, қалай... Екі жеңі де сауыс, бетінің бір жағы да сатпақ, көзінің былшығы да жөнді тазармайды. Со баланың қақ-соқпен ісі жоқ, момақан, аңқау, көзі бажырайып, аузын ашып, мұрны қоңқиып отырғаны. Жасында болпиған, сүйкімді бір бала болады ғой, тап сол бала осы еді...» деп суреттейді. «Жұман – аз, нашар атаның тұқымы. Жұман дегенім әлгі Қартқожаның әкесі» дейді суреткер. Жүсіпбек Аймауытов Қартқожаның бейнесі арқылы сол кездегі кедейлердің тұрмыс-тіршілігін, замана келбетін береді. Ал Қартқожаның өмірде болған адам екенін Міржақып Дулатовтың қызы, талай тауқыметті көзімен көрген ардақты тұлға Гүлнар Дулатова «Тағдыр тауқыметін тартқандар» деген мақаласында жазады. Әкесі Міржақыптың Максим Горькийдің жұбайы, «Қызыл крест» қоғамының жетекшісі Екатерина Пешковаға өтініш жолдап, айдауда жүріп ауруға шалдыққанын айтып хат жазғанын айта келе, Гүлнар Міржақыпқызы «Тағдыр тауқыметін тартқандар» мақаласында: «Е.П.Пешкова арызын аяқсыз қалдырмай, папамның тілегін орындады, сөйтіп Ақтеңіз-Балтық каналының бойындағы Карелия республикасына қарасты Сосновец станциясына таяу поселкеге ауыстырыпты, онымен бірге жұбайымен жолығуға жол ашыпты. Е.П.Пешковадан хабар алысымен, папамнан: «Гая, тез келіп жет, бәріңді сүйдім. Міржақып» деген телеграмма алдық. Сондағы қуанғанымызды айтып жеткізу қиын, әкемнің өзін көргендей болдым. Осыдан кейін мамам өзімен бірге каникулда жүрген тоғыз жасар ұлы Әлібекті алып кетуге ұйғарды. Сол күннен бастап жинала бастадық. Папама қажет деген киім-кешегін, азық-түлікті әзірлеуге бәріміз жабыла кірістік. Өзім қызмет істеп жүрген Түрксіб теміржол басқармасынан жылына бір рет тиісті қалаған қалаға барып қайтуға берілетін тегін билетін жаздырып алдым (бұрын үй мүшелеріне де берілетін), бұл да себін тигізген жеңілдіктің үлкені еді. Қоштасып шығарып салуға туыстар, әке-шешемнің жолдастары жиылып мамама сәт-сапар тілеп, папама сәлемдерін айтқан еді. Ертеден келе жатқан дәстүр бойынша жақындар қарап қалмай сәлемдеме, жәрдем көрсетіп жіберетіні болмай ма, сондай жанашыр, тілектес кісілердің есімін атамауға болмайды, олар: «Қазақстан» баспасында (Казиздат) бірге жұмыс атқаратын редактор Қартқожа Тоғамбаев пен жазушы Әлібек Қоңыратбаевтар, тағы басқалар мамама конверт табыс етті. Тобымызбен жолаушыларды Мәскеу пойызына отырғызып жөнелттік...» деп, өз көзімен көрген естелікті баяндайды.

Гүлнар Дулатованың бұл дерегінен «Екі жеңі де сауыс, бетінің бір жағы да сатпақ, көзінің былшығы да жөнді тазармайтын» әдеби кейіпкер Қартқожа – кейінгі Қартқожа Тоғамбаевтың зиялы, ұлтшыл азамат болғанын көруге болады. Сондай-ақ, автор осы мақаласында Міржақыптың Әлібек деген ұлы мезгілсіз дүние салғанда, келіп, жерлеуге қатысқан бірқатар кісілермен бірге Ахмет Байтұрсынов, Елдес Омаров, Әлібек Қоңыратбаев, Қартқожа Тоғамбаевтың болғанын да жазады. Бұл жазбасында Гүлнар Міржақыпқызы Қартқожаны Міржақыптың үзеңгілес досы ретінде көрсетеді. 1935 жылы Міржақып Дулатовтың қайтыс болған қаралы хабары келгенде де арысты жоқтаған кісілердің ішінен Қартқожаның тұлғасы тағы да айқын көрінеді. Жалпы, Қартқожаның кісілік келбеті Гүлнар Дулатованың Алаш арыстарының тағдырын жырлайтын «Шындық шырағы» кітабында жан-жақты баяндалады. Сондай-ақ, Гүлнар Міржақыпқызы «Жан досым Шайда» деген мақаласын: «Шайда Тоғамбаевамен 1937 жылдан бері көріспей, амалсыз көз жазып қалғанымызға қырық жылдан асыпты. 1989 жылдың күзінде «Жалын» редакциясында өткен кездесуде Шайда мені көріп, бірден танып үйіріле кетті. Алғашқыда есіме түсіре алмай әуре болдым, сөйтсем, өзіміздің Қартқожаның Шайдасы болып шықты...» деп бастайды. Бұдан кейін автор Қартқожа туралы естелікті Шайда Тоғамбаеваның атынан баяндайды. «Бізге ауыр тигені – 1928 жыл, «байсың» деп мал-мүлкімізді кәмпескелеп, елден шығарып Торғайға жер аударды. Тұрақтаған жеріміз атақты Шақшақ Жәнібек батырдың ұрпақтары, белгілі Ахмет Бірімжановтардың ауылы. Ол жерде 1932 жылға дейін тұрдық. Айдаудан біз 1932 жылдың соңында Алматыға келіп тұрдық, сол жылы Қартқожа Тоғамбаевқа тұрмысқа шықтым, айттырып құдалыққа жүрген Сейділ Талжанов еді» дейді жақсының жары. Және Қартқожа Тоғамбаев та зерделі, зиялы болғаны, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытовтармен таныс-дос болғаны себепті, сталиндік репрессияның құрбаны болған тұлға. Бұған бірінші дәлел – Шайда Тоғамбаеваның естелігі. «Бір күні Баянауылдан Қартқожаның жерлесі ақын Иса Байзақов келіп, Қартқожа екеуі оңаша отырып, ұзақ әңгімелесіп кетті. Иса бізге жиі келетін, оған мән бермейтінбіз, осы жолы Иса үйден шығып кеткен соң Қартқожадан: «Сонша ұзақ не сөйледіңдер?» – деп сұрадым. Қартқожа Исаның айтқанын былай айтқан еді: «Қартқожа сен қарап жүрмей байдың қызына үйлендің, оның үстіне өңкей атышулы ұлтшылдармен араласып жүресің, өзің кедейден шыққан сорлысың. Ахмет, Дәріғұл, Елдес, Мұхтардың қырсығы саған тимей қалмайды, әлі сотталасың», – деп айтып кетті. Сөзіне қарағанда мені торлап жүрген көрінеді. Кім білсін, солай ма, әлде жоқ па?» деген Шайда Тоғамбаева көп ұзамай ағасы Қасымбек пен жары Қартқожаның НКВД-ның қармағына ілініп кете барғанын айтады. Ал екінші дәлелді Гүлнар Дулатова келтіреді. Автордың «Шайда арамыздан 17.V.1992 жылы кетті. Қартқожа жазықсыз 1937 жылы репрессияға ұшырап, атылып кеткен кісі. Жүсіпбек Аймауытов ағамыздың: «Қартқожа» романы арқылы тарихта мәңгі атын қалдырғаны бәрімізді қуантады. Тоғамбаев әулетінен қалған балалары: Шолпан, Төлеш, сүйкімді келіндері Балташ, немерелері Жансаялар ата-ана дәстүрін жалғастырар дегім келеді» деген сөздерінде де күмән жоқ. Ал Қартқожаның табиғатын, болмысын жары «Қартқожа пайғамбардай таза, өте мейірімді – жетімдерді оқуға түсіріп асырайтын, барынша ақкөңіл, жұртқа сенгіш аңқаулығы да болатын» деп суреттейді.

Қартқожа Тоғамбаев Алаш арыстары Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Хайретдин Болғанбаевтармен жақсы қарым-қатынаста болған. Сонымен қатар, Қартқожаның шаңырағында Қанабек Байсейітов, Күләш Байсейітова, Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков сынды атақты өнер адамдарының болғаны жайлы да деректер бар. Сонымен қатар, ғалым-сыншы Серік Қирабаев та Қартқожа туралы деректерді өзінің «Жүсіпбек Аймауытов» деген кітабында алға тартады. Ғалымның «Қартқожа – өмірде болған, романға негіз болған оқиғалардың біразын басынан кешірген адам. Жүсіпбектің жерлесі, белгілі жазушы Зейтін Ақышевтің айтуынша, Қартқожа Жананұлы Тоғанбаев 1895 жылы туып, 1938 жылы сталиндік репрессияға ұшыраған. «Өз басым ол кісіні жақсы білемін, – дейтін Зейтін. – Оның атын атамай, Қартаға дейтін едік. Ол өзінің алдынан сабақ алған біздерге ғана емес, оны білген әлеуметтің бәріне қадірлі, бәріне сыйлы адам еді. Жеті атасынан бері шыр бітпеген тақыр кедей болатын...» деген дерегі де негізсіз емес. Ал «Қартқожа» романының «Бет түзелді» деген тарауында «Сол жылы Сұлтанмахмұт деген жас ақын Семейден ауырып, еліне келген. Қартқожа Махмұтты білетін. Ол ақ жүрек, кедейшіл, жалынды жас ақын болатын...» деген сурет бар. Сөйтіп Қартқожаның Сұлтанмахмұттың көңілін сұрай барғаны жазылады. Бұл деректі белгілі ақын Дихан Әбілевтің «Жүсіпбек аға» деген естелік әңгімесіндегі: «Романның атын естіген Мағаз ағаның «әлгі... ертедегі Қартқожақ батыр ма оның? – деген сұрағына Жүсіпбек: – Ертедегі Қартқожақ емес, Маға. Бүгінгі Жұман ақсақалдың баласы – Қартқожа. Білесіз, өзіңіздің Қартқожаңыз, – деп жауап қайырады да, «Соны роман етпексің бе? – деген Мағаздың таңырқаған сұрағына былайша түсінік береді: «Я, Маға! Гәп, міне, сіздің осы таңдануыңызда. Тасқа ылғи қына шыға бермей, шынар шығаруымыз да керек. Кешегі өмір шиырынан бүгінгі өмір туады. «Қартқожа» туады... 1916 жылғы көтеріліс есіңізде ме? Алабас тауындағы көтеріліс... Сонда көтерілісшілер ішінде көтерілістің мәнін әлі түсініп те болмаған, босаң, момын, уыз жігіт Қартқожа, көтерілісшілер тарай бастағанда, салы суға кетіп, арық торы байталына солбырайып мініп, солғын тебініп, үйіне қайтып бара жатқан Қартқожа 1920 жылы апрель айында Сұлтанмахмұттың көңілін сұрай барады. Сонда орысша оқуға Сұлтанмахмұтқа уәде береді. Артынан Қартқожа Омбыға оқуға кетіпті. Рабфакқа түсіпті. Енді соның былайғы жайын сөз етпекпін» деген естелік те Қартқожаның болмысын аша түседі. (Серік Қирабаевтың «Үлкен прозаның тұңғышы» деген мақаласынан алынды).

Сондықтан да Алаш арыстарының қатарында Қартқожа Тоғамбаевтың ата аталуы да заңдылық. Себебі, кешегі заманның суреті, дәуірдің мұңы Қартқожаның бейнесінде тұнып тұр.

 

Жамбыл облысы