Аймақтар • 22 Наурыз, 2020

Көктал ауылында көшелі іс те, келелі мәселе де бар

855 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Көктал ауылы Талас ауданының орталығы Қаратау қаласынан 18 шақырым қашықтықта орналасқан. Мұнда 884 үй бар. Тұрғындары негізінен мал шаруашылығымен айналысады.

Көктал ауылында көшелі іс те, келелі мәселе де бар

«Бұрын ауыл көлемі 88 гектар ғана болатын. Негізі Көктал Қаратаудан бөлініп шыққалы жері болмаған. Осы бар жерге өткен жылы 3300 гектар жер қосып алдық. Бұл жерлер Қызыләуіт ауылына қарайтын. Бүгінде тиесілі жерімізді мал жайылымына пайдаланып отырмыз. Халық та мал шаруашылығын өркендетіп, тірлігін тіктеп отыр», дейді ауыл әкімі Роман Қырықбаев.

Жалпы, Көктал ауылында ел игілігі үшін атқарылып жатқан шаруалар көп. Талас ауданының әкімі Бақыт Қазанбасовтың айтуынша, ауылда Елбасының «Туған жерге туыңды тік!» бағдарламасы бойынша бірқатар жұмыстар атқарылған. Жергілікті халықтың игілігіне ауылдың түлегі, кәсіпкер Алпамыс Бақытұлы өз есебінен 5 миллион теңгеге жаңа мешіт салып берген. Бұрын біреудің жеке үйін мешіт ретінде пайдаланып келген көпшілік бұл сауапты іске ризашылығын білдіруде. Сонымен қатар, ол «Туған жерге туыңды тік!» бағдарламасы шеңберінде 35 миллион теңгеге ауылдан спорт кешенін де тұрғызыпты. Бүгінде ауыл жастары спортқа бет бұрып, саламатты өмір салтын ұстанады екен. Ауыл тұрғыны, ардагер ұстаз Уайс Қойшыман ауылда соңғы жылдары бірде-бір қылмыс тіркелмегенін, ауыл азаматтарының ұйымшылдығының әрі тәртібінің жақсы екенін айтады. Сол сияқты ауыл түлегі, кәсіпкер Майра Жарова да «Туған жерге туыңды тік!» бағдарламасы аясында 1 миллион теңгеге демеушілік жасап, ауылдың кіреберісіне арка орнатыпты.

Ал, кезінде балдыр басып, қараусыз қалған «Көктал-Пионер көлі» көліне 17 мың балық жіберіліпті. Аталған көлдің 2 миллион куб сыйымдылығы бар екен. Бұл жұмыс алғашқы нәтижесін де беріп үлгеріпті. Енді жергілікті шаруалар құс шаруашылығымен айналысуда. Дегенмен, ауылда шешімін күткен бірқатар мәселелер де бар. Ауыл әкімі Роман Қырықбаевтың айтуынша, аудан орталығы Қаратау қаласы мен Көктал ауылының арасындағы 18 шақырым жолдың нашарлығы тұрғындардың негізгі мәселесі екен. «Екі ортадағы жолдың сапасы нашар. Бұл жол 2019 жылға дейін «Қазфосфат» мекемесінің жолы болған. Кезінде жолды өз меншігіне алып қойған. Бірақ былтыр ауданға қайта өткен», дейді ауыл әкімі. Алайда жолдың жобалық-сметалық құжаты дайын екен. Жоба құны 325 миллион теңгені құрайды.

Көктал

Тұрғындар үшін өзекті тағы бір мәселе – көгілдір отын. Талас ауданында 13 ауылдық округ бар болса, бүгінде оның 5-еуіне газ кірмеген. Олар Қаратаудың таулы аймағында орналасқан Көктал, Қасқабұлақ, Есейхан, Берікқара ауылдары. Ауданның көптеген ауылдарына газ кіргенімен, Көкталға әлі жетпепті. Жергілікті тұрғындар осы бір көгілдір отын мәселесі шешілсе деген ниетте. Жол мен газ тіршіліктің негізгі көзі болғандықтан, ауыл халқы үшін бұл мәселелер өзектілігін жоймайды. Десе де, тұрғындар талай жылдан бері қордаланып келе жатқан келелі мәселелер алдағы уақыттарда шешіліп қалар деген үмітте.

 

Жамбыл облысы