«Алтайдың Кербұғысы» атанған қазақтың көрнекті жазушысы Оралхан Бөкейдің бұрын-соңды ешқандай кітабына енбеген «Санияз» атты повесі табылды. Мұны бізге өскемендік әріптесіміз, облыстық «Дидар» газетінің жауапты хатшысының орынбасары Мерей Қайнаров сүйіншілей жеткізді. «Бір-екі ай бұрын бір танысым хабарласып: «Оралхан Бөкейдің «Санияз» деген повесті бар ма осы?» деді. «Жоқ» дедім сеніммен. Рас, естімеппін. Кітапханашылардан да сұрап көрдім. Ертесінде сарғыш тартқан газеттің көшірмесін жіберді әлгі танысым. Сөйтсек, жазушының біз білмейтін шығармасының үзіндісі 1969 жылы 20-21 наурызда Қостанайдың "Коммунизм таңы" деген газетіне шыққан екен» деп жазыпты Мерей Қайнаров өзінің фейсбуктегі парақшасына.
("Санияз" повесінің газетке шыққан үзіндісі )
Үнемі ізденіп, Оралхан Бөкей шығармаларын жинастырып жүретін Катонқарағай аудандық мәслихатының хатшысы Дүйсен Бралин ағамызға хабарласқанымызда: «Менде Оралхан Бөкейдің 7 томдығы бар. Бұл шығармасы туралы алғаш естіп отырмын» деп өз таңданысын жасырмады.
Демек, Оралхан Бөкей бұл шығармасын Алматыда «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде қызмет істеп жүрген кезінде, шамамен 25-26 жасында жазған болуы мүмкін. Үлкен әдебиетке қадам басар алдындағы тырнақ алды туындыларының бірі десек қателеспеспіз.
Бүгін Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесінде «Егемен» оқырмандарының назарына Оралхан Бөкейдің бұрын ешбір кітабына енбеген, осыдан тұп-тура 51 жыл бұрын жарияланған «Санияз» повесінен үзіндіні ұсынуды жөн көріп отырмыз.
САНИЯЗ
Қойлы ауыл. Санияз бригадир мені жылы қарсы алды.
- Ассалаумағалейкум, Сәке.
- Ой, аман шырақ. Қайдан жүрсің?
- Қашан келдің?
- Пендекеңнен таяқ жегенсің ғой түрі. Оқа емес, әлі сақалына жармасасың. Үйіне барасың ғой.
- Иә.
- Алдымен айран-шалап ішіп, жаныңды бойыңа шақыр. Әлгі Байырдың қара түйесі түннен бері байлауда тұр еді. Бұйдасын үзіп қашып кеткені. Жолда байқаған жоқпысың?
- Көрмедім, аға.
- Жүдә, сен үйге жүре бер. Мен болжап келейін. Соған екеуіміз мінгесіп түс қайта шығып кетеміз. Бар, бара бер.
Санияздың қатқан қара, құс тұмсық келіншегі орашолақ адам екен. Мен үйге енгенде алдымен бір тегене қатық қойды да: - Мен қой сауып келе қояйын, - деп шығып кетті. Керегеде ілулі тұрған кетік ағаш ожауды әкеп тостаған бар ма екен деп ши тұрған ыдыс-аяқты әрі-бері түртпектеп көріп едім, біреуі де бос емес. Бірінде бұрынырақта ішілген айранның қағы қалса, бірінде сүттің қаймағы қарала-торала болып кілкілдеп тұр. Зибаш қой сауып, сүтін қазанға құйды да жерошаққа асып, от тұтатты. Айранға армансыз тойып алдым. Тысқа шықтым. Күн әлі шыжып тұр.
- Қайным, бұтақ сындырып әкелші. Әлгі ағаңның мойны жар бермейді. Өз шаруасы болмаса үйдің жұмысына мойын бұрмайды ғой. Салдыр-салақ құнтсыз өзі.
- Мына бір ұнды Үмітжан апам беріп еді, талшық етерсің деп...
- Е, ...е, керім болған екен. Бері әкел, ұн көже істеп бере қояйын. Қарның ашты ғой.
Түйіншекті Зибашқа бердім. Бұтақ теріп әкелгенімде Зибаш бұрқ-сарқ қайнап жатқан сүтті дамылсыз сапырып отырған. Мойын жүні дүрдиген кеуделі ит басын қылтың-қылтың еткізіп, қайта-қайта тілін жалақтатып қазанға қыдыңдай береді. Зибаш ожауды сүттен жалма-жан жұлып алды да:
- Шық әрі, - деп ала мойнақты басқа маңқ еткізіп салып қалды. Салып қалды да сүтті қайтадан қаперсіз сапыра берді. Мен күліп жібердім.
- О не, қайным?
- Жеңгей-ау, ит соққан ожауың арам болып қалды емес пе?
- Қайтер дейсің тәйірі?!
Жеңгей құс тұмсығын дамылсыз уқалай береді. Қара бешпеттің жағасынан күре тамыры оқтаудай болып білеуленіп, асықтай жұтқыншағы бұлтылдап ілгерілі-кейінді итініп тұр. Жағы пышақ жанығандай қу сүйек. Күлгенде күрек тісің состаң қағып состия қалады. Әмбе күлген соң ернін тез жымқырмай бірталайға дейін ашық қалады екен. Көзі мөлдір әрі тұнық. Қуаң шөл далаға біткен қос айнакөлдей осынау айнамкөз бүкіл пошымының әлгіндегі сұрқайлығын далдалайтын.
- Қайным, көже дайын болды, - деді маған жымия қарап, - ағаң да кеп қалар. Кілкілдеген бір шара көже құйып берді. Сүтке құрғақтай сепкен ұн көже сиырдың сілекейіндей шұбатылып, шулығып қалыпты. Ағаш қасықты батырып жіберіп едім, алынбай қалды. Торғайдың қиындай домалақ-домалақ түйіртпекті шайнап қалсаң ішінен аппақ болып ұн шығады. Зибаш жетістіріп пісірмеген екен. Тауыса алмадым. Ішім әлден бұрай бастады. Арты қиын тиетін шығар.
Ермен өскен сұрғылт қыр астынан әуелі Санияздың қара телпегі қылтиды да артынша-ақ қара түйенің буырыл басы көрінді. Бұйдасыз қара жампозды қақпайлап кеп есік көзіне шөгерді.
- Дайынбысың шырақ... Сусын жұтып алайын.
Санияз алда мен артта, бурыл бас атан тақымда найзадай шаншылған тіп-тік асуға бет түзедік. Тым-тым қиын асу. Күн екінтіге таяған, ауа салқын тарта бастады. Асудың жыланша ирелеңдеген иір-иір суыртпақталған соқпағымен тырмысып келеміз. Атан өрге қарай итініп зорға басады. Қырсығып асудың орта беліне жеткенде астымыздағы атан шөгіп қалғаны. Ұрдық. Тұрмады.
- Атаңа нәлет ойсыл қара, - деп Санияз атанның ішіне бір теуіп еді, түйе сырықтай мойнын бұра арс етіп жынын бүркіп жіберді. Саталақтанған бет-аузын жеңімен сүрткілеп, атанға тағы да тепсініп келді де тұрып қалды.
- Жүр, кетейік. Мына мес неме қалсын. Марал қашқан иек артпада, сиыр бағып отырғандарға бір ілінсек, арғы жағында Талды бұлақ, сосын, Тас күрке. Содан кейін көкжотаны асып түссек науаны қиып аламыз, бұдан кейін...бұдан кейін алдымызда Өскелең тұрады. Ымырт үйірілгенше жетіп қаламыз. Санияз төр жайлауға дейінгі жолды жүріп өткенді қойып әрең-әрең айтып үлгерді. Осы жерім көш жер. Осындайдан шыққан-ау деп ойладым.
- ...Аттан да жүйрік, өзі жорға, - деп бақташы Байыр қарала сиырды ұстап берді бізге. Санияз белбеуінен бас жіп жасап, сиырдың арқасынан сипалап тұрды да қарғып мінді. Қарала сиыр мыңқ еткен жоқ. Мыңқиып қыбыр етпестен тұра берген. Сосын мен жабыстым құймышағына. «Өк» деп тебініп қалғанымызда майпаңдай жөнелді. Санияз мәз: «Сиыр болса да жануар міністі екен. Жүрісін қарашы, жүрісін қарашы. Қалай-қалай жорғалайды-ей?!» - деп самбырлайды. Мен болсам, құйрығымды сиырдың қыр арқасы қажап, екі жамбасыма кезек ауысып тынышым кетті. Санияз ыңылдап әнге басты. Өлеңді мұрнынан айтады екен.
- Ой, дүния, - деп қалды да тұлпар мініп, қалыңдығына мініп келе жатқандай көтеріңкі көңілмен әндете жөнелді.
- Інішек, - деді артына шапшаң бұрылып. – Біздің қатын асыл адам ғой. Қолындағысын ешкімнен аямайды әйтеуір. Аздап ластау жүретіні бар енді... Байғұс соның барлығын салақтықтан емес, қолы тимегендіктен... жатарда сүт пісірім мезгіл арқамды сипап береді. Құдайдың құдіреті, төсекке жамбасым тисе болды, жауырынымның дуылдап кететіні бар.
- Аға, - деймін мен.
- Оу.
- Құйрығым ойылып қалды.
- Жамбасыңмен отыр.
- Сонда да болмайды.
- Шыда шырақ.
- Шыдаймын ғой аға.
- Не көрмеді дейсің. Біздікі мизар емес. Беріш қой, беріш. Ке-ке-ке. Рахаттана күледі. Талды бұлақ басталды. Жол бойындағы айқыш-ұйқыш құлаған ағаштардан қарала сиыр бірде аттап өтсе, бірде секіріп кетеді. Кесе-көлденең жығылған үлкенірек қарағай көрінсе болды, Санияз: -«Ал шырақ, мықтан», - дейді. Мен беліне таскенедей жабыса қаламын. Орман үрей әкеледі. Мүк басқан құмалақ самырсындардың бұтағына жалбыздай ақсүңгі оралған, ешкі самырсындар бірінен соң бірі ойқастап жол бермейді. Санияздың телпегін бұтақ іліп алып еді, мен әкеп бердім. Жол қиындай берді. Қарала сиыр титықтады. Терең шатқалды өрлей Талдыбұлақтан өте бергенімізде оң жақтағы бұта-қараған сыбдыр ете қалды. Есікпен төрдей-ақ жерден қодығын ерткен марал атыла жөнелді. Қарала сиыр оқыс жалт бергенде Санияз екеуіміз де жалп етіп түсіп қалдық. Қарала сиыр келген жолымен кері қарай тартып кеткен. Мен ауырсынып тұра алмай қалдым. Санияз сиырдың артынан өңкеңдеп біраз қуған болды да ырс-ырс етіп ентігіп қайта оралды. Менің жанымда әрі-бері шынтақтай жатты.
- Қасқыр жегір, жер ортасы көк төбеге тастап кеткенін көрмеймісің.
- Енді не лаж аға?
- Бөрі азығы жолда. Жаяу тартамыз. Аздап аялдай тұрайық. Иттің малын қуамын деп өкпем күйіп кеткені. Уһ...
- Бұл менің екінші жығылуым аға.
- Қойшы-ей, тағы қашан еді жығылғаның?
- Ана жылы көкемнің қаракерінен мұрттай ұшқаным бар.
- Айтпақшы, Ақмет содан хабар-ошарсыз кетті-ау, ә! Пай-пай. Заман деген сол, шырақ. Байғұс Гүләйім әйел-ақ екен. Көкеңді әлі тосып отыр ғой. Сен нешеге шықтың осы?
- Он жетіні бітіріп, он сегізге шығып жүрмін.
- Е, ер жетіп қалған екенсің ғой. Бойың талдырмаш, әйтпесе азаматсың.
- Баяғыда, - деді Санияз орнынан тұра беріп, - жүр шырақ, ерте күнді кеш қылмай жүрейік. Сосын: -Баяғыда, - деді тағы да әлгі әңгімесінің ұшығын жалғап. – Біздің Үлкен Нарындағы жамағайын өліп, інісі өзінен алты жас үлкен жеңгесіне үйленіп еді. Солар кейіннен жарасып кетті осы, - деп бір қойды. Жүрегімді ине шабақтағандай шымыр ете қалды. Бетіне жалт қарап едім, - бүлк етпестен әлденені ойлағандай жайбарақат екен.
- Оны неге айттыңыз?
- Жәй, әншейін. Есіме түсіп кетті...
Ымырт үйіріліп барады. Алдан Өскелеңнің шалқар көлі бар бітімімен жарқырай көрінді.
- Уа, садағаң кетейін Өскелең. Жұпарыңды шашшы алдымнан, - деді Санияз қолын артына ұстаған күйі қалт тұрып. Сосын терең күрсінгендей болды да: Үстіне Өскелеңнің шыға келсем, алдынан самал салқын соғады-ай жел, - деп осы өңірдің ең бір сүйіп айтатын төл әнін шырқай жөнелген. Енді бір сәтте қайырмасын шорт үзді де:
- Жүр, шырақ, - деп етекке қарай аса елгезектікпен балаша жүгіре жөнелді. Табанымның удай ашығаны, жон арқамның ұйығаны, құйрықтың қажалғаны бәрі-бәрі сап болғандай, мүлдем ұмытып қалғандай мен де дедектедім Санияздың артынан...
Алтайдың арғы басынан қашып-пысып, жаяу жалпылы бар аңсарымды жаулап алған соң құрақ ұшып жеткен жерім – қара шаңырақ басына да бұлт іліккен екен. Неше күн болды. Шапам төсек тартып ауырып жатыр екен. Өмірінде пенде боп қыңқ етіп ауырып көрмегендікі ме, екі ұрты суалып, көзі шүңірейіп, әншейінгі айбардан айырылған, дүниені парық қылмайтын салқынқандылығы, айылын жимайтын екі ұдай самарқау қалпы жоқ, өндіршегі қурайдай сорайып жалпы әлде де жығылып қалған. Ұзақты күн жарық сәуле көрмей, апақ-сапақ ымыртта ауыз үй ішінде жата берген соң ба, өңі аппақ қудай. Тырнақ-тырнағының көбесі де сарғыш тартып, ұзын салалы саусақтарының еті жоқ, қаңқасы ғана қалған. Маған бұрынғыдай емес, еміне мүсіркей, әлденендей сыр іздеп мұғдарлай қарайды. Ауру-ауру емес, баққан ауру дегендей апам да бір уыс боп әбден біткен екен.
Менің қашып келгенімді білген Шапам:
- Өзіңнен де бар-ау, балам. Жай жатқан жыланның құйрығын басып нең бар еді. Ертеңгі күні менің көзім жоғалса торғайдай тозып кетермісіңдер, - деп налыды.
- Әй шал-ай. Құдай бір айналдырса шыр айналдырмай ма? Сол Әбікейдің жетпегірі осынша қысастық жасайтындай не жазып едік, - деп апам да терең күрсініп алды.
Мен мұнан соң жұмысқа бармадым. Шапамның сырқатын бетке шіркеу етіп жонда қалдым. Апамның да жібергісі келген жоқ.
- Шапам болса тұралап қалды. Жаман айтпай жақсы жоқ. Екі талай күн туса ту Алтайдың арғы басынан сені қайдан алдыртайық. Аштан өліп, көштен қалмаспыз. Шапанның жанында болсайшы, - деген.
- Өскелеңнің көгілжім тартып, көлбеген беткейі барып-барып астаулана бітетін де үлкен шалқар көлге тұйықталатын. Көлдің ауқымы далдиған кең-тін. Әр жағынан Талдыбұлақ өзені кеп құятын да көлдің төменгі тұсынан сыздықтап қораш қана жырымданып су шығатын. Шәңгіштайдың біржола отырықшылыққа көшпей әлі де болса алқам-салқам қоныс аударып жүрген артелі қардың шеті тесіліп, көбелек ұша бастаса болды, баяғыдағы әдетіне басып, жайлауға ауа көшіп кетісетін. Жем-шөпті арғы жонға барып дайындап, егін-сегіндерін барып келіп баптайтын. Қазан айы туа салысымен қайтадан ескі қыстақтарына беттесетін. Жаз жайлауларында жұрт ауыстырмайды. Бұл да отырықшы ауылдың кәсібі секілді. Ағаштан қиып салған төбесі түлкі тымақтай үшкілтік-үшкілтік жаппа ауыз үйлерде отыра беретін. Сондығы ма, бұл жер кей кезде он ауыз үй деп те атала беретін.
Шапамның буырылы бір ай бойы арқасына ер тимей көбеңсіп, шұнан қағып семіріп алған екен. Апам жылқылы ауылдан қымыз сұрап кел деген соң ұстайын деп жақындап едім, шыр айналып бөксесін берді. Шапамның әдетінше мойнына шылбыр тастағанда ғана құлағын салпитып табандап тұра қалған. Түйенің терісінен тіккен жанторсықты апам бірнеше күннен бері көл суына бастырып қойған екен. Былбырап әбден қана жібіпті. Қол тисе болды, етжеңді қыздың мықынындай былп ете қалды. Буырылды ерттеп тұр едім, Гүләйім келді.
- Тентегім, тоқымын салып, ішпегін ұмытып кеткенің не?
- Кім айтты?
- Ешкім айтқан жоқ. Міне, тауып алдым.
- Бері әкел. Жеңгемнің қолындағы ішпекті алып атты қайтар дедім. Орашолақтығымды Гүләйім табаламады. Үндеген жоқ. Әр қимылыма тесіле қарап тұрды да:
- Егер Кәсендікі қымыз бермесе Мағирашқа менен сәлем айт. Ұл тауып абыройы артып отырған оң жақтағы келін ғой. Сөзі өтер.
- Мақұл.
- Бірінен соң бірі бұлаңытып мінгесіп ұшқасқан у жапырақты төбелерді басып буырылды шоқырақтатып келемін. Шапамнан ғұмырында қамшы жеп көрмеген шабан ат, сауырына тартып-тартып жіберіп едім, құйрығын бұлғап-бұлғап әрлі-берлі шыжбыңдатып алды. Шыжбыңдатып алды да қоқырақ қағып қос аяқтаған болды. Қамшының арасын сиретіп жіберсең қайта мыжына мыйлау кібіртігіне түседі. Иығым ауырып қалған соң сабағанды қойдым. Алты шақырымдағы Кәсеннің ауылына келіп жеткенде екіндіге таяған.
Кәсеннің бес биенің сабасындай іркілдек семіз бәйбішесі жер ошақтағы отқа белін қыздырып теріс қарап жатыр екен, киіз үйдің есігін сықырлата ашып кірген маған мойын бұрған жоқ. Бұл кім-ау демеді. Бәйбішенің басын сығып отырған жапалақ көз қара қыз да бағжиып бірер жалтақтағаны болмаса үнсіз. Тырнағын түйгіштей береді. Оң жақтағы іргеде қара сабаның құбыласын ала дәу қара сандық орналасқан. Дәу қара сандықтың әшекейлі жезі от сәулесімен шағылысып жылт-жылт етеді. Сандыққа арқасын сүйей екі аяғын алшайта жазып бала емізіп отырған қырдың қызыл түлкісіндей әдемі келіншек әумесерлене кіріп келген бозбаладан сескенбеді. Өңірінен аюдың өтіндей салпита артып шығарып қойған топ-толық аппақ анарын далдаламады. Қайта көрдің бе, қызықтың ба дегендей аса бір салқам серілікпен миығынан күліп, кербездене шүңгіл көзін қадады маған. Бұл келіншектің Мағираш екенін, жасы менімен шамалас екенін бұрын да біле-тұғым. Қос басында талай-талай атан жігіттердің «Шіркін, Мағираш! Кәсеннің боркемік ынжық ұлының сасық қойнына тұншықтың-ау» деп аузынан жалын атып, аһ ұратындарын да білемін.
Мен босағада көп отырдым. Бәйбіше теріс қараған күйі кескен томардай дөңкиіп жата берген. Тіпті көз шырымын алып, сүйсініп ұйықтап кетті-ау білем, танауы оқта-текте шілделіктей шыр ете қалатынды шығарды. Кемпірді мәңгіртіп тастаған қара қыз енді Мағираштың ымдауымен саба пісуге тұрды.
- Жеңгем... сізге сәлем жолдады.
- Ие, сәлемет болсын. Жеңгеңнің сәлемін жеткізуге жараған екенсің... Көмейінде бір сөздің тұрып қалғанын білдім.
- Шапам сырқат еді. Таңдайы кеуіп ақсыраған соң қымыз сұрата жіберіп еді.
- Күндізгі қымыз тұр ма, келімді-кетімді кісі көп, бітіп қалды.
- Саумал болса да деп еді...
- Сабаның аузын ашуға болмайды ғой, жеңгесінің қайнысы. Быжып асып тұрған сүт төгіледі.
- Сол асып төгілгенін беріңіз.
- Қағыңғыр екенсің. Бұдан соң Мағираш маған қарады да жатып кеп күлді. Ішегін басып сылқ-сылқ күліп жатыр. Екі құлағындағы тебінгідей сырға бұлғаң қағып жынданған кісідей мезі ете дарақы күлкіге дес берді. Саба пісіп тұрған қара қыз күлкі сынын түсінбесе де Мағирашты қолпаштағаны ма, мысықтың құсқанындай қырқылдақ үн шығарып, күлістің ырымын жасады. Неменеге жетісіп күлгенін бажайлай алмай орнымнан сүйретіле тұрдым да шығар есікке беттедім. Есім кетіп барады. Артыма шапшаң бұрылдым да:
- Кәпір екенсіңдер, - дедім. Күлкі тиылды. – Не деп кеттің көкшешек, - деген кемпірдің шаптыққан даусы естілді. Аспан қара-құрықтанып қалған, көктің әр тұсынан қадау-қадау жұлдыздар болжанды. Шығыс көкжиектегі алаудың табы әлі өшпепті. Кермедегі буырылға жақындай бергенде тетелес екі бала тайқая жөнелді. Сосын киіз үйдің артынан сығалап тұрды. Кәперімде ештеңе жоқ, үзеңгіге аяғымды салып тебіне берем дегенде ертоқым бұлт етіп буырылдың бауырына түсті. Шабынан ит, мысық өтіп жатса да танауы жыбыр етпейтін буырыл не боп қалды дегендей бұрылып қарады да міз бақпай тұра берді, аттың айлығын ағытып қойған екен. Қайтадан ерттеп аттың үстіне аман-есен шығып алған соң:
- Өріс толған малыңды, үйің толған жаныңды... Кәс...е...е...н, - деп айқайлаған күйі буырылға қамшы бастым. Буырылы шегіншектеп біраз тұрды да елге қайтатыны есіне жаңа түскендей бүлкектей жөнелді.
Мен құр қол қайттым. Көңілім күлге аунағандай ию-қию. Құлағымнанан Мағираштың сайқал күлкісі кетпейді ызыңдап. Көзімді жұмдым. Бәрібір сырғасы мен емшегі салпылдап сақсиған сол тұрады көз алдымда. Былайырақ ұзап шыққан соң екеуі неге күлді деп бойымнан оғаштық іздедім. Тек сонда ғана қаудырлаған тері шалбарымның ауы сөгіліп кеткенін білдім. Құдай ұрған екен. Бәсе. Опынғанмен бола ма?!
Өскелеңнің адырлары сілтідей тынып жатыр. Түн қоңыр салқын. Желсіз. Тек көлден тамтұмдап қана самал ескендей болады. Бағанағыдай емес, жұлдыздар жамырап , шоғыры молая түскен, кеудедегі сан-сапалақ ыза бойымды мұздатып, денемді дірілдетеді. Өзіме де, өміріме де риза емес секілдімін. Ат жалын тартып жігіт болғандағы сықпытым осы ма?! Жігерімді құм етіп ауыма үңіліп сақ-сақ күлген, тойынған келіншектен өш алу кегі ұялады бойымды.
Қарабарқын тартып, марқа жонданған төбелер бітіп, сонадайдан өз қотанымыздың оты жылтырады. Түнгі от – үміт секілді. Тым-тым алыстан сағымданады. Мен мұндалайды. Жеткізбейді. Үздіктіреді. Еміндіреді. Тебіндіреді. Жылуын береді.
Оралхан Бөкеев