Аймақтар • 22 Наурыз, 2020

Азаматтарды үйден шықпауға шақырамыз - А. Көлгінов

256 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елорда әкімі Алтай Көлгінов бүгін өзінің Facebook-парақшасында қалада жарияланған карантин жағдайындағы шаралар туралы жазба жариялады. 

Азаматтарды үйден шықпауға шақырамыз - А. Көлгінов

«Құрметті қала тұрғындары!
Нұр-Сұлтан қаласында карантин жарияланды. 22 наурыз күні сағат 00:00ден бастап елордаға кіріп-шығуға тыйым салынды. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі жедел штаб мынадай жұмыстар атқаруда:

- Шетелден келген барлық жолаушыларды бірден медициналық стационарға орналастырамыз. Медициналық қызметкерлер қалаға ұшып келген азаматтарды бірден сараптамадан өткізеді. Сараптаманың нәтижесінде денсаулығы қалыпты болған жағдайда ғана келген азаматтар қалаға кіре алады. Бұл шаралар тұрғындарымыздың қауіпсіздігі үшін қабылданып отыр.

- Қалаға азық – түлік пен қажетті тауарларды тасымалдауға еш кедергі жоқ. "Жасыл дәліз" жүйесі жұмыс істейді. Жүргізушілер мен экспедиторлардың маскалары, тауарға ілеспе құжаттары, жеке куәліктері, техпаспорт сияқты құжаттары болуы тиіс. Қала әкімдігі тіркеу уақытын қысқартуға мүмкіндік беретін мобильді қосымшаны іске қосты. Қосымша полиция қызметтерінің планшеттеріне жүктелді. Қосымшаға қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін мекемелерде (ЖЭО, коммуналдық қызметтер, ТЖД ) жұмыс істейтін қызметкерлердің деректері жүктелді. Қызметкерлер жұмыстан үйге қатынай алады.

- Санитарлық нормалар күшейтілді. Дезинфекция барлық әлеуметтік нысандарда, сауда ойын-сауық орталықтарында, базарларда, тұрғын үй кешендерінің кіреберістерінде, қонақ үйлерде, сондай-ақ аялдамаларда, автобустарда және т. б. жүргізіліп жатыр.

- Кафе, мейрамхана, түнгі клуб, киім сататын дүкендер, балалардың ойнайтын алаң, спорт орталығы сынды нысандар және т. б. жұмысын уақытша тоқтатты.

Азаматтарды үйден шықпауға, барлық қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырамыз» делінген жазбада.