Аймақтар • 22 Наурыз, 2020

Таразда мектеп-лицей мен медициналық колледж ашылады

696 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ағымдағы жылы облыс орталығында «Келешек Тараз» ғылыми-зияткерлік мектеп-гимназиясын және «Ару-Ана» медициналық колледжін ашу көзделуде. Білім беру жобалары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бұрынғы «Әулие-Ата» Жамбыл гуманитарлық-техникалық университеті базасында іске асады деп күтілуде. Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Таразда мектеп-лицей мен медициналық колледж ашылады

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев 2014 жылы өз қызметін тоқтатқан аталған жоғарғы оқу орнының ғимараттарына барды. Содан бері материалдық-техникалық базамен қамтылған, жалпы ауданы 18 мың шаршы метрден асатын үш корпустың жұмысы тоқтап тұр. Меншік иесі мұнда 1200 орындық мектеп-гимназия мен орта буындағы медициналық қызметкерлер дайындайтын колледж құруға 700 миллион теңгеден астам қаражат салуды жоспарлап отыр.

Облыс әкімі аталған жобаларды мақұлдап, өңірде жоғары сапалы білім беретін жаңа оқу орындарын құрудың маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев бұрыңғы «Тараз» қонақ үйінің ескі ғимаратында орналасқан Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің «Студенттер үйінде» болды. Өткен жылы қонақ үй ғимараты жөнделіп, 500 орындық студенттік жатақхана болып қайта жабдықталған. Жатақханада коворкинг-орталық, мәжіліс, электронды оқыту залдары, бейне-студия, кинозал және асхана, сонымен қатар басқа қалалардан келген студенттердің жайлы орналасыуына арналған басқа да бөлмелер бар.

Бұдан соң аймақ басшысы Тараз қаласын абаттандыру және жаңа әлеуметтік, инновациялық нысандардың құрылысы бойынша алдағы уақытта жүзеге асатын баянды жобалармен танысты.

Бұл күні Бердібек Сапарбаев «Айша-бибі» шекаралық бекетінде болып, кедендік және шекаралық қызметтердің, сондай-ақ Қырғызстаннан келген азаматтарды тексерумен айналысатын медицина мамандарының қызметімен танысты. Өткен тәулікте бұл бекет арқылы 124 адам өтсе, оның ішінде дене қызу бар немесе 1а, 1б, 2 және 3 санаттағы елдерден келушілер тіркелмеген.

Облыс әкімі қауіпсіздікті қамтамасыз ету және денсаулықты сақтау бойынша қойылып отырған міндеттерді сапалы жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтіп, салалық ведомстволар мен Жамбыл ауданының әкімдігіне бірқатар тапсырмалар  жүктеді.