Әлем • 22 Наурыз, 2020

Моңғолияның жоғарғы лауазымды тұлғалары қазақ халқына мерекелік құттықтау жолдады

1742 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақ халқының ұлық мейрамы, халықаралық Наурыз мерекесіне орай Моңғолияның мемлекет басшысы Халтмаагийн Баттулга, Үкімет басшысы Ухнаагийн Хүрэлсүх, Парламент спикері Гомбожавын Занданшатар, Мемлекеттік Ұлы Хурал Мүшесі Мұрат Дәкейұлы қатарлы бірқатар лауазымды тұлғалар мерекелік құттықтау жолдады.

Моңғолияның жоғарғы лауазымды тұлғалары қазақ халқына мерекелік құттықтау жолдады

Мерекелік құттықтаулар БАҚ және әлеуметтік желілерде жарияланды. Моңғолияның мемлекет басшысы Халтмаагийн Баттулга құттықтауын қазақ, моңғол тілдерінде жазған. Олай болса Баттулга мырзаның құттықтауын қаз-қалпынша келтірейік:

«Наурыз мейрамы құтты болсын! Қазақ халқын Наурыз мейрамымен құттықтаймын! Көктем айының шуағын ала келетін ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамын тойлағалы отырған қазақ халқына арнайы үндеуім: «Біз сіздерді ағайын-туыстарыңыз бен аман-есен қауышып, ақсақал қарияларды құрметтеп құттықтағанда, озық технологияларды қолдана отырып, қауіп қатерден сақтану үшін электронды сәлемдесу және қашықтықтан сәлемдесу түрлерін қолдануды сұраймын.

Дүние жүзінде кеңінен тарап жатқан коронавирус індетінен ақсақал қарияларымызды сақтау сіз бен біздің ең басты міндетіміз. Сондықтан тойдың күндерінде де қауіпсіздік шараларды жалғастырып, ұйымдастыруға шақырамын! Наурыз мейрамы береке-бірліктің белгісі болған қарттарымызға қуаныш сыйлайтын, ғасырлар бойы жалғасқан ауырлығы аз, арақ шараптан алыс, ерекше мереке болғандықтан қарттарымызды барлығымыз қауіп қатерден сақтағанымыз жөн.

Күн нұрын да төгіп, күлімдеп тыныштықта келе жатыр. Отанымыз тыныш, еліміз аман болса әлі талай-талай Наурыз мейрамын бірге тойлаймыз. Барша қазақ халқы сіздерді Наурыз мерекелеріңізбен құттықтай келе барлық жақсылықты тілеймін»-делінген құттықтау хатта.

Ал Үкімет басшысы Ухнаагийн Хүрэлсүхтің де құттықтауы осыған ұқсас. Ол: «Жаймашуақ көктеммен жарыса келетін Қазақ халқының дәстүрлі наурыз мейрамымен, барлық қазақ халқын Үкімет атынан және өз атымнан құттықтаймын! Жылына бір-ақ рет келетін бұл күні барлық адам көңілді болуға тырысып,  береке-бірлікпен, жақсылықты әспеттейтін қазақ халқының төл мерекесі. Сонымен қатар тума болмысы мен мәдениетін сақтап қалғанын көрсететін ерекше мейрам. 

Мереке күні қарсаңында әлемді қоршап алған қауіпті вирустың алдын-алу үшін, әрбір азаматты жауапкершілікті және сергек болуға шақырамын. Сіздердің жұмыстарыңыз жемісті болып, өмірлеріңіз гүлденіп, ойлаған арман тілектеріңізге жетіп, тағдырларыңыз әрқашанда тамаша бола беруін шын жүректен тілеймін!» -деген тілегін білдіреді. 

Көктемнің нышаны сезіліп, қар көбесі сөгіліп, қара жер бусанып, жаңа жылдың басында кең көлемде тойлататын, ежелгі де дәстүрлі Наурыз мерекесіне арнап Моңғолияның Парламент спикері Гомбожавын Занданшатар да мерекелік құттықтау жолдады: «Әлем тарихында өшпес ізі бар Моңғол деген Мемлекеттің  толыққанды мүшесі қазақ халқына, ардақты ақсақалдарға Наурыз мейрамының мерекелік сәлемін жолдаймын! Міне жайдарлы маусым, құнарлы көктем мезгілі кең байтақ Моңғолия еліне де келіп жетті. Наурыз-күн мен түннің теңелуінің мейрамы және көктем мейрамы. Күллі ғаламды нұрландырған алтын күн мен мәңгілік көк аспанның астында Моңғолия қазақтарының тұрмыс-тіршілігі көктемнің көңілді күніндей құлпырып, нұрлана бергей. Ассалаумағалейкум! Наурыз - БҰҰ ресми түрде жариялап бекіткен бүкіл адамзаттың мерекесі. Сондықтан да Моңғолияда бұл күні қазақ халқының мұрасына құрмет көрсетіп, оны дамытуға және болашақ ұрпақтарға мұра ету мақсатында   кеңінен аталып өтіп келе жатыр. Дүние жүзіне таралған миллиондаған қазақтардың ішінен моңғол қазақтары өз ұлттарының тарихын, мұрасын және әдет-ғұрпын тамаша сақтап, одан әрмен дамытып келе жатыр деген  ғалымдардың тұжырымдамасына біз қатты шаттанамыз. Біздің қазақ халқы ел өркеніне айырықша үлесі қосып, жасампаздық, еңбек майданында, өнер-мәдениет, ғылым, денсаулық, білім беру,  спорт қатарлы барлық салада табыс шығарып, атақ даңқтарын аспандатып келе жатқанына Моңғолия үкіметі мен халқы әрқашан құрметтеп жүретінін мереке қарсаңында атап өткеніме қуаныштымын. Мемлекетімізді оның ішінде Қазақтардың көпшілігі тұратын Баян-Өлгий аймағын дамытуға, қазақ халқының тұрмыс деңгейін жақсартуға, әділет, жауапкершілік жүйесіне негізделген, азаматтарын қастерлейтін мемлекет құруға, демократия, адам құқығын қорғайтын үкімет пен мемлекеттік және үкіметтік саясатты сәтті жүзеге асыру үшін сіздердің баршаларыңыздың белсенділіктеріңіз маңызды  екендін мереке қарсаңында тағыда атап өткім келеді.

Қазақ ұлтының тарихы мен мәдениетін, әдет-ғұрыптарын көздің қарашығындай сақтауға, ана тілінде білім алуларына, қарым-қатынас жасап, ақпарат алуларына, өз нанымдары бойынша ғибадат етуге және ешқашан кемсітпеу үшін құқықтық ортаны одан әрмен жақсарту мәселесіне  Жоғары заң шығарушы орган, Парламент әрқашан ерекше назар аударатын болады.

Құрметті қазақ халқы, бұл реткі Наурыз мейрамы тек Моңғолияда ғана емес, бүкіл әлемді алаңдатып отырған  індет етек алған қысылтаяң шаққа дөп келіп отыр.  Сондықтан, жуырда атап өтілген «Шаған» мейрамындағыдай, тек ғана отбасылық деңгейде рәсім жасап,  ардақты ақсақалдарымыз бен ағайындарымызға қауышу, амандығын білу қатарлы дәстүр салттарды технологиялық жетістіктерді пайдалана отырып шешуге шақырып отырғанымды қабыл алыңыздар!

Дәстүрлі мерекелерімізді қарсы алатын жақсы күндеріміз алда.. Дастархандарыңыз дәнге толып, күмбірлеген күй мен аламан айтыс тыңдап, жақсы тойлатыңыздар! Наурыз мейрамы құтты болсын»-дейді.

Ал мемлекеттік Ұлы Хурал Мүшесі, парламенттегі Моңғолия-Қазақстан тобының жетекшісі Мұрат Дәкейұлы: «Ассалумағалейкум аса қадірменді аймағымыз халқы және Еліміздің түкпір-түкпірінде, шет елдерде қызмет жасап, білім алып, ел дамысына елеулі үлес қосып жатқан ағайындар, сіздерге бүгінгі әз наурыз мерекесі құтты болсын айтамын!

Ұлтымыздың мерейін өсіріп, бар болмысымызды айшықтайтын қасиетті – Наурыз мерекесі елімізге, әрбір отбасына бірлік пен қуаныш, құт-береке, бақыт пен молшылық әкелсін!

Наурыз мейрамының алғашқы күні халқымыздың қазына қарттарымыз - ақсақалдарға құрмет жасайтын ғұрпы бар. Осы үрдісті бүгін Мемлекет басшысы Халтмаагийн Баттулга жасауда.

Себебі, аймағымыздың 7517 қариясының жергілікті жерде іс-қызмет жүргізетін бес бірдей айналым банктерінен алған 21,8 млрд зейнетақы несиесін жауып  беріп, қарттарымызға үлкен қолдау көрсетті.

Елімізді өркендетуге, халқымыздың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған алқымды шараларды жүзеге асырудағы қажырлы қызметтеріңіз әр дайым табысты болып, ойға алған барлық арман, жоспарларыңыз орындалсын! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!

Біз әр күніміз өсу мен даму үшін мүмкіндік туғызатын, ырыс-берекеміз нығайған елде өмір сүріп отырмыз. Барлық игілікті істер табыспен аяқталып, халықаралық деңгейде етек алған жұқпалы індеттен халқымыз аман болып, жемісті еңбектеріңіз тек қана қуаныш әкелсін!» деген ақжарма тілегін білдірген.

Қуат Уатхан,

Моңғолия