Қоғам • 23 Наурыз, 2020

Алматыға айналма жолмен алып кіру құнын 5 мың теңгеге бағалаған

497 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Тұтас мемлекет болып төтенше жағдай жариялап, індетпен арпалысып жатқанда, пендешілікке бой алдырып өзінің бас пайдасын көздегендердің әрекеті азаймай тұр. Ол азаматтар жағдайдың қаншалықты ауыр екенін сезінсе игі. Мәселен Алматы полициясы күні кеше азаматтарды жолдың тосқауылынан айналма жолдар арқылы алып өтуді бизнеске айналдырмақ болған көлік жүргізушілерінің  әрекетіне тосқауыл қойды.

Алматыға айналма жолмен алып кіру құнын 5 мың теңгеге бағалаған

Бізге берілген мәлімет бойынша, тәртіп сақшылары осындай мақсатқа малданған бес адамды қолға түсірді. Ұсталғандар азаматтарды ақшасын төлеген жағдайда өткізу бекетінен айналып өтіп, қалаға алып кіруге уәде берген.

– Олар өз қызметінің ақысын әр адамға 3 мыңнан 5 мың теңгеге дейін бағалаған. Ер адамдар ұсталды және ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабы «Төтенше жағдайды бұзу» бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен, аталған адамдарға айыппұл салынды. Ондай әрекеттердің пайдасыз екенін және еш нәтиже бермейтінін атап өткім келеді. Төтенше жағдай кезінде оңай ақша тапқысы келетіндерге жауапкершілікті ұмытпау туралы ескертемін. Мұндай  әрекеттердің жолы бірден кесіледі», – деді Наурызбай аудандық Полиция басқармасының басшысы Дидар Аханов.

Есте болса, күні кеше қала қақпасына қойылған блок-бекеттен 2 мың теңгеге өткізбек болған қызметкердің әрекеті әшкереленіп, жауапкершілікке тартылған еді. Осыған байланысты Алматы полиция департаменті азаматтарды заңға бағынуға және кедергілерден өтудің заңсыз жолдарын іздемеуге шақырады.