Әдебиет • 23 Наурыз, 2020

Туынды тағдырының тарихы

1016 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кез-келген шығарманы әдебиеттің тарихына қызмет етеді деу қиын. Көп жағдайда көп кітаптар жазылады, кейін оқылмай қалады. Керісінше, көптеген мықты туындылардың тағдыры теперіш көріп, күндердің күнінде оқырманның үлкен сұранысына ие болып жатады. Дегенмен, кейде қаламгердің қалыптасқан есімі кітаптың тағдырына әсер етеді. Қайта белгісіз күйде жүрген қаламгерлердің жалғыз шығармасы-ақ жаһандық көкжиекке көтеріледі.

Туынды тағдырының тарихы

Әдебиетшілер елеусіз жүрген Сервантестің «Дон Кихот» романы бір күнде-ақ Испанияны дүр сілкіндіргенін жиі жазады. Сол сияқты, танымал болғанмен де шығармаларының тағдыры өзгеше бола қоймаған Габриэль Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» туындысы жазушы тағдырындағы өзгеше белестің бірі болды.

Ал, кезінде жазылып, бірақ түрлі себептермен оқырманға кешігіп жеткен кітаптардың да тағдыры болады. Мәселен, Михаил Булгаковтың атақты «Ит жүрегі» деген хикаяты алпыс екі жылдан кейін ғана журнал беттеріне жариялана бастаған екен. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің 1928 жылы жеке кітап болып, араб әрпімен басылып шыққан «Қилы заман» повесі қырық төрт жыл бойы қиянат қапасында жатып, 1972 жылы ғана, онда да «Новый мир» журналына орысша аударылып басылған. Бұл шығарма қазақ тілінде тек 1975 жылы ғана жарияланған. Сол сияқты Александр Твардовскийдің «Теркин о дүниеде» поэмасын «Советский писатель» баспасы 1964 жылы жүз елу мың данамен басып шығарған. Бірақ бұл поэма ақынның одан кейінгі жинақтарына мүлде енбеген. Бұл арада буын алмасып, оқырман талғамы өзгерген шақта бұл шығарма да ұмытылады деген сөз. Кей шығармалардың уақыттың сұранымына жауап бере алмай, әдеби ой-кеңістіктен шеттеп қалуы да мүмкін.

Жалпы алғанда, әлемде кешігіп келген көктем сияқты, жалғанның жарығына да кешігіп жеткен туындылар көп. Алайда олар адамзаттың, ұлттың, тіпті жеке адамның танымына қалай әсер етті, ол басқа әңгіме. Бірақ, кейде бір ұлы туындының тағдырының өзі әдебиеттің тарихына әсер етеніні рас. Оқырманға кешігіп жетсе де рухани игілікке қызмет ететін туындылар болады. Ал, жазылса да, жалғанның жарығына жетпей кеткен кітаптар қаншама?!.

 

Жамбыл облысы