Коронавирус • 23 Наурыз, 2020

Вирус балаға да қауіпті

375 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Короновирусқа байланысты үздіксіз зерттеу жүргізіп жатқан ғалымдар бүгінге дейін вирус балалар үшін онша қауіпті емес екенін, ауру көбіне жеңіл түрде өтетінін айтқан болатын. Алайда соңғы зерттеулер бұл болжамды жоққа шығарып отыр.

Вирус балаға да қауіпті

Вирус жұқтырғандарды ауру деңгейі мен жасына байланысты іріктеген ғалымдар балаларға да вирус  ауыр тиген жағдайлар аз кездеспегенін айтады.

Мамандар коронавирус жұқтырған және жұқтыруы мүмкін деген 2143 бала туралы мәліметтерді сарапқа салған. Бұл мағлұматтар Қытайдың ауруды анықтау және оның алдын алу жөніндегі орталығынан алынған екен.

Сараптаманың қорытындысы бойынша, олардың тек үштен бір бөлігінде, яғни тек 731 жеткіншекте вирус бар екені дәлелденген. Ауырғандардың жартысында вирустың жеңіл белгілері байқалған.  Ал 39 пайызында өкпенің қабынуы анықталғанымен ентігу болмаған. 

Бірақ ауруға шалдыққан балалардың 6 пайызында, яғни 125 балада сырқат ауыр жағдайда өткен, ағзаларының жұмысы нашарлаған,  тіпті бір бала ауыр асқынудан кейін көз жұмған.

Дегенмен де вирус көбіне ересектерді, соның ішінде егде адамдарды төңіректейді. Балаларда ауру көбіне жеңіл өткенімен ауыр асқынуларға әкелген жағдайларды да жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан үлкендер жеткіншектерге жете көңіл болып, олардың да тазалық сақтауын, қолды жиі сабындап жууын қадағалап отырған жөн.

 

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ