Әдебиет • 24 Наурыз, 2020

Еламан Қабділәшім. Менің де алғаш шын сүйгенім – биші еді...

1163 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ақын деген – құбылыс қой жаны ізгі,

Биші деген – хордың қызы тәрізді.

Уақыт өзі жүрегінде сақтапты –

Есенин мен Дункан жайлы аңызды.

Еламан Қабділәшім. Менің де алғаш шын сүйгенім – биші еді...

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ

Ғашық адам – түнекте де нұр құшты,

Ғашық қана сезіне алар шын күшті.

Бүбісара – бишісі екен қырғыздың,

Ғұмыр бойы ынтық еткен Шыңғысты.

 

Ғашықтықтай шын құдірет жоқ ұлы!

Аймановтың Шараға ауған көңілі.

Менің де алғаш шын сүйгенім – биші еді,

Бұнымды тек сәйкестік деп жорыдым.

 

Сол бишімдей шыр айналған шартарап,

Кеткем сосын жыр менен мұң арқалап,

Мың бұралып көрінші бір көзіме,

Сонда ғана сағынышым тарқамақ.

 

О, биші қыз, биле!

Биле еркімді!

Сүйсінумен жыр етейін көркіңді.

Әр қимылың қайталайды айнытпай,

Жағалауға еркелеген толқынды.

 

Биле, бишім!

Өзегімді от қылып,

(Жүрегіңді ашар қолда жоқ-ты кілт!)

Есім ауып қайта ғашық болайын,

Жан-тәніммен биге елтіген боп тұрып...

1

 

***

Өтірік хәл сұрасқаннан пайда не?

Жақсы-жаманжағдайымыз, онсыз да!

Бізді күтіп тұр белгісіз, қайда, не?

Жолмен жүріп жолықтық қой Жолсызда!

 

Сен өкініп,

Мен де сол сәт опынып,

Ұрындырдық жүректерді зор сызға,

Енді, күту жылдықты өтірік –

Жолмен жүріп жалықтық қой Жолсызда!

42

 

***

Солай, күнім,

Ойлама, екен ғой деп оңай бұны!

Сағыныш – сәулесі пәк махаббаттың,

Нұрландырар көргенше жол айрығын.

 

Жол айрығы – сенімнің сөнген кезі,

Болғаны сұлуымның ерден мезі,

Қалғаны ер жігіттің қыздан көңілі,

Мен мәңгі бір болуға үміттімін –

Бақыт кеп қонады екен сенгенге өзі!

78

 

***

Бәрі алдамшы жалғанда, жалған бәрі,

Жалған әппақ, аяулы арман бары.

Өңешіме өксік боп кептеледі,

Өткен күннің өзекте қалған дағы...

 

Кейде тіпті, ей, өмір, кейпің ғажап,

Ұйқы бермей қояды кей түнгі азап.

Өмір құнын тап басып қалай білген,

Қалған көңіл – шыққан жан – дейтін қазақ.

 

Бал да демен бақытты, шекер демен,

Келіп қонып, ұшар да кетер демен.

Қайтейін, қадіріне жете алмай қап,

Уақытты кінәлаймын бекерге мен.

 

Сен ғанасың, махаббат, барым сенер,

Нәсіп еткен пендеге Тәңір-шебер.

Демеп жібер жет-дағы өлең болып,

Жүрегім дүрсілінен жаңылса егер.

 

Сәлем

...көңіл серігім, армандас,

Жалған – кіршіксіз,

Жалған – лас...

Қалар ада түйсінуден,

Сүйсінуден қалған бас.

 

Қай жерде тоқтар Өмір-көш?

Сенім алдамшы, сенім – дос...

Біздің жүрек тентектеу,

Жалғыздықпен көңілдес.

 

Сенен өзге көргем жоқ,

Көрмесіме көнгем бек.

Қалмайтұғын шер құштым –

Қанбайтұғын шөлмен кеп.

 

Қиялға ерткен қимастық,

Сезіміңнен құй, мас қып.

Ойжетпесім, қол жетпес,

Санаға ауыр,

Миға ыстық.

 

Әппағым-ай, үр, сүттей,

Қоя тұршы түршікпей.

Сезімімнің сипаты –

Ашылмаған бүршіктей...

 

Басылмаған құмардай,

Баста дәурен тұрар қай?!

Мен келемін тына алмай –

Сен келесің құп алмай.

 

Сыңғырласаң – саздай-тын,

Сырды ұрласаң – наздай-тын.

Соқырдаймын, сене алсаң,

Көргенінен жазбайтын.

 

Сөзім серттей, сол – нұсқа,

Қарсы келмен болмысқа.

Қалғаным жоқ кеш, кейін,

Арманым көп – жол қысқа.

 

Көріп едім сәл көнбей,

Болып кетті ол әуремдей.

Сендей екен сағыныш –

Ал қимастық дәл мендей.

 

***

Иістерміз...
Ала түстік сол иісті пейіштен біз.

Бірақ, қалай сақтадық?

Сол маңызды!

Иісімізбен құй төмен, құй үстембіз...


Бір иіс келді ұшына танауымның,

Санам содансергісе де– жанауырды.

Ұшынан қаламымның

Білінеді 

иісі балбыраған бала күннің...


Жүректе иісі шалқып үміттердің,

Келді өмірді өзгеше сүріп көргім.

Далам иісі бұрқырап көкіректе,

Қаланың қапасына кіріп келдім...


Көше иісін жинадым санаға кіл,

Тұз сепкендей қиналдым жарама ақыр...

Бойым да балғын иісін жоғалтқандай,

Ойым да иістеніп бара жатыр!

 

Жырым иісі – нұр құйған жиі ішіме,

Бұрым иісі – дәнекер сүйісуге.

Ештеңе де жетпейді жалғанда бұл,

Ертегі естеліктер иісіне...


Іздейтін жан едім мен ғұрыптан мəн,

Астарын ақиқаттың шын ұққаннан.

Төбесінен əкетай тастамайды,

Тақиясын тер иісі сіңіп қалған.

 

Соңымда қалсын ұлы дүбір, мейлі,

Сарсаңға салсын тірі-ғұмыр, мейлі.

Əкейдің тақиясы жұпарлана:

Наныңды адал тап! – деп күбірлейді.

 

Сіңіруге күн сəулесін талпынамын,

Тазаруда ғұмырлық бар құмарым.

Тек қарыннан – бүлініп, мүңкімегім,

Тек арымнан – жұпар боп аңқымағым.

1

 

Әзіл

Сабырлы, сырбаз сияқты ем.

Мәнді өмір Тәңір сый еткен,

Сөзбенен өтер сүйектен –

Өлімнен күшті ұятпен.

 

Шерімнен шаттық құраймын,

Іштегі бөтен, кім едің?

Күлкім келеді – жылаймын,

Жылағым келеді – күлемін.

 

Опа емес қылжақ орынсыз,

Күмәнді ойдан қажыдым.

Құтылған да езден жөн үнсіз,

Жараспаған соң әзілің.

 

Әзілдің-дағы зілі бар,

Именіп әйтсе бұқпас та ек.

Астарын сөздің кім ұғар?

Тура айтсаң-дағы ұқпас көп.

 

Бірі әккі, бірі сынды қу,

Жауап бере алман талғамға әр.

Келмейді қолдан күлдіру –

Күле алмайтын да жандар бар.

 

Әжуаға шыдар жан қалай?

Сіркем су көтермес боп алды.

Түлкі боп кеттік аңдамай,

Күлкі қып жүріп сол аңды.

 

Біреуден білем, кем есем –

Біреуден бағым басымдай.

Қожанасырлау емес ем –

Тағдырым қожанасырлау.

 

 

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ – 1993 жылы 14 сәуірде Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Лекер қажы ауылында дүниеге келді. Баянауыл аудандық «Баянтау» газетінің редакторы. 2018 жылы «Өмірқос» жыр жинағы жарық көрді.