Әлем • 24 Наурыз, 2020

Үй карантиніндегі азаматтарды селфимен бақылайды

163 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Коронавирустың өршігені сондай, кейбір елдер амал жоқ, қатаң карантиндік шараларға баруға мәжбүр. Ауру жұқтыру көрсеткіші 560-тан асқан Польша 14 күндік карантинді үйінде өткізіп жатқан азаматтарды селфи арқылы бақылауға көшкен.

Үй карантиніндегі азаматтарды селфимен бақылайды

Басқа елдер сияқты, Польша да шет мемлекеттерден ұшып келгендерді 14 күн үй карантиніне жібереді. Ал үйінде жатқан адамды тәулік бойы бақылауда ұстау – күрделі іс. Жауапкершілігі жоқ адам карантинге пысқырмай, қыдырып кетуі әбден мүмкін. Сондықтан Польша билігі үй карантинінде жатқан азаматтарды 14 күн бойы уысынан шығармайтын ерекше әдіс ойлап тапты. Карантиндегі азаматқа Home Quarantine  мобильдік қосымшасын телефонға жүктеп алу міндеттеледі. Одан кейін полиция азаматтарға геолокациялық мәліметтерімен қоса, селфи жіберу туралы сұрау жіберіп тұрады. Бұл сұрау күніне бірнеше рет, тәуліктің кез келген уақытында келуі мүмкін, қашан келетінін карантиндегі адам болжап та біле алмайды. Егер полиция сауалына 20 минуттың ішінде жауап келмесе, онда әлгі адам карантин режимін бұзған болып есептеледі де айыппұл салынады. Айыппұлдың көлемі теңгемен – 50 мың шамасында.  «Үй карантинінде жатқан адамда екі таңдау бар: не олар телефонға мобильдік қосымшаны жүктеп, полицияның талабын орындайды, не полиция үйіне барып, айыппұл салады» дейді Польша цифрлық технологияны енгізу министрлігінің баспасөз қызметінің өкілдері.

Тек Польша ғана емес, Сингапур билігі де осындай қатаң шараға барып отыр. Мұнда да карантиндегі тұрғындар арнайы шығарылған мобильдік қосымшаны жүктеп алуы керек. Қосымша телефонға жүктелгеннен кейін Bluetooth арқылы телефон қолданушысы кіммен сөйлескені, қайда барғаны анықталады.

Ал Тайваньда үйде карантинде отырғандарға  «электрондық шектеу» енгізілді. Телефонға орнатылған мобильдік қосымшаның ерекшелігі сол, карантиндегі азамат үйден ұзаса, бірден дабыл қоңырауы ойнап, ол бірден полиция бөлімшесіне келіп түседі.

 

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ