Коронавирус • 25 Наурыз, 2020

COVID-19: ақпарат бір орталықтан тарайды

161 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Еліміздегі коронавирусқа қатысты жұртты дүрліктіретін жалған ақпараттың таралуына жол бермеуді көздеген Мемлекет басшысы ақпаратты бір орталықтан таратуды тапсырып, бұл міндетті Ақпарат және қоғамдық даму министріне жүктеді. Сондықтан да алдағы уақытта осы ведомствоның басшысы халыққа мемлекеттік комиссия, Үкімет, орталық мемлекеттік органдар атқарып жатқан шаралар туралы тұрақты түрде хабарлап отырады.

COVID-19: ақпарат бір орталықтан тарайды

Орталық коммуникациялар қызметінде онлайн брифинг өткізген Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев індет төңірегіндегі кейбір мәселелерге тоқталды. Ол Бас санитарлық дәрігердің халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жаңа қаулысына сәйкес, коронавирус инфекциясы өршіген, қауіпті елдерден келген азаматтардың барлығы 14 күнге карантинге жатқызылатынын және вирусты анықтауға арналған тест тапсыратынын айтты. «Бұған 1 «А» санатына кіретін Франция, Иран, Испания, Германия және Италия сынды елдер жатады. Қалған елдерден келген азаматтар коронавирусты анықтауға арналған сараптамалар тапсыру үшін стационарлық карантинге 1 күнге оқшауланады. Тіпті теріс нәтиже болғанның өзінде олар 13 тәулікке үйде оқшауланатын болады», деді Д.Абаев.

Сондай-ақ ол транзит арқылы ұшып келген азаматтар да назарда болып, барлық сараптамаларды тапсыратынын жеткізді. Ал Қазақстан аумағына транзиттік рейс­тер қонған жағдайда, жолаушылар ұшақ бортынан шықпайды.

Министрдің мәліметінше, бүгінде елімізде коронавирусты анықтайтын 60 мың тест бар. «Жақын күндері біздің қолымызға тағы 150 мың тест түседі. Келі­сімшарт жасасу кезеңінде тұр. Бұдан бө­лек 100 мың тест демеушілердің қара­жаты есебінен сатып алынады. Халық үшін тест тегін жүргізіледі», деді Дәурен Абаев.

Ведомство басшысының айтуынша, еліміз бойынша 27 мың төсек-орын дайындалған. Бүгінде елордадағы төсек-орындардың 25, Алматыда 12 пайызында ғана науқастар жатыр. Ал маска өндіру бойынша да жұмыс атқарылып жатқанын атап өткен Д.Абаев: «Қазіргі уақытта бір тәуліктің ішінде өндірілетін масканың жалпы саны – 604 мың дана. Бұл көлем алдағы уақытта тәулігіне 1 млн данаға жеткізіледі. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында тәуекел тобына кіретін адамдарға тегін маска беру ұйымдастырылады», деді.

Министр төтенше жағдай режімін бұзғандардың жауапқа тартылып жат­қа­нын айтты. «Санитарлық және гигиеналық нормативтерді бұзу» бабы бойынша сотқа дейінгі үш тергеу басталды. Тө­тен­ше жағдай режімін бұзғаны үшін «Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы» ко­декстің 476-бабы бойынша 143 тұлғаға қатысты әкімшілік іс қозғалды. Мыса­лы, дәмханалар мен мейрамханалар рұқсат етілмеген уақытта жұмыс істейді. Жиын-той өткізеді. Осының барлығы адам­дардың өміріне қауіп төндіреді. Сондық­тан да олар жауапқа тартылады. Толық­тай алғанда Нұр-Сұлтан мен Алматы­дағы блок-бекеттердегі жағдай тұрақты. Халық енгізілген шараларға түсіністікпен қарауда», деді ол.

6 сәуірден бастап қазақстандағы мектептер қашықтан оқытуға көшетінін жеткізген министр «Балапан» телеарнасында қазақ тілінде, «Ел арнада» орыс тілінде қосымша видео сабақтар көрсетілетінін айтты. Сондай-ақ egov.kz электронды Ашық үкімет порталында жарияланған елімізде коронавирустың таралуын, оның ішінде қауіпті аймақтарды көрсететін картаны халықтың жаңсақ түсінгені туралы да айтқан Д.Абаев: «Кеше ол дүрбелең тудырды. Өйткені көпшілігі оны вирустың таралу картасы екен деп түсініп қалған. Ал іс жүзінде ол жерде негізінен коронавируспен ауырғандармен байланыста болған адамдардың саны көрсетілген еді. Олардың барлығы да медициналық бақылаудан өткен. Ешқайсысынан коронавирус инфекциясы табылмаған. Дүрлігуге еш негіз жоқ. Түсінікті болу үшін карта қайта жетілдірілуде», деді.

Ал кеше тағы онлайн брифинг өткізген Ақпарат және қоғамдық даму министрі Президенттің тікелей тапсырмасымен ашылған аталған штабтың үш бағыт бо­йынша жұмыс істейтінін атап өтті. Біріншіден, жалған ақпараттарды та­уып, теріске шығарса, екіншіден, орталық мемлекеттік органдардың ақпараттық жұмысын үйлестіріп, сын сәтте болған жағдайларда бірлесіп, жедел әрекет етеді. Ал үшіншіден, жаңадан ашылған Coronavirus2020.kz сайтының жұмысын жүргізеді.

Брифингте министр Мемлекет басшысы дағдарысқа қарсы өте ауқымды шаралар туралы баяндағанын жеткізіп, мұқтаж азаматтардың барлығына мемлекет көмектесетінін айтты. «Өздеріңіз естігендей, мұқтаж азаматтардың барлығына мемлекет көмектеседі. Ешкім қамқорлықсыз қалмайды. Президент сөзінің басты түйіні осы. Қазір журналистер мен азаматтардан келіп түсіп жатқан сұрақтардың басым көпшілігі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларының іске асырылуына қатысты. Осы ретте бүгін Премьер-Министрдің төрағалығымен Үкіметтің отырысы өтті. Барлық министрлер мен әкімдер кешегі Президент берген тапсырмаларды орындау бойынша жол карталарын жасайды. Осыған орай баршаңыздан түсіністік танытып, Үкіметтің нақты тетіктерінің жариялануын күтуді сұ­раймыз», деді ол. Министр Президент тап­сыр­маларының барлық пункттері орын­да­латынын баса айтты.

Сондай-ақ ол 500 мың адамға азық-түлік жиынтығы беріледі, яғни бұл бо­йынша ерекше тәртіп енгізілген. «Онымен карантин аймағында тұратын және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалары мен ересек мүшелері, сонымен қатар 1-топтағы барлық мүгедектер қамтамасыз етіледі. Жалпы мұндай көмекпен жарты миллионнан астам адам қамтылады», деді Д.Абаев.

Министр төтенше жағдайдың енгізі­луіне байланысты 2019 жылы көктемде шақырылған азаматтардың әскери қыз­меттен босатылмайтынын, ал әскерге ша­қы­ру уақытша тоқтатылатынын жеткізді.

Халықты отандық өнімдерді сатып алуға шақырған Д.Абаев: «Тамақ, киім, жиһаз, тұрмыстық химия сияқты тауарларды біз өзіміз өндіре аламыз. Бірақ тек өндіріп қоя салу жеткіліксіз. Ол тауарлар нарықта бәсекеге қабілетті, сапалы және қолжетімді болуы тиіс. Қазақстанда өндірілген затты сатып алып жатқан әрбір азамат білуі керек – бұл елдің келешегіне өз үлесін қосуда. Баршаңызды осыған шақырамын», деді. 

Айта кетейік, кеше кешкі ақпаратқа сүйенсек, елімізде жұқпалы дертті жұқ­тыр­ғандардың саны 68 адамға жетіп отыр. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан қаласында – 35, Алматыда – 29, Қарағандыда – 2, Алматы облысында – 1, Ақтөбе облысында 1 жағдай тіркелді.