Аймақтар • 25 Наурыз, 2020

Қарбалассыз Қызылорда

1808 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізде төтенше жағдай режимі жарияланғанына бүгін тура 9 күн болды. Бастапқыда жер-жерде құрылған комиссиялар қауырт жұмыс істеп, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Іле-шала еліміздегі екі мегаполис – Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары карантинге жабылды. Әдепкіде карантин талаптарын түсінбегендер көп болғанымен қазір бұл екі шаһар тіршілігі де өз арнасын қайта тапқан сияқты.

Қарбалассыз Қызылорда

Ал өзге аймақтардағы ахуал қалай болып жатыр?! Мысалы, Алматы мен Нұр-Сұлтан немесе іргеміздегі Шымкент, Ақтөбе шаһарлары секілді үлкен болмағанымен Қызылорда қаласының да тіршілігіне кәдімгідей өзгеріс енді. Облыс орталығындағы сауда орындары мен базарлар бірлен бақылауға алынды. Тоғыз күннің ішінде рейдтер мен тексерулер үздіксіз жүргізіліп,  біраз мәселе шешімін тапты. Қазір қалаға кіретін, шығатын жолдарға бақылау бекеттері қойылды.

Шаһар ішінде бұрынғыдай шулы тіршілік жоқ. Темір жол вокзалы темірдей тәртіпке келтірілген. Жолаушы іздеп, перронға дейін шығып кететін таксистер мүлдем көрінбейді. Перронға шығатын қақпалар жабылған. Тек ғимарат арқылы шыға аласыз. Билет сататын кассаларға адамдардың біртіндеп кіруі бақылауға алыныпты.

Әншейінде тіршілігі қайнап жататын перрон тым-тырыс. Вокзал қызметкерлерінің айтуынша пойызбен қатынайтын жолаушы да сиреген көрінеді.

в

Вокзалдан шығып, қаланы қақ жара өтіп, облыс орталығының іргесіндегі Тасбөгеттен тоқтайтын № 11 маршрутқа отырдық. Іште жолаушы аз, кондуктор бұрын маршруттың басы мен аяғына жеткенше бір сағат жүрсе, қазір ол уақыт екі есеге жуық қысқарғанын айтады. Аялдамаларда да бұрынғыдай жолаушы теріп тұрмайтын болған.

Қаладағы ірі сауда орталықтарының бірі «Жайна» базарында да кісі аяғы сирепті. Адам мен көлік ағыны үзілмейтін Қазыбек би көшесінің бойы да алабөтен тып-тыныш.

Мәдениет үйлері мен музейлердің сыртында жұмыстарын уақытша тоқтатқандары туралы ескертпе ілініп тұр. Қала орталығындағы Батырхан Шөкенов саябағында да құлаққа ұрған танадай тыныштық орнаған.  

д

Қала әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша шаһарда төтенше жағдай талаптарының сақталуы қатаң қадағалауда тұр. Арнайы құрылған комиссия күн сайын тексеру жүргізуде.  

Қалада қарбалас азайғанымен халыққа аса қажетті қызмет салаларының жұмысы көбейді. Әсіресе, қазір сәлемдемелерді, түрлі тапсырыстарды үйге жеткізіп беретіндердің күні туып тұр.

 

ҚЫЗЫЛОРДА

 

Соңғы жаңалықтар