Қоғам • 25 Наурыз, 2020

Қайырымдылық акциясы қанат қақты

198 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Nur Otan партиясы карантин жарияланған Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына 150 млн теңге қаржы бөлгені белгілі. Бұл қаражаттың жартысы Алматы қаласына тиесілі. Партияның қолдауымен «Біз біргеміз» акциясы мегаполисте жүйелі түрде жалғасын тауып жатыр.

Қайырымдылық акциясы қанат қақты

Партия өкілдері соғыс ардагерлері мен қараушысы жоқ қарттарға, жағдайы төмен жанұялар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға үзбей көмек көрсетіп келеді. Кезекті рет шаһардың Наурызбай ауданында тұратын 25 адамға қорғаныс құралдары бар сөмке табысталды. Сөмкеде сабын, антисептик және медициналық бетперде бар.

– Карантинге байланысты қиын жағдайда қалып, үйлерінен шыға алмай жатқандар көп. Сондықтан біз Jas Otan  жастар қанатымен бірлесе отырып акцияны қайтадан қолға алдық.  Бұл істерді атқаруда бізге еріктілер қауымы көп көмек көрсетуде. Мақсатымыз – азаматтардың аты жаман індеттен аман қалуына сәл де болса үлесімізді қосу, – дейді  Nur Otan партиясы Наурызбай аудандық филиалының бөлім басшысы Әйгерім Түгерекова.

Наурызбай ауданында көмекке мұқтаж 500-дей отбасы бар десек, осынау игі шара қанат қаққалы оның 100-ден астамы көмекке ие болды. Қайырымдылық акция аясында тұтас ел аумағында тұратын  7 мың  адамға осындай қолдау көрсетілмек. 

 

АЛМАТЫ