Коллажды жасаған Аменгелді Қияс, «EQ»
Атпен қашып құтылған...
Өткен ғасырларда елге өлім болып тиген оба ауруынан талай ауылдың тайлы-таяғы қалмай қырылып қалғаны тарихи шындық. Емі жоқ ерекше індеттен құтылудың сол кездегі жалғыз жолы – аталған аурудың аты естілген жерден үдере көшу, қашу болыпты.
Тайпақ өңірінде 1890-1976 жылдары өмір сүрген, ерекше қасиетімен, емшілігімен танымал болған Арыстан ата Жұмалыұлының өміріне қатысты бір қызық хикаяны ақсуаттық зейнеткер Мұрат Ғұбайдуллин былайша жеткізеді:
...Арыстан жігіт кезінде нағашысының үйіне қыдырып барыпты. Нағашысы беріш екен, болашақты болжап отыратын қасиеті бар қарт көрінеді. Жиеніне қой сойып қонақасын беріп, таңертең:
– Жиенжан, жүр, мал шығарып келейік, – деп ілестіріп шығыпты. Қойды қорадан шығарып жатып, үңіліп қарап тұрып:
– Е, жағдай қиын екен, балам, – депті. Сөйтсе нағашысы тірі қойдың жауырынын қарап, күндік оқиғаны болжай береді екен.
– Мен қазір ішке кіремін. Сен кірмей тұра тұр. Анау ауылдың бағытынан бір аттылы шауып келе жатыр. Соны алыстан тоқтатып, қайтарып жібер. Сонан соң атыңның айылын мықтап тартып ал да, желге қарай қаш! – депті қарт, – құтылсаң сен құтыларсың. Біз құтылмаспыз. Елге оба келген екен!
Нағашысы осыны айтып, жиеніне батасын беріп, бақ тілеп, үйге кіріп кетеді. Арыстан қатты тіксініп қалса да нағашысының қадап айтқан көріпкелдігін сынамақ болып, сыртта тұрып күтеді. Әлгіндей болмай айтқан жағынан құйын-перен болып шауып келе жатқан біреу көрініпті. Хабаршыны қашықтан айқайлап тоқтатып, «Білеміз!» деп қайтарып жібереді де, Арыстан нағашысының айтқанына мойынсұнып, атын ерттеп алып желге қарсы желіп жөнелген екен.
Желмен таралатын ажал індетінен жиенін құтқарып жіберіп, өздері мерт болған нағашысы туралы Арыстан өле-өлгенше айтып отырады екен...
Есіңде ме, Есімтөбе?!
Ағам Жәнібек айтатын осы әңгімені естіген сайын 1913 жылы Тайпақ өңірінде, атап айтсақ «Есім төбесі» аталатын жерде (қазіргі Базаршолан ауылдық округіндегі елді мекен) болған алапат оба эпидемиясы туралы дерек ойыма түседі.
ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде (1900-1926) бұрын Орал губерниясы, кейіннен Орал облысы аталған өңірде оба індеті 43 мәрте бас көтеріпті. Бүгінде Ж.Молдағалиев атындағы облыстық кітапхананың сирек кітаптар бөлімінде сақтаулы тұрған «Урало-Каспийский край (Уральская губерния и бывшие земля Уральского казачьего войска и Уральская область) Краеведческий справочник по истории, географии, экономике и быту русского население края» («Жайық-Каспий өлкесі», авторлары К.В.Данилевский мен Е.В.Рудницкий, Орал қаласы, 1927 жыл) атты кітапта ХХ ғасырдың басында Орал губерниясы аумағында болған оба ошақтары туралы төмендегідей мәлімет келтіріледі:
Жоғарыдағы кітаптың дерегінше, 1904-1926 жылдар аралығында Орал губерниясы аумағында 1585 адам обаға шалдығып, соның 1564-і қаза тапқан екен. Соның ішінде ең көп адам шығыны – 1904 жылы Сарайшықта (ол кезде Гурьев уезі Оралға қараған) бас көтерген обада болған. Сол жолы 416 адам дауасыз дерттің құрбанына айналыпты. Тұтас ауылдарды жайпап кеткен алапат апаттың қатарында 1913 жылы Есімтөбе мен Калмыковта болған оба ошағы бар. Сол жолы Есімтөбе ауылында 342 адам обаға ұрынып, соның біреуі ғана аман қалған екен. Қазақтар «Кінәз» деп атайтын Калмыков елді мекенінен сол жолы 14 адам опат болған.
Әрине оба ошақтарын ауыздықтауда сол кездері жаңа құрыла бастаған обаға қарсы күрес стансалары ерекше қызмет жасаған. Дауасы, емдеу жолдары әлі толық қалыптаспаған атышулы дертпен өз басын қатерге тіге жүріп күрескен сол бір абзал жандардың ісі қандай құрметке де лайық. 1908 жылы Қазақстандағы тұңғыш обаға қарсы зертхана Хан ордасында ашылса, 1912-1913 жылдары Жымпиты, Калмыков (қазіргі Тайпақ) және Жаңақазан ауылдарында да жұмыс істей бастаған.
Халелдің жан күйзелісі
Қазақтың тұңғыш жоғары білімді дәрігерлерінің бірі, Алаш қозғалысының қайраткері Халел Досмұхамедов (1883-1939) Орал губерниясындағы оба ошақтарын жоюға, халықты құтқаруға, сақтандыруға бір кісідей қатысқан.
1909 жылы Санкт-Петербург императорлық әскери-медицина академиясын үздік дәрежелі дәрігер атағымен, алтын медальмен бітірген Халел офицер ретінде келісімді мерзімге әскери міндетін өтеуге жіберілген. Алдымен Пермь губерниясында, кейін 2-ші Түркістан, 2-ші Орал казак-орыс атқыштар батальонында әскери кіші дәрігерлік қызмет атқарады. Осы жылдары Орал қалалық ауруханасында бір жыл мамандандыру курсынан өтеді. 1912-1913 және 1915 жылдары оба індетіне қарсы күрес ісіне қатысты. Бұл еңбегі үшін Императорлық қола медальмен марапатталады.
1913-1918 жылдары «Қазақ» газетінде «Тамыр дәрі хақында», «Сары кезік – сүзек», «Жұқпалы ауру хақында» сынды кәсіби, әлеуметтік-саяси тақырыптарда мақала жариялап, өзіндік ой-пікірін білдіріп тұрды. «Как бороться с чумой среди киргизского народа» («Қазақ халқының ішіндегі оба індетімен қалай күресуге болады?» 1916 жыл) деген кітабы өз кезінде оба індетіне қарсы күрестің әдіс-тәсілдерін түгел қамтыған еңбек болды.
Халел Досмұхамедұлының жоғарыда аталған Есімтөбедегі алапат індеттің нақ ортасында болғанын Ығылман Шөрекұлының «Оба» деп аталатын өлеңінен көреміз. «Халелдің атынан» шығарылған өлеңнің кіріспесінде «1913 жылы Калмыков қаласының Есімтөбесінен оба ауруы шыққанда ішінде болған дәрігердің жан күйзелісі» деген түсініктеме беріліпті:
Бисмилла, сөз бастаймын қалам алып,
Ақ қағаз, сиясауыт тамам алып.
Жылында мың тоғыз жүз он үшінші
Көп халық апат тапты назаланып.
Алаша, масқар, тана рулары,
Сарбасты, Есімтөбе тұрулары.
Жақсыбай, Дендерден де көп кісі өлді,
Шашырап қазалыға жұғулары.
Жігіттер, дей көрмеңдер қаза қайдан,
Жүзіңді раушан еткей күн мен айдан.
Ұшырап осы апаттан көп кісі өлді
Қызылжар, Дендер менен
Жақсыбайдан.
Апатты жаман атап таптық хабар,
Почтальон, телеграмм жүріп шабар.
Жады етіп бір Алланы біз де тұрдық
Сақта деп пазылың кең Қадыр-Жәлел.
Доктордың қызметінде
тұрдық дәйім,
Күн болды заманақыр қайғы-уәйім,
Сағындық үлкен-кіші ел адамын
Құрбының, аға-жеңге қызыл шәйін.
Кінәздың барып тұрдық қаласына,
Қамалған карантин арасына.
Ауылдан мал табам
деп шыққанменен,
Ой түсті жігіттердің санасына.
Қуады жалған дүние адамзатты
Тіршілік қызығында балдан тәтті.
Көмуге жер қазушы болмаған соң
Өлікті жүз елуден отқа жақты.
Аспанға түтін шықты будақ-будақ,
Томарды карбөлкемен салған турап.
Иесі өліп, төрт түлік мал
тозып кетті
Ақкөлдің бақасындай улап-шулап.
Қап-қара түтін шалған зілмәңкелер
Әдіре қыр басында қалды қурап.
Көремі көз алдында ойран үйді
Мал қалып, қожа басын жойған үйді.
Ызбырай, зілмәңкесін – бәрін жағып,
Қарайтып керегесін қойған үйді.
Көбі өліп, азы қалды осы дерттен,
Кем емес үшбу апат жанған өрттен.
Секілді қара сия жұққыштығы
Ақыры себеппенен дағдыр жеткен.
Хал білген, бата оқыған адамдардың
Бәрі де үлес алды келген-кеткен.
Қамаулы карантин айналасы
Бұл апат марқұмдарға болды өктем.
Қайғыға қасіретпен аза беріп
Күйініп сөз сөйлейміз жаза беріп.
Дүния, адыра қалсаң бәрі сондай
Уақытсыз шәй ішпейміз қаза көріп.
Тартады санитарлар салып ырғақ,
Құр кеуде сүйреледі жерді тырнап.
Жиналып көп ағайын қауым болып,
Күн қайда құран оқыр молда жинап.
Жігіттер, арманы жоқ
өлген жанның –
Ақ жуып, жаназа оқып
көмген жанның.
Ай жатты кейбір адам ісіп-шіріп,
Қызыл ит кеудесінде өлген малдың.
Көз көрді мұндай түрлі
ғаламатты-ай,
Жүреміз дүние қуып саламатта-ай.
Бүлінген топ-топ болып көп адамдар,
Секілді қияметтің ғаламаты-ай.
Сау бөлек, ауру бөлек, өлген бөлек,
Айнала қарауыл тұр дөп-дөңгелек.
Араннан қарғып өткен сұр киіктей
Қатысқан қаза тапты елден бөлек.
Батырлық тірлік емес
болмай қорқақ,
Өлгендер толып жатыр
болып орпақ.
Қазасыз бала-шаға тірі қалды,
Секілді жұттан шыққан
бұзау-торпақ.
Бұл дерттен мырза-байлар,
бәрі де өлді,
Белгілі жасы жеткен кәрі де өлді.
Қызыл тон, иық ішік, жібек киіп,
Жас жандар қасіретпен жанып өлді.
Мирасқор бұл сапарда байып қалды,
Секілді өрді жайлап малы келген.
Біреулер жанталасып, сасып өлген,
Қасірет қара тұман басып өлген.
Асыл зат, жиған ақша, жиһаздарын
Жасырып әр орынға шашып өлген.
Қиғаш қас қыздар өлді қарқарадай,
Тіздірген мәнеттері жалтырап-ай.
Тағдырға бәйбіше де мойынсұнды,
Ғалажсыз ақ маңдайы
жарқырап-ай.
Қиылған қыршынынан жас адамдар,
Өлімнен хабары жоқ мас адамдар.
Сұпылар, қажы-молда, бәрі де өлді,
Халқына инабатты бас адамдар.
Бұлардың ақырап-қауыс ажал
айы-ай,
Табылған бұл оқиға қазалы айы-ай.
Жігіттер, Бір Құдайдан сұраналық,
Осындай тап болмағай пәле-жай-ай.
Қайғылы қазы, қарта шайнағаннан
Уайымсыз артық екен қара шәй-ай.
(Ығылман ШӨРЕКҰЛЫ, «Арыс» баспасы, Алматы, 2001 жыл, Атырау ақын-жазушыларының кітапханасы, 194-197 беттер).
Міне, бір ауылды тып-типыл қылған обаның бізге белгілі тарихы осындай. Бүгін әлем жұртын әбігерге салған коронавирус індеті тұсында бұдан ғасырдан аса уақыт бұрын болған оқиғаны еске ала отырып, қауіп көп, мүмкіндік аз кезде ажалмен арпалысқан ақ желеңді жандардың рухына бас иеміз.
Батыс Қазақстан облысы