Саясат • 26 Наурыз, 2020

Қамқоршылар кеңесінің құрамы жарияланды

225 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елордада коронавируспен күрес жағдайында халықтың мұқтаж тобына қолдау көрсету мақсатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Birgemiz» қоғамдық қорының Қамқоршылар кеңесінің алғашқы отырысы өтті.

Қамқоршылар кеңесінің құрамы жарияланды

Жиын барысында Қордың қамқоршылар кеңесінің құрамы жарияланды. Оған белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, азаматтық қоғам өкілдері мен жастар кірді.

Қор құрылтайшылары жи­налысының шешімі бойынша Қамқоршылар кеңесінің құрамына: Кеңес төрағасы – Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, Кеңес төрағасы орынбасары – Тұңғыш Президент Қорының атқарушы директоры Қанат Жұмабаев, Қамқоршылар кеңесінің хатшысы – журналист, «Бас редакторлар клубының» президенті Бибігүл Жексенбай, кеңес мүшелері – Парламент Сенатының депутаттары Нұр­төре Жүсіп пен Ольга Пере­пе­чина, Парламент Мәжілісінің де­путаттары Нұрлан Әбдіров пен Бақтықожа Ізмұхамбетов, «Волонтерлер лигасы» қоғамдық қорының төрайымы Айсұлу Ерниязова, «Ұлттық волонтерлер желісі» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Вера Ким, «Мир через духовность» қоғамдық бірлестігінің төра­йымы Сәуле Мұқашова, «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орта­лығы» АҚ басқарма төрағасы Юрий Пя және «Altyn Kyran» халықаралық қайырымдылық қорының президенті Исламбек Салжанов кірді.

Қордың жоғары басқару органы – Құрылтайшылардың жалпы жиналысының төрағасы Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов болды.

«Birgemiz» қорының бас­қар­ма төрағасы Руслан Сакеев қорға Nur Otan партиясының жан-жақты көмегі қажет екенін атап көрсетті. Өйткені қоғамдық бірлестіктің әрбір өңірде филиалы жұмыс істейді, қажетті материалдық-техникалық база­ға ие және Jas Otan жастар қа­на­тының кең ауқымды волонтерлер желісі бар.

«Бірінші отырысты біз Nur Otan партиясының қабыр­ға­сында өткізіп отырмыз, өйткені оның мүмкіндіктеріне сүйенгіміз келеді. Елбасының қолдауымен қорға қаражат түсіп жатыр, ал халықтың ауқымды бөлігімен тиім­ді жұмыс жүргізу үшін бізге инфрақұрылым, зор ұйым­дас­тыру тәжірибесі және адамдар қажет. Бұл аталғандардың басым бөлігі бүгінде тек партияда ғана бар», деп атап өтті Р.Сакеев.

Жаңадан құрылған қоғам­дық қорға елдің ірі бизнес өкіл­­дерінен 40 млн доллардан астам қаражат жиналды. Бұл қара­жат Қамқоршылар кеңесінің шешімімен халықтың әлеуметтік осал топтарына атаулы көмек көрсетуге бағытталатын болады. Қазір көмек түрлері мен оны алушылар санаттарын анықтау бо­йынша жұмыс басталды.

Өз кезегінде Б.Байбек Қам­қор­шылар кеңесі атынан Ел­басы үндеуіне қолдау көрсеткен бизнесмендерге алғыс айтып, қа­зақстандықтардың бірлесе оты­рып кез келген дағдарысты еңсе­ретініне сенімділігін білдірді.

«Елбасы, Nur Otan Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша біз өзіміздің барлық ұйымдық және медиа ресурстарымызды қордың тиімді жұмыс істеуі үшін ақысыз негізде ұсынамыз», деді Б.Байбек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Біз біргеміз!» жалпы республикалық акциясы аясында «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы» және «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобалары желісі бо­йынша халықтың әртүрлі топтарына әлеуметтік көмек көрсету қор құрылғанға дейін басталып кеткенін атап өткен жөн.

Елбасының тапсырмасы бо­йынша Nur Otan партиясы карантин жарияланған Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы жалғыз басты қарттарға, мүге­дек­терге және тұрмысы төмен көп балалы отбасыларға атау­лы көмек көрсету үшін 150 млн теңге бөлді. Коронавирус інде­тінің таралуына қарсы күреске Елбасының шешімімен Тұңғыш Президент Қоры тағы да 200 млн теңге бағыттады.

Бүгінде Jas Otan волонтерлері мен партия белсенділері халық­тың әлеуметтік осал санаттарын антисептик және гигиена құралдарымен, бірінші кезектегі қажетті тауарлармен қамтамасыз етуде. Тек соңғы төрт күнде бүкіл ел көлемінде 7 мыңға жуық отбасына 130 млн теңге сомаға әлеуметтік көмек көрсетілді.