Елімізде коронавирус індетіне байланысты қатаң санитарлық-дезинфекциалық режим енгізілуіне орай 13 наурыздан бастап білім мекемелерінде мәдени-спорттық шараларды өткізу тоқтатылды. Мектептерде оқушылары 16 наурыз бен 5 сәуір аралығында көктемгі каникулға шықты. 16 наурыздан бастап кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдары қашықтан оқытуға көшірілді. Мектепке дейінгі ұйымдар штаттық режимде жұмыс істегенімен, ата-аналарға мүмкіндік болса балаларын балабақшаға әкелмеу ұсынылды.
- Білім беру ұйымдары қызметкерлері қазір қашықтан жұмыс істеп жатыр, олардың жалақысы толықтай сақталады, - деді Айымгүл Тіржанова.
Төтенше жағдай мерзімі ұзартылу ықтимал болғандықтан, еліміздің Білім және ғылым министрлігі қашықтан оқыту бойынша арнайы жұмыс тобын құрған еді. Оның құрамына қашықтан білім беру саласында жұмыс істейтін «Bilimland», «DDaryn.online», «Күнделік», «Univer», «Platonus», «EduPage», БИЛ, «BTS education», «U-study» және «AGS» сияқты ұйымдардың өкілдері және педагогтер, әдіскерлер, мектеп директорлары, директорлардың оқу ісі жөніндегі орынбасарлары және жоғары оқу орындарының проректорлары енген.
Білім және ғылым министрлігімен оқушылар мен мұғалімдер үшін пайдаланылатын білім ресурстары ұсынылуда. Бұл ресурстар тегін.
- Оқушыларды қашықтан оқыту дайындығы бойынша жұмыс бірнеше бағытта жүріп жатыр. Мысалы, тапсырма беру, олардың орындалуын тексеру, бағалау және кері байланысты қамтамасыз ететін ақпараттық жүйелерді енгізу қарастырылады. Білім алушылар бейне-сабақтарға қатысып, тапсырмалар алып, қажет болған жағдайда педагогтердің өз сыныбымен онлайн-талқылау, бағалау бойынша немесе видеостриминг сервистерін пайдалана алуын қамтамасыз ететін жүйелерді іске қосу да көзделген, - дейді Білім басқармасының басшысы.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің тапсырысына сәйкес сабақтар «Балапан» (қазақ тілінде) және «Еларна» (орыс тілінде) телеарналарынан көрсетіледі екен.
Қазіргі таңда барлық аудандық және қалалық білім беру бөлімдері оқушылар мен педагогтердің үй жағдайында интернетке қосылу мүмкіндігін, отбасындағы оқушы мен компьютер, ноутбук, смартфон сияқты құралдардың санын жинақтап жатыр.
- Батыс Қазақстан облысында 120 елді мекенде интернет жылдамдығы төмендігіне байланысты сабақ жүргізуде қиындық туындауы мүмкін. Бұл мәселені облыс деңгейінде шешу жолдары қарастырылуда. Мұндай жағдайда ауыл мектептерінің мұғалімдері балаларға қағаз түрінде тапсырма беріп, жауапты қағаз түрінде алады. Бірақ оқушыларды мектепке жинамаймыз, - дейді Айымгүл Тіржанова.
Білім басқармасы басшысының айтуынша, облыстың білім саласына бөлінген бюджет қаржысы қайта қаралып, үнемделген қаржыға компьютер, планшеттер алу, оларды мұқтаж мұғалімдерге және аз қамтылған отбасыларға беру мәселесі де қарастырылып жатыр екен. Үйден оқитын балаларын, әсіресе, бастауыш сынып оқушыларын қадағалау үшін олардың ата-аналарына кезекті еңбек демалысын беру туралы жұмыс берушілерге ұсыныс айтылған.
Батыс Қазақстан облысында техникалық және кәсіби білім беру саласындағы 33 колледждің 12 мың студенті наурыздың 16-сынан бері дистанциялық білім беруге көшіп кетті. Тағы 4 мыңдай студент өндірістік тәжірибеден өтуде.
Айта кетейік, облыс аумағында 107 мыңнан аса оқушы білім алатын 388 мектеп бар, олардың 58,8%-ы, яғни 223-і – шағын комплектілі күндізгі мектеп.
Батыс Қазақстан
фото yapfiles.ru