Қазақстан • 26 Наурыз, 2020

Тамды туралы толғам

2485 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қарт Қаратаудың қойнауында көне тарихтың көзіндей болған Тамды қалашығы бар. Тарихи деректер бойынша, бұл қалашық ортағасырлық түркі халқының мәдени ошағы болған. Тіпті бұл ортағасырлық қала аты кейбір жазба деректерде Берукет қаласымен баламаланып жазылып жүр. Ал, кейбір деректерде қаланың моңғол шапқыншылығы кезінде толық қирағаны айтылады. Тарихи Тамды қалашығы бүгінгі Қаратау қаласының батыс шетінде, Тамды өзенінің оң жағасында орналасқан. Қалашықтың табанында күркіреп өзен ағып жатыр. Тасын түртсең тарихы төгіліп қоя беретін ұлы қазақ даласындағы бұл қалашықтың да өзіндік тағдыры бар.

Тамды туралы толғам

Тамды әулие бұлағы

Тамды қалашығы VІ-ХІІІ ғасырларға жататын мұра екенін тарихшылар жазып жүр. Көптеген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде қалашық топырақ астынан аршылып, бұл жерден көптеген құнды жәдігерлер табылды. Осындай тарихи мекендер арқылы ұлы даламыздың ықылым заманнан бері өркениеттің ордасы, мәдениеттің бесігі болғанын көруге болады. Тамды қалашығына арнайы барғанымызда әуелі оның берік қорғандарының осы уақытқа дейін сақталғанын көрдік. Тіпті қабырғаларындағы тастардың қалануында да шығыс сәулет өнерінің қолтаңбасы бар екенін аңғардық. Жалпы, қалашықтың нобайынан-ақ бұл жердің кезінде ірі орталықтың бірі болғанын бағамдауға болады. Тарихшы Мадияр Елеуов Тамды қалашығының мұнарасының болғанын, оның биіктігі шамамен 12-15 метрге дейін жеткенін жазған еді. Бүгінде Тамды қалашығын зерттеп жүрген тарихшы, Қаратау қаласының тұрғыны Сәулембай Әбсадықұлы бұл қалашықтың кезінде Шыңғыс ханның шабуылынан талқандалғанын айтады. «Бұл жерде бес-алты мың адам тұрған болуы керек. Ал, Тамдының сауда, мәдениет орыны болғаны дау тудырмайды. Мәселен, Қарахан дәуірі ІХ-ХІІІ ғасырға дейін өмір сүрді. Сол кезде ислам өркениеті дамыды. Бүкіл Еуропаға ғылымды апарды. Сол кезеңдерде Тамды қалашығы да мәдениеттің ірі ошағы болған. Шыңғыс ханның заманында қалашық әскер табанының астында қалған. Осы жерден бертінге дейін адам сүйектері шығып жатты. Қазақтар қала салмаған деген бос сөз. Қайта шаруашылыққа да, басқа жағдайларға да ыңғайлы болуы үшін қаланы өзен жағасына салған. Оның бір дәлелі – осы Тамды қалашығы», дейді ол. Тамды қалашығынан кезінде қыш ыдыстар, теңгелер, дуадақтың сүйегінен жасалған сыбызғы және өзге де құнды жәдігерлер табылған. Бүгінде қорғандарының өзі кетіліп, жұқанасы ғана қалған тарихи мекен ұлы даламыздағы асқақ рухты, өзгеше өркениетті бүгінгі күнмен жалғап тұрғандай әсер етеді. Ал, қалашықтың аты да, өзеннің аты да Тамды аталуының сыры аңызға барып тіреледі. Тамды туралы аңыздар да тарихтағы тағылым аларлық мұралардың бірі.

Ел аузында Тамды туралы әңгімелер көп. Бұл кісі аты ма, жоқ па, ол жағы белгісіз. Бірақ аңыздардың түп негізі Тамды әулие төңірегіне барып тоқайласады. Әдебиетші-ғалым Жанғара Дәдебаев «Тараз өлкесі» атты кітабында Тамды әулие туралы жазады. Аңыздың бұл нұсқасы әулиелер Қожа Бағауеддин мен Қожа Ахмет Иассауидің бір күні күш сынасып, дауласып қалғанынан басталады. Бұл кезде Бағауеддин Бұхарада, Иассауи Түркістанда екен. Екеуі де бір-бірінің көзінше ғажайып істер жасап, өздерінің неше түрлі кереметін көрсетеді екен. Бағауеддин күш сынасып қоймаған соң, Иассауи Әму дарияның суын түгелдей дәсорамалына құйып алып, өз мекеніне жүріп кетіпті. Ол алыс жолдан келе жатып ылғи Әулие атаның басына зиярат етеді екен. Бұл жолы да Түркістанға тоқтамай, Әулие атаның басына келе жатады. Қаратаудың бір биігіне келгенде әлгі Әму дарияның бір тамшысы жерге тамып кетеді. Бір тамшы су бұлаққа айналады. Иассауиге шәкірт болып жүрген бір кісі құдіреттің күшімен мұны біліп, бұлақ басына келіп тұрады. Сондықтан бұл кісі де, бұлақ та Тамды деп аталып кеткен дейді. Аңыз болса да, бұл жерде Тамды әулие туралы аздап айтылады. Тағы бір аңызда жаугершілік заманда ерлермен бірге Тамды әулиенің жалғыз баласы жауға аттанады. Батырлар шайқасып жүріп, шөл далаға өтіп кетіпті дейді. Содан батырлармен бірге жолда келе жатып әулиенің жалғыз ұлы да шөлден қайтыс болыпты. Сонда Тамды әулие баласының өлі денесін алдына алып отырып, батырлардан оның ерлігін естиді. Кенет көңілі босап, әулиенің көзінен шыққан бір тамшы жас аппақ сақалының ұшына келіп дірілдеп тұрған екен. Еңкейіп, баласының маңдайынан иіскей бергенде, әлгі тамшы жас жерге тамып кетеді. Құдайдың құдіретімен сол жерден мөлдіреген бұлақ пайда болыпты дейді. Дегенмен, мұның бәрі аңыз. Бірақ аңыздың түбінде де бір ақиқаттың болатынын жоққа шығаруға болмайды. Қазақ даласында Құдайдың назары түскен әулиелердің көп болғанын ескерсек, Тамды әулиенің де өмірде болған адам екеніне сенуге негіз бар.

Тамды қалашығының орны

Тамды қалашығынан біраз жер жүрген соң, Қаратау қаласының төменгі бетінде кесене орналасқан. Мұны жергілікті жұрт «Тамды әулие» кесенесі» дейді. Кесененің маңдайында «Бисмилләәһир раһмәәнир раһиим «Тамды Әулие» Абу Муса Аш-Қәри Кесенесі. VІ-VІІ ғ.» деген жазу бар. Кесененің жанынан пайда болған бұлақ суы бұл күнде шағын көлшікке айналған. Қазіргі кезде Тамды әулие кесенесінің маңы тәу етушілердің жақсы бір орнына айналған. Жергілікті халықтың айтуынша, бұлақ суының дәмі бөлек әрі жылдың барлық мезгілінде де бір қалыпта тұрады екен. Сол көлшіктің ішінде балықтар тіршілік етуде. Ал, тағы бір аңызда Тамды әулиенің Қызыр бабамен әңгімелесе алатын қасиетінің болғаны баяндалады. Олардың кездесіп, сұхбат құратын жері Тамды әулие бұлағының басы екен дейді. Бұл аңызда бір ананың ұлы және қызымен Қызыр әулиемен кездескені, Қызыр бабаның Тамды әулие бұлағына екі балық жібергені жайлы айтылады. Бүгінде көптеген елдің түсінігінде сол екі балық әлі де бар. Сондай-ақ, көпшілік бұл жердегі барлық балықтардың Қызыр баба жіберген балық екеніне сенеді. Сол сияқты Тамды әулиенің бала кезінде Қаратаудың теріскей бетінде бір байдың қозысын баққаны, жолбарыс келіп қозыны жеп кеткенде Тамды әулиенің куәлікке тауды шақырғаны жайлы аңыз да ел есінде сақталған. Ал енді сан түрлі аңызға арқау болған Тамды әулиенің нақ өзі кім болған?!. Кесене маңдайына жазылған Абу Муса Аш-Қәри кім?!.

Қаратау өңірін зерттеп жүрген тарихшы Сәулембай Әбсадықұлы «Тамды әулие тағылымы» деген мақаласында бір дерек келтіреді. «VІІ-VІІІ ғасырларда арабтар ат ізін Орта Азияға бұрғанда бұл жерде түркілердің ұрпағы дәуірлеп тұрған. Қарудың күшімен ала алмасын білген жаугерлер қазақтың сахарасына сахабаларын жіберіп, дін исламды насихаттап, бір Аллаға сыйынуды мұраттаса керек-ті. Сондай сахабаларының бірі – Әбу Мұса әш Қари осы Қаратаудың қалың қорықты, қиятасының үстіне келіп, алып ағаштың көлеңкесінен сая тапты деседі. Асатаяғымен жерді нұқыса аспанға су атқылап, жерге ақ жауын тамған. «Тамды, тамды», деп шуласқан түркілер... Тылсым табиғаттың тілін тапқан, ақ киімді, ақ сәлделі қария содан бастап Тамды әулие атанса керек. Осы араб, бергісі парсыда қари деп үлкен ілімді, білімді адамды атайды. Ол былайша айтқанда, білгіш, әулие дегенге келеді. Ең сұңғыла білімділері – пайғамбарлар әрине, Әбу Мұса әш Қари (Тамды әулие) пайғамбар емес, сахабалардың бірі. Үш құрлықтан жаяу-жалпылап жеткен әш Қари әулие бұлақтың беткейінде көз жұмған», деп толғайды.

Тарихтан алатын тағылым көп. Мейлі ол аңыз болсын, тарихи дерек болсын, бәрі де қазақ деген ұлы халықтың құнды мұрасы. Бүгінде Тамды қалашығы мен Тамды әулие кесенесінің тарихы байланыстырыла айтылады. Егер шынымен әш Қари сахаба Қаратау беткейіне келіп дүние салып, кесене әулиенің құрметіне тұрғызылған болса, онда ол Иассауиден бұрын өмір сүрген болып шығады. Бірақ, алғашқы аңызда Тамды әулие Иассауиге шәкірт болып жүрген адам ретінде суреттеледі. Дегенмен, аңыз түбінің де ақиқатқа барып тірелетіні белгілі. Тіпті Тамды әулие кесенесінің Тамды қалашығына қатысы жоқ болуы да мүмкін. Алайда ашылмаған көп ақиқат, талай тарихи сыр алдағы күндердің еншісінде.

 

Жамбыл облысы