Коронавирус • 26 Наурыз, 2020

Бас бостандығынан айырылғандар бетперде тігуде

511 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев жұмыс сапарымен Аршалы кентінде орналасқан ЕЦ-166/5 төтенше қауіпсіздік мекемесіне барды. Жұмыс сапары барысында министр осы мекеменің өндірістік алаңында медициналық бетперде жасау процесімен танысты.

Бас бостандығынан айырылғандар бетперде тігуде

Айта кетейік, бұған дейін Е.Тұрғымбаевтың тапсырмасы бойынша ҚАЖК «Еңбек» РМК колонияларында бетперделер тігу жұмысы ұйымдастырылған еді. «Еңбек» республикалық мемлекеттік кәсіпорны осы бұйымдарды дайындауға сертификатталған рұқсат алды.

Стандартқа сәйкес, қорғаныс құралының материалы гипоаллергенді саналады. Шаңнан қорғау қасиеттеріне ие. Сонымен қатар ауаны жақсы өткізіп, жұқпалы аурулардың тәуекелдерін азайтады.

Қорғану бетперделерін ішкі істер органдарының қызметкерлері пайдаланады. Олар медицина қызметкерлерімен бірге карантиндік іс-шараларға қатысып, елде енгізілген төтенше жағдай кезінде қоғамдық тәртіп пен аса маңызды стратегиялық нысандардың қорғанысын қамтамасыз етеді.

Бетперделерді тігуді жаппай іске қосу мақсатында еліміздегі барлық аймақтарда орналасқан ҚАЖК мекемелерінде тігін цехтарының қызметі жандандырылды. Мыңнан астам тігін станоктары мен машиналары іске қосылды. Онда тәулігіне 50000 дана бетперде тігілуде. Бүгінгі таңда қазақстандық колонияларда 130000-нан астам бетперде өндірілді.

«Коронавирус жағдайы қоғамымызды біріктіріп, одан пенитенциарлық жүйе де шетте қалмағанын атап өткім келеді. Бүгін мен Аршалы кентіндегі мекемеге бардым. Онда бетперде тігу цехында 40 адам жұмысқа орналасқан. Өздеріңіз көріп отырғандай, санитарлық талаптар сақталады, бетперде тігу материалдары бар. Сотталғандар елде қалыптасқан жағдайдың маңыздылығын түсіне отырып, екі ауысымда жұмыс істеуге дайын. Мен ҚАЖК-нің және «Еңбек» РМК-ның басшылығына сотталғандарға жалақы төлеуден басқа, оларды ақшалай сыйақымен көтермелеуді тапсырамын», – деді Е.Тұрғымбаев.

Ішкі істер органдарының барлық жеке құрамы ерекше режимде жұмыс істейді. Медицина қызметкерлерімен тығыз қарым-қатынаста карантиндік іс-шараларға қатысуда. Күн сайын жасақ қызметіне 15000-нан астам полицей, құтқарушылар мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері түседі.

Соңғы жаңалықтар