Дәл осы жарын есебін тибет ламалары әлі күнге дейін қолданады. Өйткені, олардың көне кітабындағы діни ғұрып-рәсім орындау мезгілі ежелгі жарын есебімен жазылғандықтан, осылай істеуге мәжбүр. Олардың айтуынша, бұл есеп біздің қазіргі жыл санауымыз бойынша 1027 жылдан басталады.
Қазақ халқы ислам дінін қабылдағаннан кейін байырғы түркілік жыл санау есебіне аздаған өзгеріс енгені байқалады. Мұсылманша жыл санау Ай фазасының өзгерісіне икемделгендіктен оны қабылдау оңай болған сияқты. Өйткені, мұсылмандар қолданған хижра жылының ай есебі – туар ай немесе синодтық ай есебінің негізінде жасалған. Бір айы – 29 тәулік 12 сағат 44 минут 3,0 секундқа тең. Әр айдың басы орақ мүсіндес жаңа туған айдың көрінген сәтінен басталады. Бұл құбылысты тұрақтандыру үшін хижра айлары – 29 немесе 30 тәулік болып алмасып отырады. Сол себепті хижра жылында – 354 тәулік жай жылдар және 355 тәулік кісебе жылдары болып бөлінеді. Бұл есеп біздің қолданып жүрген күнтізбеден (бір жылы 365 немесе 366 тәуліктен тұратын) 10-11, кейбір жылдары 12 тәулікке қысқарады.
Осы орайда өткен тарихымызды біліп, болған оқиғалардың уақытын нақтылап, көне қолжазбаларды зерттеумен айналысатын адамдар үшін «хижра» жыл есебін, қазіргі қолданып жүрген «григориан» жыл есебіне айналдыру тәсілін, жыл қайыруды білу өте қажет.
Мысалы, Әбу Райхан Беруни хижраның 363 жылы туған делік. Осыны бүгінгі жыл санауға айналдырайық. Ол үшін хижра жылын 33-ке (бұл екі жыл есебінің айырмасы) бөлу керек. Содан шыққан санды хижра жылынан алып таста да, жаңа санға 622 санын (хижра жылының басы) қос. Нәтижесі:
а) 362: 33 = 11,
б) 362 – 11 = 351,
в) 351 + 622 = 973 жыл.
Әбу Райхан біздің жыл санауымыз бойынша 973 жылы туған екен.
Ж = X – (X : 33) + 622
Енді «григориан» жыл есебін «хижраға» айналдырып көрейік. Мысалы, сіз 1965 жылы туғансыз. Ол үшін:
а) 1965 – 622 = 1343
б) 1343 : 33 = 42
в) 1343 + 42 = 1385 хижра жылы
Ескерту: санды 33-ке бөлгенде нәтиже қалдықпен шықса, қалдық 17 санынан көп болса, нәтиже бүтін санға айналдырылады. Қалдық 16 санынан аз болса тек бүтін бөлігі алынады.