Коронавирус • 26 Наурыз, 2020

COVID-19: Вирустық геноцид жəне індеттің əлемдік демографияға əсері

39 реткөрсетілді

БҰҰ-ның есебінше, былтыр əлем халқының ұзын саны 7, 7 млрд-қа жеткен-ді. Биыл бұл меже 7, 8 млрд-ты құрауы тиіс болатын. Алайда жаһанды жаулаған коронавирус демографиялық конъюнктураға түзетулер енгізді. Күн санап пандемияның географиясы кеңейіп, оның құрбандары артып барады. Жер ғаламшарындағы ресурстардың шектеулі екенін ескерсек, бұл құбылысты əлеуметтанушылар қалыпты жағдайға топшылап отыр. Əйтсе де демографтар жұқпалы індетке адамзатты тамырымен жоюға бағытталған вирустық геноцид деген баға берді.

Вирус "Кəрі құрлықты" жасарта ма?

26 наурыздағы жағдайға сəйкес, вирусқа ұшырағандардың саны əлем бойынша 470 мың адамнан асты. Демек, бұрыс көрсеткіш жарты миллионға жуықтады. Өлім-жітімге келсек, дерттен 21 297 адам қайтыс болса, 115 мыңдай адам аурудан айыққан. Науқастанып жатқандар 335 мыңнан асады. Оның ішінде 14 795 адамның халі ауыр жəне орташа ауыр жағдайда.
Бұл ретте жас ерекшелігі үлкен маңызға ие. Неге десеңіз, халықтың жас құрылымы пандемиядан болатын жалпы өлім-жітімге айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Осы факторды негізге алған демограф Илья Кашницкий Еуропа аймағында оның ықпалы анық байқалған айтады.

"Зерттеу жұмыстарына Италиядағы мəліметтер алынды. Себебі бұл - вирустың қарқынды тараған Еуропадағы алғашқы мемлекет. 17 наурызда осы елде 2003 өлім тіркелді. Италиядағы өлім-жітім көрсеткіші Еуропаның өзге өңірлерінде қайталануы мүмкін деп болжануда. Жалпы сырқаттанғандардың қатарын халықтың үштен екісі құрауы ықтимал. Сол секілді пандемиядан қайтыс болу тəуекелі жоғары адамдар да есепке алынды. Бірақ та ескерте кетейік, бұл нақты болжам емес. Зерттеудің басты мақсаты - халықтың жас құрылымындағы ерекшеліктерді салыстыру. Жүргізілген талдау əлсіз аймақтарды анықтауға мүмкіндік берді. Əсіресе адам шығынына Италия, Германия жəне Испания ұшырауы ғажап емес. Өйткені бұл елдер де егде жастағы тұрғындар көп. Назар аудартатын жайт, қазір сырқаттанғандар мен өлім деңгейі үлкен шаһарларда тіркеліп жатқанына қарамастан, індет стихиялық сипат алған жағдайда қарттары басым шалғай өңірлерге таралу қаупі бар. Бұл "кəрі құрлықтағы" карантин науқанын созудың маңыздылығын тағы көрсетеді", - деп фейсбуктегі парақшасында ойымен бөлісті И.Кашницкий.

Эпидемиялық қақпан

Əлемдегі демографиялық яки миграциялық ахуалға қатысты сараптамалық материалдар бұған дейін де "Egemen Qazaqstan" басылымында бірнеше рет қаузалды. Жарық көрген мақаланың бірінде "Мальтус тұзағы" теориясын келтірген едік. Теория авторы ортағасырлық ағылшын экономисі һəм демографы Томас Мальтустың еңбегінде стихиялық өсімді тежейтін фактор ретінде – соғыс, кедейлік және эпи­демиялық ауруларды қарастырған. Өкініштісі сол, қазір адамзат аталған тəуекелдердің бірімен бетпе-бет соқтығысып отыр.
Осыдан он мың жыл бұрын дүние жүзі халқының саны миллионның айналасында болса, қазір бұл көрсеткіш – 7, 7 млрд. Тұрғындардың тығыз қоныстануы соңғы он жылда қарқын ала бастады. Жыл сайын жұмыр планетада адам саны 80-90 млн-ға көбейіп жатыр. Еуропа елдерінде қарттардың қарасы қалың. Кәрі құрлықта бұл көрсеткіш – 27%.
БҰҰ-ның болжамына сенсек, алда­ғы уақытта урбанизация үрдісі бұдан бетер қарқынды өрбиді.
Еуропа сыртқы миг­рация арқылы демографиялық ахуа­лын жақсартқаны рас. Десек те коронавирустың қашан ауыздықталатынын дөп басып айту қиын. Егер де байырғы тұрғындардың көпшілігін індет ажалы құшса, сырттан келген келімсектер олардың орнын алмастыруы мүмкін. Себебі жоға­ры­да көр­сетілгендей "Кәрі құрлықта" жас­тар­дың үлесі 30 пайызға да жетпейді. Демек, гендік қорға мықтап көңіл бөлу қажет. Бұлай дейтініміз, COVID-19-ға қарсы вакцина əзірге табылған жоқ. Қауіпті індетке төтеп берудің амалы жеке гигиенаны сақтап, карантин уақытында қоғамнан оқшаулану. Түйіндей келгенде, қазір ұлттың сапасы сыналатын кезең.

Соңғы жаңалықтар

iPhone 12 Pro рендері шықты

Технология • Кеше

Ұқсас жаңалықтар