Қоғам • 26 Наурыз, 2020

Алматыға ақшамен кіріп-шығуға болатыны туралы ақпараттар расталған жоқ

295 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Алматы полициясы қаланың шекарасынан ақылы түрде өту мүмкіндігі туралы әлеуметтік желілерде тараған хабарлардың ешқайсысы расталмағанын мәлімдеді.

Алматыға ақшамен кіріп-шығуға болатыны туралы ақпараттар расталған жоқ

Алматы Полиция департаментінің хабарлауынша, қалада карантин басталғаннан бері карантиндік аймаққа ақылы кіруге болатыны туралы әлеуметтік желілерде тараған 6 постты тексерген.

«Біз әлеуметтік желілер мен қоғамдық көңіл-күйді тәулік бойы қадағалап отырамыз. Шекарадан ақылы түрде қалаға өткізу мүмкіндігі туралы хабарламалар келген жағдайда жедел шаралар қолданылады. Қалада карантин енгізілгеннен бері 6 ақпараттық пост тексерілді ­­ және олардың барлығы да расталмады: бір жағдайда – еркек әйелдердің әңгімелерін естіп, бұл өсектерді өз парақшасына салуды ұйғарды, екінші жағдайда – хабарламаның авторы Фейсбуктегі өз парақшасына мас күйінде ойына келген қиялын жазған. Өкінішке қарай, бұл фактілер қазірдің өзінде алдау мен танымалдықты іздеуде жалған ақпарат таратып, қоғамды әдейі адастыратын азаматтардың өзіндік санасының төмендігін айғақтайды», – деді Алматы қалалық Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қанат Таймерденов.

Алайда, Алматы полициясының бастығы жалған хабарламалардың авторларына қатысты қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 274-бабы 4-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын атап өтті. Төтенше жағдай кезінде жалған ақпарат таратқаны үшін үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жауапкершілік көзделеді.

«Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан кез келген өмірлік маңызды жағдайда заң ережелерін ұстану керек және оларды шешудің басқа әдістерін іздемеу керек. Қазіргі уақытта қаланың периметрі бойынша құрылған 27 жол тосқауылындағы жағдай тұрақты екенін толық жауапкершілікпен айтамын.  Полиция қызметкерлері және осыған атсалысып жатқан басқа да қызметтердің өкілдерімен, ең алдымен, ақпараттық-кеңес беру жұмыстары жүргізілуде. Сыбайлас жемқорлық сипатындағы фактілер тіркелмеген. Азаматтардың түсінгені маңызды: бүгінгі күні қабылданған шаралар тек қоғамның денсаулығы мен берекесі үшін.  Біз бұл аурумен бірге күресіп, оның таралуына жол бермеуіміз керек», – деді полиция полковнигі.

Сонымен қатар, спикер полиция қызметкерлерінің заңға қайшы немесе сыбайлас жемқорлыққа қатысты әрекеттері туралы ақпарат беруге болатын телефон нөмірлерін хабарлады: 254-40-84;  254-40-77 және 8-707-927-67-69.

«Сондай-ақ, жалған ақпарат таратқаны және жалған айғақтар бергені үшін қылмыстық жауапкершіліктің бар екенін ескертеміз. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер тек объективті ақпарат беретін алаң ретінде қызмет етуі керек, бірақ іс жүзінде бұл басқаша», – дейді Қанат Таймерденов.