Кітап оқу о бастан хоббиім еді. 9-сыныпта оқып жүргенімде бір қызық жағдай болды. Алматының орталық базарынан ЦУМ-ға дейінгі көше бойында ұзыннан ұзақ кітап сатылатын. Тұп-тура жайма базар. Қысы-жазы бірдей кітап жәрмеңкесі болып жатады. Әлгі базарды сұмдық жақсы көрдім. Өйткені ылғи сол жерден кітап аламын. Қыстың бір күні. Базар жағалап келе жатырмын. Келе жатып, қалыңдығы екі елі болатын кітап көзіме оттай басылды. Бала күнімнен тек қана қалың кітаптарды оқитынмын. Жұқа кітаптарды өзімше менсініңкірей қоймаймын. Іздегенге сұраған дегендей, әлгі қазына көп кітаптың ішінен менмұндалап тұр. Мұқабасында «Тау мен дала хикаясы» деп жазылған. Сыртында айдың суреті, оның бер жағында бидайдың сабақтары бейнеленіпті. Әйелдің шашы жайылып кеткен, айдың үстінде отыр. Осы сурет маған сондай ұнады, ішін оқып көруге ынтықтым. Кітаптың бетіне үлкен әріптермен «Шыңғыс Айтматов» деп жазылған. Бұрын естімеген есімім. Бағасын қарасам, қымбат екен. Оқушының қалтасына сай емес. Айналшықтап әлгі кітаптың қасынан кете алмай қойдым. Күні бойы сол маңайды торуылдадым. Аңдығаным – әлгі кітап. «Біреу сатып алып кетер ме екен» деп зәре-құтым қалмады. Қайта-қайта келіп қарап кетемін. Келемін де ашып, бірнеше бетін оқып аламын. Ертеңінде, одан арғы күні тағы келдім. Ақырында кітапты «ұрлап алсам ба екен?» деген арам ой келді. Сол оймен келесі күні базарға тағы келдім. Адамдар әжептәуір жиылып қалған. Кітапты қолыма алып, оқығансып парақтадым. Ешкім мән бере қоймады. Қолтығыма қысып былайырақ шығып едім, маған тағы да назар аударған ешкім болмады. Әркім өз шаруасымен әуре. Білдіртпей кетіп қалуға таптырмайтын мүмкіндік. Бірақ бұрын-соңды ұрлық жасап көрмеген соң қиын болады екен. Кетейін десем, аяғым қозғалмайды, қатып қалған. Жүре алсамшы... Не істесем болады? Бұл кітапты алмасам, ұйқымның қашарын біліп тұрмын. Содан не де болса тәуекел деп, алға жайлап жылжып көріп едім, сатушы қарамады. «Алып кел» десе, қайтып берейін деп тұрмын. Тілегімді табиғат та қолдағандай, дәл сол кезде қылаулап қар жауа бастады. Қар жауған соң ешкімнің ешкіммен жұмысы болмай, әбігерге түсіп кетеді ғой. Базардағылардың бәрі заттарын апыр-топыр жинастырып жатыр. Мен болсам көпшіліктің ортасынан ақырын жылыстай бердім. Байқаған ешкім болмады. Сонда да артымнан біреу қарап тұрған секілді, жиырылып алғанмын, дем ала алмаймын. Тек алға қарай жүгіре басып жүріп келемін, жүріп келемін. Бір кезде жүрегімді қолыма ұстағандай болып, жайлап артыма қарасам, біраз жер ұзап кетіппін. Базар алыста қарауытады. Содан екі өкпемді қолыма алып үйге қарай жүгірдім келіп. Сәтін салғанда мені ешкім байқамады. Келдім де, кітапты бас алмай оқып шықтым. Мен күткеннен де қызық кітап екен. Ішіндегі кейіпкерлерінің барлығын жаттап алдым. Шығарманың баурап алғаны соншалық, өзге бір әлемде жүрген сияқтымын. Содан кейін-ақ қуансам да, қайғырсам да әлгі кітапты ашып оқи бастаймын, жастығымның астына жастанып жатамын. Бұл – менің өмірімдегі алғашқы және ең соңғы ұрлығым болды (күлді).
* * *
Белгілі актриса Ғазиза Әбдінәбиева – менің курстасым. Студент кезінде ол өте нәзік әрі қорқақ еді. Жатақханада Майя деген қыз екеуі бір бөлмеде тұратын. Қонаққа жиі баратынбыз. Кейде қарнымыз шұрылдағанда әдейі тура тамақ піскен кезде әрнені сылтауратып кетпей қоямыз. Қипақтап отырып аламыз. «Кет!» дей қоймасын білеміз. Бір күні екі қыз ет асып жатыр екен. Бұл хабар келгесін тұрамыз ба? Дереу іске кірістік. Қырсыққанда біреуі – бөлмеде, екіншісі етті қарауылдап, ас пісіретін бөлмеде жүр. Әнуар Боранбаев досым қылжақбас еді. Ас бөлмеден жоғалған тамақты жұрт Әнуардан көретін.
Аңдып жүргенін сезіп қойса керек, қыздар да күзетті күшейтіп, пештің қасынан шықпай қойды. Әйтеуір бір кезде екеуі бөлмелеріне бұрыла бергенде, Әнуар етті лып еткізіп ыдысымен қоса ала жөнелді. Буы бұрқыраған тамақты дастарқанға қойып, енді жеуге ыңғайлана бергеніміз сол еді, есік қағылды. Ғазизаның даусы. «Аш та, аш!» деп дүңкілдетіп жатыр. Сасқанымыздан етті табағымен төсектің астына тыға салып, үстіне отыра кеттік.
– Қайда кәстрөл? – деп кіре айғайды салды Ғазиза. Біз: «Түк білмейміз», деп бой бермейміз. Дауласып тоқтамас па едік, төсектің астынан буы бұрқыраған еттің иісі танауды жарып бара жатыр. Ал мойындамай көр?!
* * *
Төленді деген курстасымыз ауылдан қазы алып келді. Қазы болғанда да керемет қазы. Қыс кезі еді. Төленді оны «көктем шыққанда жейміз» деп көзімізді қызартып, терезенің теміріне іліп қойды. Аузымыздың суы құрып, қарадық та қойдық.
Көптен күткен көктем де шықты. Әлі күтіп жүрміз. Төкеңнің ет асып беретін түрі жоқ. Бір күні қарасақ, қазының майы тамшылап тұр. Баяғы торсықтай қалпынан кішірейіп, шөгіп қалыпты. Ақыры... болмаған соң ұрлауға көштік. Төленді ұйықтайтын кезді күтіп жүріп, ақыры ұрладық. Дереу қазанға салып, астық. Балбырап тұрып бабында әбден пісті. «Портвейн-12» деген шарабымыз да бар. Ол кезде «портвейн» ішу екінің бірінің қолынан келе бермейтін. Әдемілеп дастарқан жасадық. Макаронын салып, «дайын болды-ау» дегенде Төлендіні шақырдық.
– Төке, келе қал, азын-аулақ дастарқан жайып едік, дәм татсын деп шақырдық, – деп бәйек болып ертіп келдік. Төрге отырғыздық. Шараптан бір рөмке құйып: «Тағамның алдында бір алып қой», деп ішкізіп жібердік. «Ал енді бата жаса» деп дастарқанға қазыны әкелдік. Бетін ашып қалып едік, Төкең түнеріп тұрды да қалды. Түрі өзгеріп сала берді. Қазыға қарап сілейіп әлі отыр. Бір кезде стақанды ала салып Әнуарға лақтырып еді, ол бұғып қалды да, шыны ыдыс қабырғаға тиіп күл-парша болды.
– Өзім асып берейін деп жүр едім, – деп өкпелеп талай күн жүргені бар Төкеңнің...
* * *
Театрға ағаш келген жылы әскерге шақырып, борышымды өтеуге кеттім. Не керек, Владивостоктан бір-ақ шықтым. Әскери театрға шақырылып, сонда бардым. Кілең орыстардың арасындамын. Қараторы болған соң, грузин, өзбек, түрік сияқты рөлдерде міндетті түрде ойнаймын. Көбінесе гастрольдік сапарда жүреміз. Сондай бір сапарда пойыздың дәлізінде тұрған жүзі таныс біреу жылыұшырай қарады. Көзіме оттай басылды. Өзіміздің қазақ екен десем, өзбек екен. Таныса келе, олардың бір вагон қауын-қарбыз әкелгенін, оны сату керек екенін білдім. Сатуға көмектесуімді сұрады. Келістім.
Ол жақта қауын-қарбыз деген таңсық. Жұрт бір күн бұрын кезек алып, сатып алады. Көмектесіп жатқанмын. Адамдардың бетіне де қарамаймын. Таразыға өлшей салып, сақ-сақ салып беремін. Сондай қызу жұмыс үстінде біреу қатқыл дауыспен: «Сколько стоит?» деді.
Таныс дауыс. Аяғынан басына қарай ақырын көз аударып қарасам, театр бастығы. Ол да маған тесіле қарап қалыпты. «Қайдан көрдім?» деп таңырқап тұрғаны белгілі. Қалай өлшегенімді білмеймін, әйтеуір қарбызды қолына ұстаттым. Артына қарағыштай-қарағыштай кетті бастық. Танып қойса, ұят әрі ыңғайсыз болғалы тұр.
Бастық кете салысымен 5-6 үлкен қарбызды көтерген бойда оның бөлмесіне келдім. Басқа кілтпен аштырып, дастарқанға әлгі әкелгендерімді қойып шығып кеттім де, бұрышта бақылап тұрдым. Бастық келді. Есігін ашты. Сосын артқа қайта шегініп, есіктің нөміріне қарады. «Басқа бөлмеге кіріп кеттім» деп ойласа керек. Мен шыға келдім де, қолын алып амандастым. Ішке кірдік. «Бағана мені танымадыңыз ба?» дедім дереу.
– Жоқ, – деді бастық таңдана.
– Сізге қарбыз сатқан мен едім...
– Сен не істеп жүрсің онда?
– Жерлестер келіп қалыпты, соларға көмектескенім ғой, – дедім қызара.
Бастық біразға дейін мені көрсе күліп жүрді.
* * *
Кәріс режиссері Мен Дон Уктің режиссерлігімен «Қар қызы» қойылымы сахналанатын болды. Әуелде Нұржан деген жалғыз-ақ кейіпкер болатын. Соңғы нұсқасында Оралхан Бөкей Нұржанды Бақытжан, Аманжан, Нұржан есімді үш кейіпкер етіп шығарды. Маған бұйырғаны – Бақытжан болды. Нұржан мен Аманжанды ойнау міндеті – Досхан Жолжақсынов пен Алтынбек Кенжековке жүктелді. Қар қызын Шолпан Сіргебаева ойнады. Ал Қоңқай шалдың бейнесі Қасым Жәкібаевтың нұсқалауында қазақ сахнасындағы жаңалық кейіпкер болды. Тынбай ізденудің арқасында спектакль сондай ұтымды шықты. Әртістердің рақаттанып ойнайтын қойылымдардың біріне айналды. Ішіне не салсаң да сыйып жататын тынысы кең, ауқымы алапат қойылым еді ғой. Сонда бір таңғалғаным, спектакль сахнада қанша рет ойналса, Оралхан сонша рет өзі қатысып, қойылымның бел ортасында жүретін. Артық-кем тұсын айтып, актерлер ойыны жайындағы өз пікірімен үнемі бөлісіп отыратын. Біздің актерлік ансамбліміз де қызық еді. Әр қойылым сайын бір-бірімізге айтпай, өзімізше іштей дайындалып келеміз де, сахнадағы серігімізді тығырыққа тірейміз. Көбінесе, мен жасырын дайындалып келіп, ойынды тосыннан бастап кетемін. Әдеттегі дайындықтан бөлек, алдында не күтіп тұрғанынан бейхабар актер әуелде не істерін білмей аңырып тұрып қалатын да, өзінше бір әрекетке көшетін. Сондай қызық болатын. Алтынбек нұсқалайтын кейіпкер – Нұржанды үсік шалып, әл үстінде жататын тұсы бар. Сонда Досхан екеуміз Алтынбек-Нұржанның үсті-басын ысқылап, қармен уқалай бастаймыз. Ол болса, біздің алдағы уақытта не істемек ойымыздан бейхабар. Арпалысқан болып жүріп, Алтынбектің киімдерін шеше бастадық. Шешіндіре келе, шалбарына келген тұста Алтынбек шындап саса бастады. Бірінші пландағы актер ғой. Не істерін білмей, амалсыздан: «Қоя қойыңдар, шыққаннан кейін айтқандарыңды орындаймын», деп енді жалынуға көшті. Залда отырған Орағаңның кеңкілдеп күлген даусы шығып жатыр. Осы эпизод Орекеңе сұмдық ұнады. «Қар қызы» біздің театрда ұзақ жүрді. Жақсы, сәтті, ұтымды, дұрыс қойылған кейбір қойылымдар бір қойылғаннан кейін сол сахнасынан өзге театрларға көшпей қалып қояды. «Қар қызы» сондай спектакль болды.
* * *
Мәскеуде оқып жүрген кезіміз. Жатақханамыздың жанында мемлекеттік үлкен әмбебап дүкен бар. Сырттай бақылап өтеміз, есігінің алдында адам қарасы азайған емес. Ұзыннан ұзақ шұбатылған кезек. Содан «Бұл не қылған қанбазар?» деп дүкеннің жанына жақындап барып, мән-жайды білсек, заттарды қала бойынша арзандатып сататын жалғыз дүкен екен. Сондықтан да Мәскеудің барлық халқы осында келіп сауда жасайтын көрінеді. Мұны біліп алған бір топ студент қулыққа көштік. Күн сайын таңғы сағат төрттен тұрып, дүкенге кезек аламыз. Ортаға екі-үш адамды жібереміз де, және бір кезекті белгілейміз. Сөйтіп дүкен алдында кезек сатып, ақшадан біраз уақыт тапшылық көрмедік. Қарнымыз да тоқ, көңіліміз де көтеріңкі жүрді.
* * *
Бірде Қарақалпақстанға гастрольдік сапармен бардық. Ол жақта кештің батуы қызық, күн тас төбеге шығып тұрып алады да, лезде қас қарайып шыға келеді. Ымырттың қашан үйірілгенін тіпті де сезбей қаласың. Келген күні бірден спектакль ойнайтын болдық. Бірақ мезгілдің жаңағыдай қызығын түсінбей, бөлмеде жатып көзім ілініп кеткен екен. Әлден уақытта біреу тесіле қарап отырғандай сезілді. Шошып ояндым. Көзімді ашсам, қарсы алдымда шопыр жігіт отыр. Таңданғанымды жасыра алмай: «Неғып отырсың?» деп сұрап едім. Әлгі жігіт: «Спектакль басталып кетті, ар жақта сені алып кел деп жіберіп еді. Бағанадан бері ұйқыңды қимай отырмын», дейді жайбарақат.
«Спектакльді мен бастауым керек еді, енді не болмақ?..» Төсектен атып тұрып, жалаңаяқ күйімде театрға қарай жүгірдім. Бұтымда – тізесі шыққан «трико». Оған қарайтын мен жоқ. Зымырап келемін. Қонақ үй мен театрдың арасы едәуір жер болатын. Екі өкпемді қолыма алып ентігіп жетсем, бас режиссеріміз Маман Байсеркенов есіктің алдына тұрып алған, кіргізбейді.
Айналып екінші есікке жүгірдім. Шымылдық ашылып, қойылым басталып кеткен екен. Киімімді де ауыстырып үлгерместен, келген спорт костюмімен бірден сахнаға атып шықтым. Шығуын шыққаныммен, бір ауыз сөз есіме түсер емес. Тұрмын. Ұзақ үнсіздік. Ел күледі. Не істерімді білмей, серіктесім Досханға (Жолжақсынов – авт.) қараймын. Оны да күлкі қысып, қып-қызыл болып булығып кеткен. Сөйлей алмайды. Содан режиссердің бұйрығымен шымылдық жабылды. Перде жабылып еді, барлық сөзім есіме түсе кетті. Қуанып кетіп: «Шымылдықты ашыңдар!» дегенім сол еді, «Армандапсың, енді ашылмайды және біліп жүр сен бүгіннен бастап театрда жұмыс істемейсің!» деді қатқыл үнмен бас режиссер.
«Енді не істемек керек?..». Ұзақ ойланып тұруға уақыт жоқ. Қасымдағылар апыл-ғұпыл киіндіріп жатыр. Ойымды жүйелеп, репликама іштей дайындалып алдым да, сахнаға қайта жүгіріп шықтым. Бұл жолы жолым болып, мәтіннен мүдірмедім. Бір уақытта сыртқа шығып, үстіме қарасам, сол баяғы үйден келген «трикомен» тұрмын. Жалаң аяқпын. Бірақ, бастысы, үстімде пиджагім бар. Гримм бөлмесіне келіп, болған жайтты әріптестеріме екі езуім жиылмай баяндап бердім: «Осылай ұйықтап жатсам, шопыр келіп оятып тұр. «Спектакль басталып кетті» дейді. Содан атып тұрып, театрға жүгіріп келсем, Маман тұр, өзінше мені ішке кіргізбейді. «Ойнамайсың!» дейді. Мен: «Оттапсың! Ойнағанда қандай!» дедім де, екінші есіктен кіріп, сахнаға шығып кеттім...» деген сияқты сөздер кетіп жатты. Тыңдаушыларым да қыран-топан күлкінің астында қалған. Бір уақытта күлкілері сап тыйылды. Бірдеңе деп ымдап қояды. Түкке түсінер емеспін. Әңгімем таусылар емес. Сөйтсем біздің сөзіміздің барлығын бас режиссеріміз – Маман Байсеркеновтің өзі желкемізде тұрып тыңдап тұр екен. Жайлап артыма қарасам, «Неменеге жетісіп күліп отырсың? Театрдан кеткеніңе ме?», деді. Не дерімізді білмей, төмен қарадық.
Жазып алған
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»